«Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының 48 жеңімпазы анықталды
Мемлекет басшысының тікелей қолдауымен басталған Еріктілер жылы да аяқталуға жақын. Бұл ауқымды жоба аясында елдегі еріктілік қозғалыстың қарқыны өсіп, волонтерлік акциялардың саны бірнеше есе артқанын көрдік. Мемлекет үздік волонтерлік жобаларды қолдап, түрлі идеялар мен тәжірибелердің үлкен базасын құрды.
Жыл шеңберінде жарияланған еріктілердің байқауына қатысу үшін еліміздің түкпір-түкпірі және шетелдерден 768 өтінім түсіпті. Екі іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен қатысушылардың ішінен тәжірибелі қазылар алқасы «Жыл волонтері» халықаралық сыйлығының 48 жеңімпазын анықтаған. Олардың қатарында біздің жерлестеріміз де бар. Облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» қозғалысының төрайымы Хамида Турдыева «Корпоративті волонтерлік көшбасшылары» номинациясын еншілесе, жастар қозғалысының активі Станислав Насыров «Бейбітшілікті, достық пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін» номинациясын иеленді. Ресейлік және қырғызстандық волонтерлер да жеңімпаздар қатарынан көрінгенін айтуға тиіспіз.
Бүгін республикалық деңгейде, онлайн форматта белсенді жеңімпаздарға сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар, қайырымдылық пен бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арқалап, еліміздің дамуы мен өркендеуіне үлес қосып жүрген жаны жомарт жандарды көтермелейтін дәстүрлі «Жомарт жүрек» сыйлығы да үлестірілді.
Бірлігімізді нығайтып, ынтымағымызды келістіре түскен еріктілер жылына өлшеусіз үлес қосып, еңбектері еленген азаматтарды жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз!
Расында, осы жылы еріктілердің көмегімен көптеген шаруа атқарылды, талай сауапты іске сеп болды, көптеген қамкөңіл отбасы қуанды, талай жанның денінің саулығы үшін қаншама маңдай тер төгілді, біршама отбасы үйлі-күйлі болды.
Бір-бірімізге деген сыйластығымыз, пейіліміз, жарастығымыз үзілмесін!
Жамбыл облысы әкімдігі
ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы