Тараз қаласында «Бір шаңырақ астында» байқауы өтті

Ағымдағы жылдың маусымында Тараз қаласыгның Достық үйінде БАҚ қызметкерлерінің төл мерекесіне орай, «Бір шаңырақ астында» облыстық байқауының жеңімпаздары мен қатысушылары марапатталды.

Журналистерге арналған байқаудың негізгі мақсаты – этносаралық татулықты насихаттау барысында мемлекеттік саясаттың мәні мен мазмұнына тоқталу, ауызбіршілікті дәріптеу, сонымен қатар ұлттың болмысын аңғартатын дәстүрлердің озық үлгісін көрсету.

Сайысқа облыстық, аудандық, қалалық бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері және штаттан тыс тілшілер, жалпы саны 22 үміткердің жұмыстары қабылданды. Байқауға қатысқан журналистер түрлі ұлт өкілдерінің арасындағы мызғымас бейбітшілікті насихаттаудағы еңбектерімен сынға түсті. Байқау комиссиясы қарауына ұсынылған материалдар ереже талаптарына сәйкес іріктеліп, үміткерлердің жұмыс істеу тәжірибесі, материалдың маңыздылығы, мазмұндылығы, оны ұсыну тәсілі назарға алынды.

Байқау барысында «Ұлы шаңырақ» газетінің бас редакторы Саятхан Сатылған, облыстық «Магнолия» газетінің тілшісі Михаил Бунин және «Zhambyl news» ақпараттық агенттігінің директоры Гүлбаршын Құланбаева қатысушылардың еңбектеріне тоқталып, әділ төрелік етті.

Дәстүрге айналып үлгерген байқаудың жүлде қоры да қомақты. Бұл жолы байқаудың бас жүлдесі Қордай аудандық «Қордай шамшырағы» газетінің тілшісі Ләйлім Досымбековаға бұйырды. Жүлделі екінші орынды облыстық «Знамя труда» газетінің тілшісі Көкен Оршабеков қанжығасына байласа, қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің жас журналисі Арайлым Шабденова үшінші орын жүлдесімен марапатталды. Сондай-ақ, 16 журналист алғыс хаттарымен, арнайы және ынталандыру ақшалай сыйлықтарына ие болды.

Марапаттау рәсімінің шымылдығын «Шиват Цион» этномәдени бірлестігінің мүшесі, белгілі журналист Михаил Бунин ашты. Жүлдегерлерді облыстық ассамблея хатшылығының бас маманы Ұлтуар Қуанышбайқызы  құттықтап, журналистер қауымына ізгі тілегін білдірді.

Іс-шара соңы фотосессиямен аяқталды.

 

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

«Қайырымдылық керуені» жобасы аясында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы

Жамбыл облысының Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылында «Қайырымдылық керуені» жобасы аясында облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы қоғамдық келісім кеңесінің көшпелі отырысы өтті. 2020 жылдың 17 маусымында Сарыкемер мектеп-гимназиясында өткен жиынның басты тақырыбы ретінде«Байзақ ауданында жергілікті атқарушы билік органдары мен  қоғамдық келісім кеңесінің қоғамдық бірлік пен келісімді нығайтудағы өзара іс-қимылы»  алынды. Отырысқа облыстық, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері, ауылдық округ әкімі аппараты жанынан құрылған қоғамдық келісім кеңесінің төрағалары мен хатшылары, қоғамдық бірлестік, этномәдени орталықтарының жетекшілері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, медиаторлар, жастар, еріктілер, діни бірлестік өкілдері қатысты.

Төрт бағытқа негізделген жиын барысында аудан әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы Салтанат Иманова ауданның қоғамдық-саяси ахуалы бойынша баяндама жасады.  Баяндамада жас отбасылардың ажырасу мәселелері, жасөспірімдердің арасындағы құқықбұзушылықтардың, тұрмыстық дау-дамайлардың алдын-алу мәселелері көтерілді.

Облыстық  Қазақстан халқы ассамблеясы  Аналар кеңесінің  төрайымы Миражапова Мухаббат Сайдуллаевна ауданның ауылдық округтердегі аналар кеңестерінің төрайымдары «Отбасындағы әйелдер образы және тәрбие» тақырыбын ортаға салып, көп балалы аналарға өзара тәжірибе алмасу бойынша консультативтік кеңестерін берді.

«Қазақстан өңірлеріндегі этносаралық жағдай» тақырыбындағы фокус-топта облыстық «Қоғамдық келісім» КММ ғылыми сараптама қолдау бөлімінің бас сарапшысы Тапаева Альбина ауданның қоғамдық-саяси ахуалын зерттеу мақсатында тұрғындармен, ақсақалдармен еркін пікір алмасып, сауалнама алынып, тренинг жүргізді.

Сонымен қатар, еріктілердің жұмысыда назардан тыс қалмай,ауданның жастарымен, еріктілерімен «Еріктілер қызметінің жұмысы» тақырыбында  ойлар ортаға салынды.Облыстық «Қоғамдық келісім» КММ этносаралық  қатынастар саласында әдістемелік көмек көрсету бөлімінің әдіскері Ерханұлы Рахат ауданның еріктілеріне, облыстық Ассамблея еріктілер қозғалысының мақсат-міндеттері туралы ақпараттар мен мағлұматтар берді.

Менің Елбасым

Жамбыл облыстық ҚХА Журналистер клубының мүшесі, Тараз қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінің бас редакторы, қалалық мәслихаттың депутаты Эльмира Инаятқызы Мырза-Ғали

Менің Елбасым

     18 жыл өтіпті. Бұл фото 2003 жылы жарық көрген « Жамбыл облысының энциклопедиясынан» өзге жерде жарияланбаған. Біраз  жұрт «Эльмираның  тасы осыдан кейін өрге домалады» деп топшылайды екен. Кім білсін?!

Білетінім, Тараз қаласының 2000 жылдық тойында облыстық өлкетану музейінде жаңадан ашылған екі залдың экспонаттарын Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырып жүріп, қасындағы ешкімді байқамаппын, тіпті жұбайын да. Әйтеуір, Елбасының сұрақтарына осы музейде қырық жыл істеген қызметкер сияқты тосылмай жауап беріп, шығарып салып жатқанда Мәдениет министрі Мұxтар Құл-Мұxаммедтің бас бармағын көрсеткені есімде.

Ал шындығында, тойдың болатынына екі күн қалғанда, сол тұста облыстың мәдениетін саласын басқарған, белгілі қоғам қайраткері, жазушы-драматург Әлібек Әмзеұлы шақырып алды да: “Сен Президентке гид боласың” деді. Ол кезде мен аспирантураға түсуге дайындалып, сонымен бірге Облыстық Халық Шығармашылығы Орталығында редактор-сценарист болып жарты ставкада қызмет етуші едім. Алғашында сенбедім. Сосын басшымның еш әзілсіз, шын айтып тұрғанын қабағынан сезген соң: “Мен ол музейге әлі кіріп те көрген емеспін, қалай таныстырамын?” деп шегіншектемекші  болдым. Алайда Әлекең: «Мен облыс  әкіміне  сені  айтып  қойдым. Сенің қолыңнан  келеді. Бар, уақытты жіберме!» деп шорт қайырды.

Сол сенім  36 сағатта екі залдың ішіндегі тұнған тариxты бүге-шігесіне дейін бойыма сіңіріп, музей қызметкерлерінің тірнектеп жасаған еңбегін Елбасының алдында абыроймен таныстырып шығуға қуат берді..

Одан кейін бала күнгі арманым журналистикаға бет бұрып, тілшілік қызметте жүргенде өңірімізге іссапармен келген Елбасынан жұртпен бірге жапа-тармағай сұқбат та алдық.

Ал 2007 жылы Еуразия кіндігінде орналасқан ел мақтанышы – Астана төріне әр аймақтың редакторларын шақырып, елдің жайын сұрап, түйткілді сауалдарына  жауап беріп әдемі кездесу өткізгенде де, қатардан табылдық.       Тұңғыш Президентпен жүздесу бұйырған жандардың қай-қайсысы болмасын, оның ерек харизма, терең интелект, қуатты энергетикасымен сұқбаттасқан адамын баурап алатынын мойындайды.

Халқымыздың маңдайына біткен дара тұлға  дархан даланы мекен еткен халқының сенімін әрдайым ақтай білді. Ел мен Елбасының арасындағы сүйіспеншілікітің түп негізінде де сол селкеу түспеген сенім жатыр. Шекарамызды шегендеп, ядролық қару деген тажалдан бас тартып, бір шаңырақтың астында түрлі ұлт пен ұлысты ұйыстырған Тұңғыш Президентіміз туралы көп нәрсе айтуға да, жазуға да болады. Оның жолы – ұрпаққа үлгі.    Кім неге сенсе, соған жолығады. Сенім білдіруде сараң болмайық. Бізге сенгендердің сенімін ақтайық!

Елбасының көшбасшылық қасиеті – жастардың болашағына жарқын жол

Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ, Тараз қалалық Достық үйінің  басшысы Убайдуллаева Рано Махсұдқызы

Елбасын алғаш рет көруім – 2017 жылдың күзі еді. 2016 жылдың қыркүйегінде Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы жаңа Достық үйіне қоныстанған болатын. Араға бір жыл салып, 2017 жылдың 18 қыркүйегінде Тараз шаһарының орталығынан орын тепкен сәулетті ғимаратты Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзі көріп, бағасын берді.  Мұнда Президент өңірлік этномәдени бірлестіктер жетекшілерімен және белсенді мүшелерімен кездесті. Кездесу барысында Елбасы қазіргі таңдағы ең өзекті тақырып «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына тоқталды: «Қоғамды рухани жаңғырту мәселесі ешқашан дәл қазіргідей өзекті болған емес. Ақпараттық-сандық ғасырда бір орында тұруға болмайды, заман талабына сай жаңашылдықтарды қабылдап, өз-өзімізді жетілдіріп, өзгерістерге дайын болуымыз керек. Жеке тұлға ғана емес, жалпы қоғам бәсекеге қабілетті болуы тиіс»-деген Елбасының сөздері есімде қалыпты. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының бірегейлігін атап өтіп, латын әліпбиіне көшуді де тілге тиек еткен болатын: «Мен үнемі айтып жүремін, Қазақстанның дамуы елдегі бірлік пен тұрақтылыққа тікелей байланысты. Осы орайда латын әліпбиіне көшу халқымыздың бірлігі мен татулығын арттыра түсетініне сенімім мол»,-деген ой-пікірлері де әлі маңыздылығын жойған жоқ деп ойлаймын.

Сондай-ақ, күні кешегідей есімде, Нұрсұлтан Әбішұлы «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағындағы қазба жұмыстар кезінде табылған археологиялық ескерткіштерді тамашалап, Достық үйінің «алғыс ағашында» өзінің Жамбыл халқына деген ізгі тілегін қалдырды.

Елбасымен алғаш толғанысты кездесуім менің жүрегімде өшпес із қалдырды. Сол сәттегі Елбасына деген құрмет пен жауапкершілік атмосферасын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Президентпен бір кездесудің өзі көптеген біздің ҚХА жастарымыздың өмірін өзгерткенін білемін.. Елбасымыз өзінің өткір де, әрі жылы, жанашыр көзқарасымен-ақ, біздің жастарға күш-қуат бере білді. Түрлі этнос өкілдері қатысқан кездесуде мен Тұңғыш Президенттің мықты да, сындарлы саяси стратегиясын толық түсіндім.

Н.Ә.Назарбаевтың еліміздің әлеуметтік даму моделіне  айналған бейбітшілік, ұлттық бірлік және қоғамдық келісім идеясы, іргелі және жүйелі қалыптастырушы негіз екенін көрсете білді. Бейбітшілікті ту еткен Елбасының сол кезеңдегі саясаты, халықтар достығының нығая түсуіне күні бүгінге дейін өз үлесін тигізуде.

Жалғыз ғана кездесуімде Елбасының бойынан лидерлік лепті сезіндім және көшбасшылық қасиеттерін көрдім. Сондықтан, ең алдымен, жастар күрделі базалық білім алуға ұмтылуға және көшбасшылық қасиеттерге ие болуға тиіс. Келер ұрпақтың бойына осы қасиеттер дарыса, немесе бойынан табылса болашақ Қазақстанымыздың келешегі зор және көркейе түсері сөзсіз!

Арман алдамайды

Әр адам баласының өмірінде орындалуы мүмкін емес көрінетін бір арман болады. Менің де бала күнімнен көкейімде сондай бір арман болды. Тіпті кейде соны жеңу үшін «қандай мақсат қойсам болады екен алдыма?!» деп те ойлаушы едім. Бірақ бәрібір ол арманым маған алынбас қамалдай көрінетін. Сіздің осы арман туралы білгіңіз келеді ме? Ол менің Елбасымыз, Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен кездесіп, қол алысып амандасу болатын. Мен Елбасыны үлгі тұтамын, ол кісі арқылы өзімді тәрбиелеймін.

Алайда, арман алдамайды екен. Менің арманым орындалды. Тіпті артығымен десем де болады. Елбасымен ең алғаш Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессияларының бірінде кездестім. Кездесу деген жеткіліксіз-ау, Нұрсұлтан Әбішұлымен бір мінбеде қатар отыру бақыты бұйырды. Кездесуді армандаған мына маған, қатар отырғаным тіпті көңілімді қуаныштан күпті етті. Кеудемді мақтаныш кернеді. Елбасы қолымды қысқан кездегі сезімді айтсаңызшы?! Мен дәл осы күнге дейін қаншама еңбек етіп шаршағанымда, ұйқысыз күндерім де бәрі де ұмытылды. Шынымды айтсам екінші тынысым ашылғандай сезімде болдым. Ертеңгі күніме, алда жетер жетістіктерім мен армандарымның міндетті түрде орындалатынына көзім жетіп, сенімділігім арта түсті. Мен үшін барлығы тәтті түс секілді сезілді. Орындалмас арманымның алдында тұрған мен үшін қобалжу да заңдылық еді.  Арман қандай болсада ол үшін алға ұмтылудан танбау керек екен. Мен, арманымды бағындыра алмаймын деп сенсем де, еңбек етуден, алға ұмтылудан жалыққан емеспін. Және оған дәлел – менің тынымсыз еңбек етіп,  өз шаруашылығымды ашып, жемісін жеп мерейленіп отырғаным! Осылайша «Елбасымен кездессем!» деген кішкентай баланың арманы орындалды.

Маған Елбасымен кездесу құрметі екі рет нәсіп етілді. Екінші кездесуім өзімнің туған жерім – Тараз қаласында өтті. Елбасы біздің сәні мен сәулеті келіскен су жаңа Достық үйімен танысуға келген болатын. Елбасымен осы кездесудегі маған  тағы бір ұнаған және таң қалдырған тұсы – бәрімізді аса, зор зейінмен тыңдай алғандығында!  Бұл үлгі аларлық дүние. Ол уақыттың тығыздығы мен өзінің Президент бола тұра біздің әрқайсымызды зер салып тыңдап, ой бөлісуі менің ол кісіге деген шексіз құрметімді арттырып, сенімімді шыңдады! Мен сол сәтте осында ғажап адам басқарып отырған елдің ұланы екеніме іштей қатты қуандым. Оның жақсы тілегі, қолдауы менің болашаққа деген зор үмітімді оятып, қанаттандырды.

Мен, дәл осы күннен бастап кез-келген арманның орындалатынына және ол үшін алға ұмтылуды тоқтатпау керектігін ұғындым. Біз өз тағдырымызға өзіміз әсер ете аламыз. Өз болашағымызға өзіміз жауаптымыз. Тек дұрыс армандап, дұрыс әрекет ету керек, ағайын!

Елбасымен тамаша кездесулерден кейін менің басқа да алға қойған мақсаттарым орындалды. Оған түрткі болған, менің  ең үлкен арманымның орындалуы екені сөзсіз. Қазір айналысатын кәсібім бар. Сол арқылы мен де еліме өз пайдамды тигізсем екен деймін. Елбасы артқан сенімді, ел артқан сенімді ақтамауым мүмкін емес!

Махусеев Зайнуддин Абдулбахтиярович

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы

еркітілер орталығының жетекшісі,

 «Вынхуа» дүнгендер этномәдени бірлестігінің мүшесі

Жақсы сөз – жарым ырыс

Мен кішкентай кезімнен үнемі анама «мен міндетті түрде Назарбаевпен кездесемін!» деп сенімді түрде айта беруші ем. Жаратушы аузыма салған шығар, бәлкім, өзімнің өмірдегі нәсібім болар – Қазақ елінің басшысымен кездесіп, болашаққа нық сеніммен қарауды және өзімнің діттеген мақсаттарыма сүрінбей жетуді  үйрендім.

          Елбасы, тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты ең алғаш рет  көргенім –  2016 жылы 1 желтоқсанда  Астанада, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласында «Тәуелсіздік сарайында» өткен республикалық жастар форумына қатысқан кезім еді. Форумға Қазақстанның барлық өңірінен 1000-нан астам адам, соның ішінде кәсіпкерлер, өндірістің түрлі саласының еңбеккерлері, ғалымдар, студенттер, танымал спортшылар мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

Мен ол кезде М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің жап-жас студенті болатынмын. Сол жиында Жамбыл облысы жастарының атынан  спикерлердің бірі боп тіркелсем де, форумға қатысушылардың көптігінен  сөз сөйлеу мәртебесі маған  сол күні бұйырмай қалды, бірақ көңіл-күйімді түсірмедім, еңсемді биік ұстап, алда өзімді күтіп тұрған Елбасына қатысты басқа да  ырыздықтан  үмітімді үзбедім. Елбасын бетпе-бет көрудің өзі маған бір ғанибет болды.  – Жас ұрпаққа, өткеніміз бен келешегімізге қамқорлықпен қарау әрқашан менің саясатымның басты мән-маңызы боп келеді. Әрбір жас қазақстандықтың білім алуына, жұмыс істеуіне, отбасын құруына, баспана алуына мүмкіндігі бар,-деген сөздері әлі күнге дейін жадымда сақталып қалыпты.

Сондай-ақ, Тұңғыш Президентімізді екінші рет көруім – 2017 жылы, күз айында Жамбыл облысына, Тараз қаласының Достық үйіне келгендегі сапары. Елбасымен жүздесу мәртебесінің бұйырғанына тағы да  қуанышымда шек болмады.

Достықтың символына айналған қара шаңырақта өткен кездесу – аймақтық ассамблея мүшелері мен облыстық этномәдени бірлестік төрағалары, төрайымдары мен өкілдері, Аналар, Ақсақалдар кеңесі мүшелері Елбасымен кездескен,  ол кісінің әр бірлестік мүшелерімен  сұхбаттасып қал-жағдайларын сұрасқан, әр этнос өкілінің көкейінде нық сенім қалдырған бір тамаша күн болды десем артық айтпаймын.

Және мен де сол кездесуде жиынның спикері ретінде мемлекеттік тілімізде, жастарға байланысты сөз сөйлеп, туған жерімнің жастарының тыныс-тіршілігі жөнінде өз ойымды ортаға салған едім. Ол уақытта мен облыстық «JAMBYL-TV» арнасының орыс тілді тілшісі болатынмын. Сөзімді, ойымды баяндау барысында ол ғажайып адаммен тамаша диалог құрылды.  Мемлекет басшысы маған Жамбыл өңірі жастарының хал-ахуалы, мақсаттары жөнінде сауалдарын қойып, мен жауап беріп, бір есте қаларлық  керемет кездесу болған еді.  Және де сол сәтте, менің – өзіміздің орыс этносының ұлттық киімінде тұрғаныма сүйсіне қарап Елбасы:  -Мына келбетіңізге, ұлттық қиіміңізге қарап, қазақша қалай тамаша сайрап тұр деп қайран қалады екенсің?!- деп маған қуана, жымия қарап, тіпті қалжыңдағаны да бар еді. Туған елімді басқарып отырған осындай  Үкімет басшысының тілге деген құрметін, менің шала-шарпы қазақ тіліме ризалығын көріп, мемлекеттік тілді үйренуге деген зейінім мен құлшынысым одан ары күшейе түсіп, сол сәтте, іштей «мен, облыстық телеарнада енді тек қазақ тілді тілші боламын!» деген ой-мақсат туындады. Арман-мақсатқа жету мүмкіншілігі  адамның өзіне ғана байланысты ғой, ниет болса болғаны. Ғұлама Абай атамыз айтпақшы «ақырын жүріп, анық басып-ақ» бұл тілек-мақсатыма да жеттім-ау, ақыры?! Республикалық «Қазақстан» акционерлік қоғамы» Жамбыл облысындағы филиалы бойынша жергілікті «Қазақстан» телеарнасында «Бірлігіміз жарасқан!» атты мемлекеттік тілде өтетін тележобаның авторы болып, өз бағдарламамды қазақ тілінде жүргізіп, көптеген көрерменнің көзайымына айналдым.

Қазіргі уақытта  мен,  Жамбыл облыстық «Өрт сөндіру» мекемесінде, байланыс бөлімінің  бас маманы және Жамбыл облысының «Азаматтық қорғау» мекемесінің аға сержанты боп қызмет етемін. Қызметімдегі мемлекеттік тілде жүргізілетін іс-қағаздарына жауаптымын, және қазіргі уақытта қазақ тілінде еркін сөйлеп, өз ой-пікірлерімді әдеби тілде толыққанды жеткізе алатыныма іштей өз-өзіме риза боп жүрем.

Осыған қоса, аудандық, қалалық және облыстық деңгейдегі байқаулар мен іс-шараларға белсенді атсалысып, Жамбыл облысының «Жас Отан» жастар қанатынан, «Нұр Отан»  партиясынан, тілдерді дамыту басқармасы мен тілдерді оқыту орталығынан, Жамбыл облысы әкімдігінен алған  марапаттарым – алғыс хаттарым мен мақтау қағаздарым толассыз еңбек пен зор сенімнің дәлелі.

Президентпен бала кезімнен «жоспарланған» екі кездесу де менің жүрегімде өшпес із қалдырды.   Өмірде қандай да бір жетістікке жетсем, қандай да бір марапаттарға ие болсам осы бір жан-дүниесі ғазиз ғажап адамның арқасы!

Президент жолы маған ел игілігіне жасалатын  істерге – тың идеялар мен арман-мақсаттарға жол ашты!

Жамбыл облысы жастарының атынан айтарым – Елбасымыздың денсаулығы мықты боп, сындарлы саясаты өз жалғасын таба берсін демекпін!

                                                                                                                                                                                                                                                   Жамбыл облыстық «Радонеж»  орыс қауымдастығы»

 этномәдени бірлестігінің мүшесі,

«Жаңғыру жолы»

жастар қозғалысының  өкілі

Карташова Карина Сергейқызы

Есте қалған екі кездесу

    Кабиева Айгүл Кабиқызы –М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, Жамбыл облыстық ҚХА мүшесі, «Әулие-Ата» атындағы қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары

Есте қалған екі кездесу

     Мен өз басым Елбасымен он бір рет кездесіппін. Соның ішінде ең есімде қалған екі естелікпен бөлісетін болсам, ең алғаш рет 1996 жылы Тараз қалалық Ұлттық технологиялық институтының оқытушысы болып қызмет атқарып жүргенде Елбасы кезекті іс-сапарларының бірінде Тараз шаhарына келіп тоқтаған еді.

Сол жылы Жүсіп Баласағұн атындағы мәдениет сарайында әйелдер съезі өткен болатын. Институттан мені сол съезге делегат етіп жіберді.  Ғимараттың екінші қабатында біраз әйелдер тізіліп тұрған едік, баспалдақпен көтеріліп келе жатқан Елбасы көзі от боп жанып, тесіле қарап, дәл маған беттеп келе жатқандай көрінді. «Маған ба, әлде басқа адамға қарап келе жатыр ма мына кісі, о тоба?! Мәссаған, маған келе жатыр ғой?!» деп ойлап үлгергенімше, бірден маған төніп келіп,  қолын беріп амандасты, мен қателеспеппін. «Қай жақтансыз?» деді көзіме тіке қарап, «Технологиялық институттан келдім» дедім сасқанымнан.  Сол сәтте Нұрсұлтан Әбішұлы мені басқа облыстан келген делегаттардың бірі деп ойлаған болуы керек, әлде бір танысына ұқсатты ма, ойлы көзбен қарап, қолымнан біраз ұстап тұрып қалды.

Сөйтсем, Нұрсұлтан Әбішұлының қырағы көзі, алашқа тән жүрегі менің ұлттық нақышта оюланып тігілген камзолыма, кестеленіп тігілген жейдеме, түрлі тастармен көмкерілген  сырға-білезіктеріме түсіп, сүйсіне білгені екен.  «Шіркін-ай қазақтың барлық қыз-келіншектері де, ақ жаулықты әжелері де дәл осындай ұлттық үлгіде киініп жүрсе нұр үстіне нұр болар еді,ә?! Қандай тамаша, қараңыздаршы!»,-деп, жан-жағымда қаздай тізіліп тұрған нәзік жанды әріптестеріме масаттана, шаттана қарады. Мақтауды кім жек көрсін, Тұңғыш Президентіміздің көзіне түскен мен, сол бақытыма күні бүгінге дейін шексіз ризамын, Жаратқанға сансыз шүкірімді айтып жүремін.

Ғимараттан шығып бара жатқанда, тағы да жанарымыз түйісіп қалды. Маған жымия, риза көңілмен қарап бара жатқан көзқарасы кешегідей көз алдымда.  Керемет адам ғой, шіркін, бірегей ер-азамат, жүзінен нұр шашқан?!

Екінші кездесуім 2005 жылы Қордай ауданына келген сапарында  Тараз қаласында маған Елбасыны гүлмен күтіп алып, одан шығарып салу бақыты бұйырды. Үлкен жауапкершілікті сезгенім соншалық – Елбасының алдында аяқ-қолым дірілдеп, жүрексінгенімді жасырмаймын. Ұлт көшбасшысы бұл жолы мені айна-қатесіз таныды.

Жалпы, Елбасымен кездескен әрбір жанның өмірінде бір өзгешелік болады. Менің ғұмырымда өшпес із қалдырған бұл екі кездесу де, бұдан өзге тоғыз кез де лидерлік қасиетімді оятып, артымнан ерген өнер қырандарыма, аяулы шәкірттеріме білікті де данагөй ұстаз болуыма толағай септігін тигізді. Бұған қоса, киім кию үлгімді өзгертуіме – гардеробымды күні бүгінге дейін ұлттық стильде  түрлендіріп отыруыма да мол әсерін берді.

Жаны «қазақ» деп соққан Қазақ елі көшбасшысының денсаулығы зор, күш-қуаты семімесін!

Халқымызды төрткүл дүниеге танытып, нұрлы болашаққа жетелеген Елбасына айтар алғысым шексіз!

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлына тілек

Н.Ә.Назарбаевтың Елбасында өткен сынақ COVID-19 коронавирус инфекциясы оң нәтиже бергені туралы хабар менің жаныма қатты батты.  Короновирус індетіне шалдыққан ұлт көшбасшысы ғана емес, бүкіл Отанымыздың азаматтары шалдығуда.
Тәуелсіздік кезеңінде Елбасы денсаулық сақтау саласына басты назар аударып, республиканың барлық азаматтары үшін салауатты өмір салтын ұстану қажеттігіне тоқталды.
Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан халқына әрқашан ерекше ықыласпен және жылулықпен қарап, мемлекетіміздің өркендеуінің игілігін ойлады.    Сондықтан да болар,  Қазақстанның барлық  халқы Елбасының еңбегін қашан да жоғары бағалаған!  Өкінішке орай, адамдарға қамқорлық жасау, осы қиын уақытта ол өзі КОВИД-19-ға ұшырады. Бұл қиын кезеңдер бәріне дерлік әсер етуде.
Осындай қиын жағдайда денсаулықты қорғауға саналы түрде жалғастыру керек.  Біздің Елбасымыз бұл ауруды оңай жеңетініне сенімдімін, өйткені ол Тәуелсіздік  Қазақстанды құрғанда, біршама қиындықтарды халқымен бірге еңсерген мықты тұлға! Нұрсұлтан Әбішұлы күшті ерік-жігерінің арқасында бұл сынақтан да жеңіл өтеді деген берік ойдамын!
Тек Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін қауіп төндіріп тұрған дерттен сақтану шараларын одан сайын күшейту әрбір азаматтың парызы болсын! Елбасымыздың денсаулығының қалпына келуін тілейміз!
Құрметті қазақстандықтар, қадірлі жамбылдықтар, баршаңызды –  жақындарыңызды, елімізді жұртымызды сақтау үшін, қатаң түрде карантин режимін  сақтауға шақырамын!

“Жамбыл облыстық “Вынхуа” дүнгендер қауымдастығы” қоғамдық бірлестігінің мүшесі, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілі, Тараз қалалық №34-жалпы білім беретін орта мектептің директоры

Нұралиева Динара Хаттамовна

Аса Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!

Дүниені дүрбелеңге салған бұл дерттің сізді айналып  өтпегенін естіп  көңіліміз түсті. Жамбыл облыстық ҚХА «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділері Елбасының денсаулығына қатты алаңдаушылық білдіреді.
Нар тұлғалы азаматтың әлемді жайлаған бұл дертті жеңеріне біз жастар кәміл сенеміз және жастарға артқан үміттеріңіздің ақталар күнінің куәгері болуыңызға тілекшіміз!
Қазіргі таңда Елбасының жағдайының бірқалыпты екенін естіп шын жүректен қуанып отырмыз. Тек Қазақстан емес, әлем елдері күш салып күресіп жатқанын ескерсек, індеттің емі міндетті түрде табылары анық.
Жарқын болашаққа деген сенімімізді жоғалтпай, тәуелсіз елдің тұғырын қалаған Елбасымен бірге бұл күндерді артта қалдырайық!
Біз Қазақстанның Тұңғыш Президентіне күш-қуат, денсаулық және ұзақ жылдар қызмет етуін тілейміз! Жастардың сүйіспеншілігі мен мейірімі сізге күш пен батылдық береді, ауруды жеңуге көмектеседі деп шын жүректен үміттенеміз!