Болашақ үшін естелік

Болашақ үшін естелік

31 мамыр – ел үшін тағлымға толы тарихи күн. Айтулы сәтке орай, солақай саясаттың құрбанына айналған, қара халықтың басына түскен қасіретті күнді еске алу шарасының бастауы Тараз қаласындағы Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бойында саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтары қойып, бір сәт үнсіздікпен еске алумен басталды.

Рәсім барысында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының тарапынан гүл шоқтарын Рамзан Магомадов, Айгүл Кабиева, Алижан Мулладжанов және Лариса Калькова қойды.

Нәубетті жылдарды еске алу шарасы ары қарай «Достық үйі» ғимаратында өткен  «Болашақ үшін естелік» атты іс-шарасымен жалғасты.

Шараның мақсаты жазықсыз жапа шегіп, «Тар жол тайғақ кешу» кезеңінде  еліміздің егемендігі жолында жанын құрбан еткен азаматтардың рухына тағзым етіп, өнегелі іс арқылы өскелең ұрпақтың санасына, бойына отансүйгіштік, елжандылық қасиеттерді сіңіру болатын.

         Асыра сілтеу болмасын, аша-тұяқ қалмасын деген саясат КСРО құрамындағы бірнеше халықтың жан-жаққа  шашырап, ата-жұрттан жан сауғалап кетуіне  әкеп соқтырды. Дәл сол жылдары Қазақстанға неміс, поляк, кәріс және басқа да ұлттардан миллиондаған  адам күштеп жер аударылды. Қиын кезеңді басынан өткергеніне қарамастан, қазақ елі  жүз мыңдаған кінәсіз халықтарды жомарттылығы және қонақжайлығымен қарсы алды. Барын ауыздарына тосып, қолда бар тамағын бөлісті. Шаңырағына паналатты. Жетімін жылатпай, жесірін демеді. Соққы мен ашаршылықтан ауыр халде келген  адамдарды емдеп жазды.  Дәл осы бейнені жастар «Қанмен жазылған хат» атты қойылым  түрінде  көрермендерге ұсынды.  Солақай саясаттың құрбанына айналған ата-аналарын еске алған бүгінгі ұрпақ, өткеннің еміс естеліктері ойға оралып жанарлары жасқа толды.

         Театрланған қойылымның жалғасы хореграфиялық композициямен жалғасып мемлекеттік және орыс тілінде қуғын-сүргін құрбандарына арналған поэзиялар оқылды.

         Еске алу шарасы  барысында тарих ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры  Сейдахан Бақторазов, осы университеттің «Қазақстан тарихи» кафедрасының аға оқытушысы, тарих магистрі Рахат Тобаджанов және облыс әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова  сөз сөйледі.

         «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Иманжановна  өз сөзінде осынау атаулы датаның қаншалықты маңыздылығын, оның болашақ ұрпаққа қаз қалпында жеткізу біздің міндетіміз екенін ескерте келе бүгінгі күннің мереке емес саяси қуғын-сүргінге ұшыраған қаншама халықтың тарихын, өткенін еске алу күні екенін ерекше атап өтті. 

         Парида Иманжановна шара барысында осынау қасіретті күнді бала күнінде басынан өткерген, өткеннің естелігі еміс-еміс қана жадында қалған куәгерлер  мен бірқатар тарихтың тың деректерін ашып жүрген ғалымдарға сый-сияпат табыс етті.

         Еске алу шарасы соңында облысқа белгілі әншілер Әлішер Балтаев, Разия Нұржанова және «Жамбыл облысы немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Экатерина Щелкова туған жерге арналған әсем әндерін тарту етті.  

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы

Қазақтандағы 1932-1933 жылдары орын алған ашаршылық: оның себептері мен салдарлары

Қазақтандағы 1932-1933 жылдары орын алған ашаршылық халқымыз үшін орны толмас ауыр қасірет әкелді. Ғалымдардың келтірген деректеріне сүйенер болсақ, сол жылдары қазақтардың 40%-ына жуығы ашаршылықтың құрбаны болды. Ал бір миллионға жуық қазақтар Қазақтаннан тысқары аймақтарға жан сауғалап, қоныс аударуға мәжбүр болған. Осындай ғаламат зардаптарға душар еткен ашаршылық қазақ халқының генофондына орны толмас ауыр шығындар келтіріп, тек көптеген жылдар өткен соң барып қана елдегі халықтың саны сол бұрынғы қалпына келе алды.

Ал сол 1932-1933 жылдары болған ашаршылық «неліктен, қандай себептерге байланысты орын алды?» деген заңды сұрақ туындайды. Бұл мәселеге байланысты тарихшы ғалымдардың көзқарасы бойынша ашаршылық сол кездегі Қазақтанның Ф.И.Голощекин басқарған басшылығының ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде жүргізген орашолақ саясатының, орталықтың белгілеген мақсаттарын жүзеге асыру барысында кеңінен етек жайып, орын алған асыра сілтеушілігінің салдары деп бағаланады. Ал соңғы кездері түрлі бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде кең таралып жатқан келесі бір көзқарас бойынша, Қазақтандағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық Мәскеудегі орталық үкіметтің, атап айтқанда Сталиннің тікелей басшылығымен әдейі, қасақана ұйымдастырылған әрекет деп бағаланып жатыр. Өкінішке орай, бұл көзқараста ғылыми талдау жасау мен сараптаудан көрі, эмоцияға берілу, қайғы-қасірет пен ашуы-ызаға берілген пікірлер айту басымырақ келеді.

Сонымен, Қазақтандағы 1932-1933 жылдары орын алған ашаршылық қалай болды, бұл ашаршылыққа қандай жағдайлар, қандай себептер алып келді? 1927 жылдың желтоқсан айында Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының ХV съезді болып өтті. Бұл съезде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру (коллективтендіру) туралы шешім қабылданды. Бұл шешім 1928 жылдан бастап жүзеге асырыла бастады. Айта кету қажет, Қазақтандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру қазақтардың сол кезде жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысуымен байланысты туындайтын өзіндік ерекшеліктеріне ие болды. Сол жылдары Қазақтанда көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан қазақтарды күшпен зорлап отырықшыландыру саясаты жүргізілді. Бұл саясат та сол кездегі қазақтардың шаруашылық жүргізу тәсілі мен әлеуметтік жағдайын ескермей күштеп жүргізілген болатын. Қазақстандағы сол кездегі жағдайды ушықтырған мәселенің тағы бірі – астық пен ет тапсыру бойынша мемлекеттік тапсырысты орындаудан туындаған шиеленіс болды. Сонымен қатар, кеңестік билік тарапынан сол кезде ауылды жерлердегі жеке меншік иелерін – бай-кулактарды тап ретінде жою мақсатын көздеген шаралар да қатар жүргізілді. Тағы да бір айта кететін жайт, сол кездегі Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының Қазақстан өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И.Голощекин «Қазақстанда Октябрь революциясының әсері болған жоқ, тап күресі болмады, сондықтан Қазақстанда кіші Октябрь ұйымдастыру керек» деп санады. Бұл көзқарас – мағынасы жағынан сұрқия, елдегі қолдан жасалған миллиондаған адамдардың өліміне алып келген қатігез және сұрқия саяси концепция болатын. Ф.И.Голощекин өзінің осы «Кіші Октябрь» саяси концепциясын Қазақтандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастыру кезінде басшылыққа алып әрекет жасағаны даусыз.

Бірінші кезекте Қазақтандағы астық пен ет дайындау ісінің орындалу барысы қалай болғанына тоқталайық. 1928 жылдан кейін Қазақтанда астық пен ет жинау жоспарын күштеп орындау кең етек алды. Сталин 1928 жылы қаңтар айында Сібірге сапар барысында Новосибирск пен Омскіде сөйлеген сөздерінде астық пен ет жинау бойынша мемлекеттік жоспардың орындалуын қамтамасыз ету үшін РКФСР Қылмыстық кодексінің 107-бабын жаппай қолдануды талап еткен еді. Осыдан кейін елде астық пен ет жинау жоспарын күштеп орындау ісі қатігездік сипат алды. Аталған бапта астық пен етті сатып алу, жасыру немесе базарға шығармай ұстау арқылы бағасын қымбаттатқаны үшін қатал жазалау шаралары қарастырылған болатын. Голощекин 1929 жылғы 13 акпан күні өткен БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің алқалы мәжілісінде астық дайындау ісінде өзіне жеке шешім қабылдау құқығын беретін қаулы шығартып алды. Бұдан былай қарай елдегі астық пен ет дайындау ісі күштеп мәжбүрлеу, жазалау және қорқыныш, үрей туғызу арқылы жүргізілді. Елдің нақты тұрмысы мен шаруашылық жағдайынан хабарсыз Голощекин егіншілікпен айналыспайтын көшпелі малшылардан да астық өткізуді талап етті.

Астық дайындау ісі осылайша сорақы сипатта жүргізілді. Мысал келтіріп айтар болсақ, астық өткізуден екі жыл мерзімге босатылуы тиіс Түркістан облысындағы көшпелі мал шаруашылығымен айналысатын Талас және Созақ аудандарында күштеп астық даярлау жұмыстары жүргізілді. Ал кейбір жерлерде етке өткізілуге тиіс мал санының басы қолда бар мал басының санынан анағұрлым асып жатты. Мысалға айтар болсақ, Балқаш ауданында қолда бар малдың саны 173 мың болса, ал етке өткізілуге тиіс малдың саны 300 мың болып белгіленді. Аталған ауданның етке мал өткізу жоспары үш жылда 160 мың малдан 1,5 млн малға, ягни он есеге дейін өскен. Осылайша, «жергілікті жерлерде егіншілікпен айналыспағандарға астық, малы жоқтарға ет салығын салу кең өріс алды. Оны орындамаған жергілікті басшылар да, шаруалар да жазаға тартылды. Сол себепті ешкімнің ешкімді аямауы, әрқайсысы өз басын қорғау үшін жауапкершіліктен бас тарта отырып, басқаларды құбандыққа шалу үйреншікті қалыпқа айналды.»

Осындай жолмен сталиндік-сібірлік тәсілді басшылыққа алған Голощекин астық пен ет дайындау барысындағы жіберген қателіктерін байлар мен кулактарға қарсы күрес деген желеумен бүркемеледі. Осылайша аса қатігездікпен жүргізілген астық пен ет дайындау науқаны шаруалардың шаруашылығына ғана емес, олардың өмірлеріне де аса зор қауіп туғызды. Партия басшыларының жүргізген қатігез саясаты жергілікті жерлерде адамдарды шарасыздық күйге ұшыратып, үрей мен қорқыныш туғызды. Партияның арнайы және жергілікті өкілдері өздері жіберілген аймақтарда аталған 107-баппен соттау, түрмеге қамау әрекеттерін кеңінен қолданды. Ал 1932-1933 жылдары астық пен ет дайындау барысындағы жазалау шараларын одан әрі қатаңдатқан, көп жылға қамау және ату жазасын белгілеген бірнеше заң ережелері қабылданды. 1932 жылгы 7 тамыз күні қабылданған «Мемлекеттік кәсіпорындардың, ұжымдар мен кооперациялардың мүлкін және қоғамдық (социалистік) меншікті қорғауды күшейту туралы» заң жазалау шараларын одан әрі өршіте түсті. Аталған заң бойынша ату, немесе жазасын жеңілдетіп, мүмкін болған жағдайда мүлкін тәркілеп, он жылға бас бостандығынан айыру жазасы белгіленген еді. Осылайша қанқұйлы саясат жүргізген партия басшылары қарапайым халықтың күйзелісін одан әрі үдетіп, шегіне жеткізді. Әуелі мал, одан кейін адамдар жаппай қырылды. Мысал келтіріп айтар болсақ, Торғай облысында 1931 жылғы 100 мың бас малдан 1933 жылы бар болғаны 4 мың бас мал ғана калды.

Екінші кезекте Қазақтандағы байлар мен кулактарды тап ретінде жою мақсатының іске асырылуына тоқталайық. Байлар мен кулактарды тап ретінде жою бойынша тиісті шараларды даярлауға байланысты Қазақстан өлкелік партия комитеті жанынан үштік (орысша – тройка) деп аталатын орган құрылды. 1930 жылдың 23 қаңтар күні өткізілген алғашқы құпия мәжілісінде жаппай ұжымдастыру өткізілетін аудандардан бай-кулактардың қожалықтарын жер аударуды екі бағытта – Қазақстанның өз ішінде және Қазақстаннан тыс жерлерге қоныс аудару жоспарланды. Осы жоспарланған жұмысты ұйымдастырып, іске асыру үшін жергілікті жерлерде де жедел түрде үштіктер құрылды. Үштіктердің құрамына округтік партия комитеттерінің хатшылары, округтік атқару комитеттерінің төрағалары, ОГПУ-дің басшы қызметкерлері енді. Жергілікті жерлердегі бай-кулактардың отбасыларын есепке алуға үштіктерге он-ақ күн уақыт берілді. Бай-кулактардың отбасыларын жазалауға, жер аударуға байланысты барлық жұмыстар қатал, шұғыл және асығыс түрде жүзеге асырылып отырды.

Байлар мен кулактарды тап ретінде жою бойынша шараларды іске асыру барысында партия, кеңес және ОГПУ органдары және олар арандатып, айдап салған жергілікті шолақ белсенділер өз халқына қарсы аяусыз, қатыгез әрекеттер жасауға барды. Бұл бағытта әсіресе Қазақстан өлкелік партия комитеті жанынан құрылған байлар мен кулактарды тап ретінде жою бойынша шараларды жоспарлап дайындаған, құрамында Құрамысов, Асылбеков және Альшанский бар үштік комиссия ерекше, шектен тыс белсенділік танытты. Комиссия 1930 жылы ақпан айында байлар мен кулактардың қожалықтары жер аударылатын жері құнарсыз, қиян даладағы тоғыз аудан белгіленді. Бұл аудандар бұрын халық тұрмаған, өнеркәсіп орындарынан, темір жолдардан алыс, елсіз-сусыз, шөл және шөлейт аймақтар болатын. Бұл аудандарға бастапқы кезде шамамен 24 мың бай-кулактардың қожалықтары жер аударылатын болып белгіленді. Қысқасын айтқанда, сол кездегі үштіктердің қабылдаған шешімдері мен жасаған әрекеттері көптеген адамдарды қайғы-қасіреттерге душар етті.

Ал енді Қазақстандағы ауыл шаруашылығын ұжымдастырудың жүргізілу барысы қалай болды? Бастапқы кезде ауыл шаруашылығын ұжымдастыру ісі жалпы Одақ көлемінде жоғары қарқынмен басталып, әкімшіл-әміршіл жүйеге тән зорлап күштеу әдісімен жүргізілді. Бұл жергілікті жерлерде шаруалардың наразылығын тудырып, тіпті кейбір аудандарда шаруалардың көтерілісіне де алып келді. Оған мысал ретінде Қазақстандағы Созақ көтерілісін айтуға болады. Сол кездегі ауыл шаруашылығын ұжымдастыру ісіндегі орын алған зорлық-зомбылық пен асыра сілтеушіліктерге байланысты Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясының Бас хатшысы И.В.Сталин «Правда» газетінде өзінің «Головокружение от успехов» атты мақаласын жариялады. Ол өз мақаласында ауыл шаруашылығын ұжымдастыру ісіндегі орын алған келеңсіз әрекеттер мен зорлық-зомбылықтарды сынға алды. Осы мақаладан кейін жергілікті жерлерде күштеп зорлаудың нәтижесінде қабылданған шаруалар колхоздардан шығып кетті. Колхоздастыру жұмысының баяулауына байланысты орталық енді жергілікті кеңес органдарынан бұл бағыттағы жұмысты күшейтуді талап етті. Ауыл шаруашылығын ұжымдастыру ісі енді жер-жерлерде жаңа қарқынмен, аяусыз күштеп зорлау жолмен қайтадан жалғасты.

Қазақстандағы жаппай ұжымдастыру да жоғарыдан берілген бұйрықтар мен нұсқаулар, директивалар арқылы жүргізілді. Бүкілодақтық коммунистік (большевиктер) партиясы Орталық Комитетінің 1930 жылғы 5 қаңтар күні қабылданған «Ұжымдастырудың қарқыны және мемлекеттің колхоз құрылысына көмектесу шаралары туралы» қаулысында жаппай ұжымдастыруды Қазақстанда негізінен 1931 жылдың күзінде немесе 1932 жылдың көктемінде аяқтау міндеті қойылды. Тағы да Қазақстандағы жергілікті ерекшеліктерді ескерместен, белгіленген міндеттерді осылай жоғарыдан қысым жасау арқылы орындау әдісін қолдану басталды. Шаш ал десе бас алуға дайын Голощекин елдегі ұжымдастыру ісін барынша тездетуге тырысты. Ол науқаншылдыққа басып, республикада жаппай ұжымдастыру айлықтарын өткізді. 1932 жылдың 1 қаңтарында отырықшы аудандардың көпшілігіндегі ұжымдастыру 60-80%-ға дейін жеткізілді. Ал көшпелі қазақ ауылдарын ұжымдастыру бұдан да тез қарқынмен жүргізілді. Ұжымдастыру көп жағдайда күштеу, зорлау, қорқыту, жазықсыз жазалау әрекеттері арқылы жүзеге асырылып отырды. Қазақстанда ұжымдастыру қарсаңында 1 млн 218 мың шаруа қожалықтары бар болатын. Ұжымдастыру аяқталған соң, 1933 жылдың ортасына қарай олардың бар болғаны 628 мыңы ғана калды. Осыдан-ақ Голощекиннің күштеп ұжымдастыруының қандай ауыр зардаптарға алып келгенін аңғаруға болады. Дәстүрлі күнкөріс көзінен – малынан айрылған қазақтар аса ауыр жағдайға, ашаршылыққа душар болды.

Қазақстанда орын алған осындай сорақылықтарды Голощекин және оның айналасындағылар жасырып, бүркемелеуге тырысты. Бірақ орын алып отырған жағдайды өз басын отқа тігіп, ашық айтқан азаматтар да болды. Олардың қатарында сол кездегі Қазақстанның Халық Комисарлар Кеңесінің төрағасы Ораз Жандосов, РКФСР-ның Қазақстанның Халық Комисарлар Кеңесінің төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов және басқалар болды. Олардың қаққан дабылы ақыры өз нәтижесін берді. 1933 жылдың аяғына қарай Голощекин өз орнынан алынды. Казақстандағы жағдайды тексеру үшін орталықтан С.М.Киров бастаған партиялық комиссия жіберілді. Қазақстандағы халықтың ашаршылыққа душар болған ауыр жағдайына байланысты ұсыныстар айтылып, тиісті шаралар қабылданды. Ұлт ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған қазақ халқынан ғаламат қауіптің бұлты сейілді. Ал 1936 жылы Қазақстан РКФСР-ның құрамынан бөлініп, дербес одақтас республикаға айналды. Бұл жағдай сөз жоқ, 1991 жылы Қазақстанның еш қиындықсыз тәуелсіздік алуына өз ықпалын тигізді. Ал Голощекин болса, өзінің жасаған қылмыстары мен жіберген қателіктері үшін жауапқа тартылып, ату жазасына кесілді. Осылайша, оны ашаршылықтан опат болған миллиондаған қазақтың қаны жібермеді. Әрине, ашаршылықтың барлық қыры мен сыры, себептері мен салдары қысқаша ғана баяндаумен шектелмейді. Халқымызға ғаламат қайғы-қасірет әкелген бұл зобалаңның біз білмейтін, бірақ білуге тиіс астарлары мен қатпарларын зерттеп анықтау алдағы күндердің үлесінде.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік универстеті,

философия және саясаттану кафедрасының

аға оқытушысы Баярисов Режеп Оразбайұлы.

Қарашай-Балқар халқының қуғын-сүргінге ұшырауы

Қарашай-Балқар халқының қуғын-сүргінге ұшырауы және

Қазақстанға жер аударылуы

Анам айтатын…

(Естелік әңгіме)

Мен қуғын-сүргінді,зобалаңды көрген жоқпын. Менің анам Шидакова Муслимат Хажымұратқызы қарашай қызы 1943 жылы 2-3 қараша түні қарашай елінің қалай жер аударғаны жайлы бала кезімнен құлаққа құйып өсірді. Анам жер аударғанда 19-жастағы естияр жаста еді, өмірінің соңына дейін қазақ халқының жақсылығын айтып өтті.

«Шырт ұйқыда жатқан Учкулан ауылын түнгі 3-4 шамасында гүрілдеген машина дауысы оятып, үйден жүгіре шыққан адамдарды әр үйге бөлінген екі офицермен автомат асынған төрт солдаттар қоршап алған, айтылған талап ең керекті заттарды алыңдар деп, бір сағатта машинаға тиеп, сол кездегі Батталпаша станциясына, (қазіргі Черкесск қаласы) жеткізіп, мал тиейтін вагондарға орналастырып белгісіз жаққа ала жөнелді. Ер азаматтар соғысқа кеткен, қарттармен, жас балалар, сәбилер жолды көтере алмай өліп жатты, төрт тәулік есікті ашпай жүріп келіп Волга өзенінің көпіріне келгенде есікті ашқанда вагондағы бірталай адам лап ете кірген таза ауадан есінен танып құлап түсті. Қайтыс болғандарды бұрышқа бірінің үстіне бірін жинап қойған еді, соларды түсіріп алды, өзіміз жерлейміз деп. Есіктер жабылған сәтте поезд жүрмей жатып әскерлер мүрделерді аяқ-қолынан ұстап Волга суына лақтырды. Шулап жылаған халық жақындарынан осылай айрылып кете барды. Неткен қасірет.

Тағыда 3-4 күн жүріп Жамбыл ауданы Жетітөбе станциясына әкелді, сол жерден Қазақстан деген елді білмейтін, қазақ деген ұлтты білмейтін қарашайларды қазақтар өгіз арбамен, есек арбамен, түйе арбамен күтіп алды, үйлеріне бөліп кіргізіп алды. Бізге пана болған қоржын тамы бар Әпсейіт пен Әзімкүл деген кісілер еді, Әпсейіт соғыста, Әзімкүл 3-4 жасар ұлы Омарсейітпен біз әкем Хажымұрат, анам Хұраймат інілерім Оқап, Мұса, сіңілім Саният сол үйді паналап бір нанды бөліп жеп, бір қазаннан ас ішіп есмізді жиғанша бірге тұрдық, Омарсейіт әкесін аңсайма әкем Хажымұраттың қойнына жататын, міне қарашайлар елге көшкенде сол кісілер маған төркін болды, Әпсейіт соғыстан аман оралды, ал Омарсейіт өмір бойы жөні бойынша мені жеңге демей «әпке» деп өтті. Недеген дарқандық?!

Қазақ халқы өзі аш отырып соңғы нанын бөліскені недеген қайырымдылық десейші?! Қазақ халқы қайырымдылықты алғыс айтсын деп жасамайды, кең даласындай құшағы бар, пейілдері мейірімге толы, қиындық көргендерге қамқорлық жасау бұлардың ата-бабасының қанында бар, генінде бар, оларға қандай алғыс айтсаңда аздық етеді, алғыстың ең жақсысы жақсы азамат болыңдар, жақсы оқыңдар, адал еңбек етіңдер, қиянат жасамаңдар, еліңді, жеріңді, халқыңды сүйіңдер, үйлі болып жақсы ұрпақ өсіріңдер, міне сол қазақ елі үшін рахметің болады» – деп айтушы еді.

Анам өмірінің 19 жылы Кавказ елінде өтіп, қалған 70 жыл ғұмырын Шоқай аулында еңбек етіп, еңбегі еленген анам Еңбек Қызыл Ту, В.И.Лениннің 100-жылдық, 1941-1945 жылғы тыл ардагері, Еңбек ардагері медальдарымен марапатталды. Өз бауырында өсірген 7 ұл-қыздан 34 немере, 12 шөбере көріп 89 жасында бақилық болды. Бізде сол ана аманатына адалдық жасап жетеумізде жоғары оқу орнын бітіріп хал-қадірімізше еңбек еттік. Үлкен қызы Күлина, екінші қызы Гүлстан екеуіде Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері Қазақстан мемлекетінің құрметті ұстазы атағын алды, Райхан мен Розасы да майталман математиктер, Айдар құрылыс инженері, Жандары техника инженері, үлкен ұлы мен малдәрігері-зоотехник, ұзақ жылдар шаруашылықта істедім. Міне біздер бір анадан анамыздың көзі тірісінде 53 ұрпақ болып тарап отырадық, осылардың әрқайсысында анамыздың тәлім-тәрбиесі бар.

Өткенге көз салмай болашақты бағдарлай алмассың – дейді сол өткен жайлы кей мәліметтерді айта кетсем – деп едім.

Ең масқарасы сол қарашайларды депортация жасағанын білмей соғыстан азап шегіп жаралы болып әскерден ауылына оралғандарды үйлеріне кіріп алған жергілікті тұрғындар (грузии,свандар) жылы қарсы алып түнде өлтіріп үстіне шоқпыт киімдер кигізіп «бандит, сатқындар» деп НКВД-ға тапсырып сол үшін әжептәуір ақшалай сыйлық алып тұрған, осының бәрі ащы болсада шындық еді.

Соғысқа дейін Қарашай Халқының 80 мың халқы бар еді. Оның 15 мыңы соғысқа кетті, 2 мыңы труд Армияға алынды.

Қалған 63 мыңының – 20 мыңдай адамы жолда қырылып, аштықтан өлді, олардың көбі бала-шаға мен қарттар еді.

Бір мысал айта кетейін. Анам отырған вагондағы Байдымат пен сіңлісі Супият есімді қос қыздың Гапбола есімді әжесі және анасы мен жеті бауыры аштықтан өлді. Байдымат пен сіңлісі Супиятты қазақтар асырап алып күйеуге ұзатты. Байдымат 5-6 ұл қыз, Супият 9-ұл қыз өсіріп Қазақ елін Отаным деп, өсіп-өніп отыр, екеуінің де әзір көзі тірі. Солардың бірі Хамзатов Шонай еңбек Ардагері, ұзақ жыл Жамбыл облысы Пионер қой савхозында еңбек еткен, 6 айлық сәби кезінде анасынан, 8 бауырынан айрылды. Әр семьяда мұндай жағдайлар өте көп.

Тірі куәгерлердің мына әңгімесі тіпті жан түршіктіреді. Жолда азап вагонында төрт баланың анасы жан тапсырды, уақтылы жерге жеткен соң төрт баланы бір жертөлеге орналастырған адамдар ұмыт қалдырады, ертесіне есіне түсіп келгенде ең кішісін құшағына алып суықққа қатып өлген інілеріне қарап отырған ең ересегі «тыныш» олар ұйқтап жатыр, – деді, өзіде ұзамай жан тапсырыпты. Солардың әкесі кеудесін оққа тосып кім үшін жанпида етті екен, соңғы демінде балаларын ойладыма екен, жоқ әлде за Родину, за Сталина,- деді мекен.

Кейбір отбасылардан бірде-бір адам қалмады. Қазақ елі барынша көмегін аямады, жетім қалғандарды ұл-қыз етіп бағып алды, кейбіріне қазақша есім берді.

Осы Тараз қаласында өмір сүрген қызмет еткен, елге танымал болған Жетігенов Тілепалды, Нұртаев Аллаберген ағаларымыз Қарашай болып туылып Қазақ болып өмірден озды, артында ұл-қыздары өніп-өсіп жатыр.

1941-1945 жылғы соғыс жылдарында қарашай ұлтынан 15 адам Кеңес Одағының батыры атағын алды, соның екеуі екі мәрте Кеңес Одағының батыры атағын алды. Соның бірі танкі бригадасының командирі Днепрді қорғаушы Харун Богатырев, екіншісі аңызға айналған Белоруссияның Могилевщина орманындағы даңқты партизан полкінің командирі Осман Касаев.

Дәл осы уақытта Кеңес Одағының екі мәрте батыры Осман Касаевтың анасы азап вагонында аштықтан өлді, басқаларының аналары, әкелері, бауырлары, балалары жер аударылып, аштықтан, аурудан, суықтан қырылып жатты. Неткен қатігездік?! Үш қарашай әскері Москвада 9 мамыр Жеңіс парадына қатысты, сол жерден тұтқындалып Қазақстанға жер аударылды. Арнайы комендатурада жүріп, қазақ жеріне келген қарашай-балқар халқы бел шешпей еңбек етті, соның нәтижесі Жамбыл облысынан екі қарашай қызы Кеңес Одағының Еңбек ері алтын жұлдызын алды. Олар қант қызылшасын өсіруде әлемдік рекорд жасаған қарашай қыздары Шидакова Патия мен Курджиева Нурзуля еді. 1957 жылғы 9 қаңтардағы КСРО-ның Указы бойынша Қарашай-Балқар автономиясы қалпына келтіріліп отандарына оралуға жол ашылды.

Қарашай елі өз Отанына 14 жылдан соң оралды, біразы осында қалды, аралас некелер болды, қазақтармен құда болды, қазақ көршілерін, достарын қимады еңбек етті, ұл-қыз өсіріп тәрбиеледі. Қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанды өз Отаным деп өсіп-өніп жатыр.

Недеген кең пейілдік?!

Марқұм ағамыз Қазақстан парламентінің сенаты болған Тараз қаласының құрметті азаматы Арғынбай Бекбосынов ағамызбен бір әңгімелесу сәті туғанда, қарашайлар жайлы былай дегені есте қалыпты “Менің балалық шағым соғыс кезіне тап болды, Суханбай аулында жер ауып келген қарашай ұл-қыздармен бірге оқып дос болдым, олар кейін еліне кетті, кейін бір демалыста Киславодскі шипажайында демалып жатқанымда Айвазов деген досым келіп үйіне әкетіп екі-үш күн жібермей қонақ етті».

Қазақ халқынан көрген жақсылық, қамқорлық, мейірбандылық, қонақ жайлылықты бәрін сіздерден үйрендік, бойымызға сіңірдік біз қарашай елі осыларды ұл-қыздарымызға мұра етіп өсиет етіп айтып отырамыз. Қазақ халқына осыдан артық қандай баға берерсің.

Өмірден өтседе аманат еткен анам Шидакова Муслимат Хажымұратқызының атынан, Қазақстан Халқы Ассамблеясының Қарашай-Балқар Этносының атынан қазақ еліне, қазақ халқына баршаңызға бас иіп рахмет айтамын. Зобалаң күндер оралмасқа кетсін халқымыз аман, жұртымыз тыныш бейқұт заманда жасай беріңіздер деп тілеймін.

Жамбыл облыстық

Қарашай-Балқар этномәдени орталығының өкілі,

Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Исмаил Хаджимуратов.

#қуғынсүргін

 

Пусть всегда будет светлым будущее

День памяти жертв политических репрессий и голода – сегодня нашло отклик у всех, кому не чуждо боль и понимание бесчеловечности сталинского режима.

Учитывая масштабы потерь, создание Государственной комиссии по реабилитации жертв политических репрессий является своевременным решением в сегодняшних реалиях, которое способствует реабилитации и справедливой памяти еще тысячам жертв и пострадавших. Результаты данной комиссии станут отрадой не только для потомков, но и принесут пользу всей исторической и гуманитарной сфере нашего общества.

Нынешнее поколение должны знать и понимать человеческие ценности и не забывать прошлое нашего общества. Пусть больше никогда наш народ не испытает подобной трагедии. Пусть всегда будет светлым будущее! Нынешнее поколение должны знать эту печальную страницу истории, которое коснулось каждой семьи. Я поддерживаю обращение нашего Президента Касым-Жомарт Токаева и постараюсь как историк внести свой вклад в исследовании такой тяжелой для страны темы.

Исмаилова Замана, член научно-экспертной группы

АНК Жамбылской области,

представитель азербайджанского этнокультурного объединения «Мехрибан»

#қуғынсүргін

 

Қасіретті жылдар ұмытылмайды

Зұлмат жылдар. Зобалаң уақыт. Алапат аштық. Айтуға ауыр, естелігінің өзі есіңді алған тарихтың қиын-қыстау кезеңі. Осыны ұмытпау үшін бүгінгі ұрпақ 31 мамырда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алады. Бұл күн қазақ тарихында мерейі тасыған мәртебелі дәуірлермен қатар, тар жол тайғақ кешкен қасіретті кезеңдердің де аз болмағанын көрсетеді. Сонау қасіретті жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырап, жазықсыз жапа шеккен қайраткерлерді еске алып, рухына тағзым ету – болашақ ұрпақтың парызы. Тарихтан тағылым алып, биік мақсатқа бет алған ұлы халықтың ұлағаты осындай болса керек.

Еліміз тәуелсіздік алғалы құпия тақырыптарға түрен салынып, өзінің тарихи бағасын алып жатыр. Деректерге көз жүгіртсек, сонау 1928-1953 жылдар аралығында Кеңес одағында 4 миллионға жуық азамат репрессиядан жапа шеккен екен. Ал Қазақстан 103 мың адамынан айрылып, оның 25 мыңы ату жазасына кесілген. Негізгі тарихшылар саяси қуғын-сүргін үш кезеңге бөліп қарастырады. Алғашқысы 1928 жылғы Алаш қозғалысы өкілдеріне құрық салынған кезден бастау алады. Алды жер аударылды, кейінгі 44 адам тұтқындалып, оның үшеуі атылып кетті. Олардың қатарында Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов тағы басқа көптеген азаматтар болды. Оларға жалған айып тағылды.

Кеңестік кезеңде саяси қуғын-сүргінге ұшырағандар қатарында «өзгеше ойлайтын» «Халық жауларынан» басқа, туған жерден жыраққа күштеп көшірілген өзге ұлттың өкілдері де болды. Еліміздің орталық мұрағатының 1937-қорының 70-бумасындағы құжатта 1941 жылдың 2 қазанына дейінгі мəліметте Қазақстанға барлығы 24258 адам жер аударылса, Əулиеата өңіріне 2019 түрлі ұлт өкілі қоныстандырылған екен. Олардың арасында орыстар, украиндар, беларус, еврейлер, поляктар, немістер, латыштар, литвалықтар мен эстондықтар болған. Сол жылғы 18 қарашадағы мəлімет бойынша қазақ жеріне 159 944 адам жер аударылса, оның 10759-ы облысымызға қоныстанған. Ал осыдан он күннен кейінгі деректе жер аударылғандардың саны 306 376 адамға жетіп, Жамбыл жеріне табан тірегендер саны 18000-ды құрапты. Осы деректің өзі қазақ жеріне өзге ұлт өкілдерін қоныстандыру аса қауырт жəне жедел түрде жүзеге асырылғанын көрсетеді. «Бұдан кейін де Ұлы Отан соғысының барлық жылдарында еліміз сияқты өңірге жер аударылғандар қатары күн санап арта түсті» деп жазған өз зерттеулерінде журналист, өлкетанушы, мұрағатшы Мақұлбек Рысдəулет. Мақұлбек ағамыздың «Жамбыл облысы – 75. Жылнама-шежіре» атты тарихи-танымдық кітабында көптеген құнды деректер топтастырылған. Елімізге алғаш болып поляктар 1936 жылдан бастап көшіріле бастағаны және оның көптеген себептері бар екені анық көрсетілген. Ұзақ жылдар бойы беймəлім, құпия болып келген құжат Қазақстан Республикасы орталық мұрағатының 1137-қорында сақтаулы.

Депортацияланған халықтар ауыр жағдайларды бастан кешті. Қыстың қақаған аязынан ауру-сырқау, өлім-жітім көбейді. Бір түнде ешқандай себебін түсіндірместен жылы төсектен тұрғызып, аш-жалаңаш суық вагонға тоғытып, бұрын естіп-білмеген елге үдере көшіріп жібергенде бір-бірінен көз жазып қалғандар, жолай ауру-сырқаудан көз жұмып, бірі жесір, бірі жетім қалғандар қаншама.

Біз бұл күні саяси қуғын-сүргін құрбандарымен бірге ашаршылықта көз жұмғандарды да еске аламыз. Жүгірген аң, ұшқан құсты аулап азық ете алмай сансыраған жұрттың санасы тұманданып, адамды адам жеген алмағайып заман болды. Осылайша тұтастай бір ұрпақтың өсімі үзіліп қалды. Аштықты тереңдете түскен тәркілеу науқаны да халқымызға ауыр тиді. 1928-1929 жылдары «аша тұяқ қалмасын» деп ұрандатқандардың асқан қатыгездікпен жүзеге асырған дүрбелеңі еді бұл. Ресми деректердегі аштықтан қырылғандардың санын айтудың өзі ауыр. Ғасырлар бойы елдік пен ерлікті ту еткен қазақ зұлмат жылдардан аман шыққан ұлт үшін ол кезең тарихтың ақтаңдақтары болып қала берері анық.

Кейінгі ұрпақ бұл кезеңге «Ғасыр зұлматы» деген атау берді. Келесі жылы осы ғасыр зұлматына 100 жыл толады. Қалай десек те, зұлматты жылдардың зобалаңы ұмытылмайды!

Жамбыл облысы ҚХА мүшесі,

Әулие-Ата қазақ мәдени орталығының өкілі

Айгүл Кабиева.

#қуғынсүргін

Жамбылдың жалынды жастары

Бүгін Тараз қаласындағы Достық үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ және «Әулиеата қазақ мәдени орталығының» ұйымдастыруымен «Жамбылдың жалынды жастары» атты концерт өтті.

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шараның негізгі мақсаты – этносаралық қатынастарды нығайту, қазақ халқының дәстүрі, әдет-ғұрыптары мен мәдениетімен таныстыру.

Жиынға Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары, БАҚ өкілдері, Жамбыл облысы Әулиеата қазақ мәдени орталығының мүшелері және ЭМБ жетекшілері қатысты.

Мерекелік концерт барысында Берекет Қосбергенов Жамбыл Жабаевтың «Балама хат» жыр шумағын мәнерлеп оқыды. Сондай-ақ, жамбылдық жас жас өнерпаздар дүйім жұртқа өз өнерлерін паш етті.

Концерт соңы Тұрсынбек Диананың орындауындағы “Алтын бесік” әнімен тәмамдалды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Риддер, біз біргеміз!

Ағымдағы жылдың 10 мамырында Шығыс Қазақстан облысы Өскемен аймағы -Риддер қаласының әкімшілік аумағындағы Лесхоз кентінің орманды алқабын өрт жайлаған болатын.  Көңіл түсірерлік келеңсіз жағдайда, атап айтар болсақ, 5 көшеде 31 үй, 5 жеңіл автокөлік және шаруашылық құрылыстарының 7 жер телімінде, сондай-ақ, Техникалық қызмет көрсету орнын от шарпыған. Өртенген үйлерде 72 адам, оның ішінде 11 бала болған. Қазір 13 азамат жатақханаға, қалғандары туыстарының үйлеріне орналастырылды. Өртті сөндіруге 493 жеке құрам, 69 бірлік техника, 2 тікұшақ жұмылдырылған болатын.  Бұл орын алған жағдай жамбылдықтарды да бей-жай қалдырмады.  Осыған орай, Жамбыл облысы ҚХА-ның мүшелері мен этномәдени бірлестік өкілдері және «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы өрттен жапа шеккен аймаққа қол ұшын берді.  Қайырымдылық шарасына этномәдени бірлестіктер өкілдері мен облыстық ҚХА мүшелерінің  атсалысуымен барлығы – 300 мың теңге қаржылай көмек жиналды. Жаплы,  төтенше жағдай салдарын жою кезінде баспанасын тастап шығуға мәжбір болған барлық тұрғындарға Қазақстанның түкпір-түкпірінен  көлемі – 6,9 млн теңгені құрайтын өтемақы төленді. Қайырымды жандар көп болсын! Ел қауіпсіздігі шараларына мұқият болайық!

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

1938-1939-шы жылдар белесіндегі жаппай саяси репрессиялар ауқымының азаюы. Бұл процестің Әулиеата өңіріне әсері.

Сейдахан Бақторазов- М.Х.Дулати  атындағы

  Тараз өңірлік университетінің  профессоры,

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін

 зерттеу орталығының жетекшісі

Жамбыл облысы Қ ХА ғылыми –

 сараптамалық тобының мүшесі

Саяси репрессиялар, ХХ ғасырдың 30-шы жылдарының екінші жартысындағы кеңес қоғамының саяси өмірінде саясат пен биліктің құралы ретінде барынша күрделі және жан-жақты құбылысқа айналып, БК(б)П ОК мен Саяси бюроның  сталиндік тобына, партияның өз  ішінде және жалпы елде шын мәнінде немесе солай болуы мүмкін деп есептелінген қарсыластарына қарсы, саяси күрес арсеналының  маңызды бөлігі болып есептелінді.

Кеңестік  репрессиялық аппарат, бәрінен бұрын қарсыластары ретіндегі  топтың адамдарын анықтады, аталған топтың ойы бойынша олар басқа идеологиялық түсініктерді  тасушы және осы саяси тұғырнамалардың жақтаушысы бола отырып, партия мен мемлекеттің мүддесіне қарама-қайшы келетін еді. Бұл адамдар туралы мәліметтер, оларға қарсы айыптаулар өзіндік саяси тілде жеткізіліп,  оларға қарсы нақты іс-қимылдар жаңа саяси идеялар негізінде өрбіді( мыс: «таптық күрестің шиеленісуі», «үдей түскен сыртқы қауіп»). Бұл орайда күнделікті  болып жатқан оқиғалар туралы ақпарат елдің санасына жаңадан қалыптасқан қажетті сөз  тіркестері  арқылы, қайсібір  сәттерде үрей  туғыза  отырып  та жеткізілді .

Келесі  кезеңде  сот  және  соттан  тыс  органдар, негізінен ІІХК (НКВД)  органдарының күшіне,  яғни олардың қызметкерлері мен осы халкоматтың қарамағындағы арнайы әскери құрамаларға сүйене отырып өз  шешімдерін шығарып жатты. Аталған органдар репрессиялық іс-шараларды жүзеге асырудың құралына айналып – адамдарды атты, асты немесе бас бостандығынан айырды.

Партия мен қоғамның орта және төменгі деңгейлеріне тез арада  дұшпандық пиғылдағы адамдарды іздеп тауып, анықтау және жазалауға беру тікелей айтылды немесе жанамалап жеткізілді. Бұл орайда олардың бар – жоғы есепке алынбай, нұсқау тек бір бағытта ғана берілді – ондайлар болуы керек.

Қатардағы  партия мүшелері мен кеңес азаматтарына арналған саяси ақпарат көзі арнайы сөздіктерден тұрды, ол оқиғаларды біржақты бағалау мазмұнында болып, терең дағдарыс түсінігін (иллюзиясын) тудырды, тіпті әскери жағдайдың болу мүмкіндігін де жоққа шығармады. Осы арқылы партиялық және қоғамдық өмірдің аталған деңгейлерінде репрессиялық бағытты қолдаушы күштер біртіндеп қалыптасып жатты. Дегенмен, саяси репрессиялар да  барлық  басқа құбылыстар сияқты белгілі бір жағдайда пайда болып, белгілі бір тәсілмен дамыды және белгілі бір уақытта өзінің жойылу кезеңіне өтуі тиіс болатын. Бұл құбылысқа барынша көп адамдардың тартылуы оның ары қарай дамуында бір  тоқтамға  келуін меңзеген еді – не  қойылған  мақсатқа жетіп, бұрынғы  бағытты өзгерту,  не  бұл  процесті бақылаудан шығарып алу. Сонымен қатар, ІІХК органдары ролінің соншалықты асқақтатылуы билік басындағылардың күштерінің арасалмағын барынша бұзды, мұны бұлай бетімен жіберуге, әрине, болмайтын.

1938-ші жылдың  11-нен 20-сы аралығында өткен БК(б)П ОК қаңтар пленумында «Партия ұйымдарының коммунистерді партиядан шығару кезіндегі қателіктері мен БК(б)П қатарынан шыққандардың аппеляцияларына формальды – бюрократтық көзқарасы және осы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар туралы» мәселе қаралды. Пленумда  қабылданған  қаулыда, партияның  өткен  кезеңінде жағдайдың  бақылаудан  шыға  бастағанын  көрсететін  фактілер көп  келтіріледі.

Партиядан  шығару  жаппай  етек  ала  бастаған  кезеңдегі Әзірбайжан К(б)П ОК бір отырысында (мәжілісінде) 279 адамның партиядан шығарылуы   немкеттілікпен расталына  салған . Жаппай  партиядан шығару көп жағдайда негізсіз болған – осылай Куйбышев облысының бір аудандық ұйымындағы коммунистердің саны 210 болса, соның 50-і партиядан шығарылған, олардың 43-іне ІІХК органдары тұтқындау үшін ешқандай негіз таба алмаған»  [1].

Жағдайды түзеу үшін партия органдары мен ұйымдарына бірнеше талап-тілектер қойылды. «Жаппай, бас-көз жоқ партиядан шығаруды тоқтатып, іс жүзінде партиядан шығару мәселесін жеке қарастыру» тапсырылды. УК(б)П Киев обкомының бұрынғы хатшысы, халық жауы Кудрявцев партия жиналыстарында сөз сөйлеген коммунистерге үнемі «сіз, болмағанда бір адамның сыртынан арыз жаздыңыз ба?», – деп сұрақ қоятын. Мұндай арандатудың нәтижесінде Киевте қалалық партия ұйымының жартысына дерлік мүшелерін қаралайтын арыздар түскен еді, олардың көпшілігі дұрыс болмай, негізсіз жазылғандығы кейіннен анықталды.

Келесі бір мән берерлік сәт,  партиядан шығарылғандардың           аппеляциясының қарастырылмауы еді. Осылай, бірнеше обкомдарда, бірнеше мың қарастырылмаған аппеляциялардың жинақталып қалғандығына мысалдар келтіріледі. Осы тұрғысында обкомдар, өлкекомдар мен ұлттық компартия ОК-і «шығарылғандардың аппеляциясын қараудан бас тарта отырып, аукомдар мен қалкомдардың осы мәселедегі шешімдерін… аппеляцияға жатпайтын және түпкілікті шешімге айналдырды», – деп айыпталды. Сонымен қатар олардың «коммунистерге қарсы ойына келгенін істеген партия басшыларын да жазалаусыз қалдыратыны» атап өтілді. Осыған байланысты нақты шаралар ретінде, үш ай ішінде партиядан шыққандардың аппеляциясын қарап бітіру және партиядан шығарылғандарды бірден жұмыстан қууға тиым салынғаны туралы  айтылады. Партия мүшелеріне жала жапқаны анықталған адамдарды партиялық жауапкершілікке тарту ұсынылды  [2].

Осылай, пленум шешімдері бойынша репрессиядан ең көп зардап шеккен негізгі категория – партия  мүшелері негізсіз қудалаудан біртіндеп құтыла бастады.

Сәл кейін шегініп 1937-ші жылдың екінші жартысын «тұтқынға алу жартыжылдығы» ретінде,  ал, 1938-ші жылдың бірінші жартысын «үкім шығару жартыжылдығы» немесе атып – асу жартыжылдығы ретінде қарастырсақ, онда  соңғы ірі процесс ретінде 1938-ші жылдың 2-13 наурызы аралығындағы «антикеңестік оңшылтроцкистік блок» дейтіндердің ісін айта аламыз. Онда Н.Бухарин мен А.Рыковпен бірге сотталушылар қатарында әртүрлі саяси позициядағы 21 адам болды – бұрынғы троцкистер және ешқашан және  ешқандай оппозициялық топтар мен ағымдарға қатыспаған, бұрынғы одақтас республика компартиялары басшылары [3].  Процесте лениндік және ленинен кейінгі кезеңдердегі ірі партия лидерлерінің сотталуы билік үшін күрестің тәмәмдалғанын білдірді – сталиндік топ өзінің партиядағы шексіз билігін орнатты. Ал топтың өз ішінде И.Сталиннің жеке билігіне ешқандай шек қойылған жоқ. Елде ары қарай репрессиялық іс-шаралар жүргізе берудің, енді бұрынғыдай қажеттілігі  болмады.

Жаппай  репрессияларды доғару ісі ІІХК басшылығын ауыстырып, оның барлық бөлімшілерін партия аппараты бақылауына беруден басталды. Н.Ежов су транспорты халкомы орнына жылжытылды. 1938-ші жылдың тамызынан бастап ішкі істер халкомы болып Л.Берия жұмыс істей бастады. Тиісінше, ішкі істер органдарында «тазалау» жүргізіліп, осы саланың ірі басшылары  орнынан алынып, істері сотқа берілді. Шығарылған үкімдердің көпшілігі ең жоғарғы жаза болып, мұның өзі «уақыт талабына сай»  іс-шара ретінде түсінілді. Осы орайда көп жағдайда Н.Ежовтың орнынан кетірілуі,  сотталып ату жазасына кесілуі, сонымен бірге ІІХК–ның облыстық және аудандық деңгейден бастап, басқа да ірі басшыларының осындай тағдырға ұшырауы жаппай қылмыстың ізін жасыру ретінде  қарастырылып келді. Әйтсе де гәп басқада еді – тез арада ІІХК органдарындағы төтенше өкілеттіліктердің күшін жоймаған жағдайда, олар өз қарамағандағы құрылымдарға сүйене  отырып жеке саяси күшке айналуы және бақылаудан толықтай шығып кетуі әбден мүмкін болатын. ІІХК органдарына қатысты іс оларды орнынан ауыстырумен шектелген жоқ. И.Сталин қол қойған телеграмманың (мәтіні бойынша хат деуге келетін, нақты жіберілген күні белгіленбеген,) бірінші пунктінде БК(б)П ОК қабылдаған қаулы туралы айтыла келіп, ол бойынша тез арада барлық деңгейдегі ішкі істер  органдары қызметкерлерінің жеке істері жүргізіліп, бекітіліп оны тексеру тиісті деңгейдегі партия органдарына  – ұлттық компартиялар ОК-не, өлкекомдар мен обкомдарға тапсырылып, аталған жеке істер осы партия органдарында сақталынатын болды. Хатта, мұндай тексерудің нәтижесінде «ІІХК органдарын, саяси сенімге лайықсыз, алдау арқылы кірген, барлық дұшпан адамдардан тазарту керектігі»  [4]  атап көрсетіледі. Беріліп отырған кешенді іс –шаралар, ендігі жерде ІІХК қызметкерлерінің тиісті деңгейдегі партия органдары номенклатурасында болып, олардың алдында саяси тұрғыда тікелей жауапты екендігін білдірді. Хаттағы барлық пункттер 1.01.1939 жылға дейін орындалу керек болды.

1938-ші жылы басталған ішкі партиялық және қоғамдық өмірдегі сауығу процесі екіжақты мазмұнда болды – бір жағынан репрессиялық іс-шаралар ауқымы қысқартылып, ІІХК органдарына бақылау қойылса, екінші бір жағынан әлі де өз тағдырының не боларын білмей түрме түнегінде жатқандар жеткілікті болатын. Олардың қылмыстық істерін қысқартып, қамаудан босатуға әлі де ешкім асыға қойған жоқ.

БК(б)П  ОК Саяси  бюросының 1938-ші жылғы 15-ші қыркүйегіндегі шешімімен ерекше үштіктер бұрынғы құрамында қайта құрылды. Бұл жолы олардың қарауына «…тек 1938-ші жылдың 1-ші тамызына дейінгі істер беріліп, оны  екі айда аяқтау тапсырылды». Аталған уақыттан кейін тұтқындалған барлық адамдардың ісі сотталғандығына байланысты  тиісті сот органдарына беріліп…, сонымен қатар егер істерінде сотталатындай жеткілікті материалдар болмаса, ол істерді қайта тергеу арқылы айыпталушыны қамаудан босату керектігі ескертілді  [5].

Олай болса 1937-1938-ші жылдардағы сот істеріндегі жиылып қалған «үйіндіні» («завал») ақтару, шешім шығаруы  шапшаң үштіктерге берілді, олар болса өз жұмыстарына, әлі де желдің қайдан тұрып тұрғанын білмей кірісіп кеткен болатын.

Байқап қарасақ, жоғарыда келтірілген орталықтың қаулысы жаппай саяси репрессиялардың барлық эволюциялық процесін, яғни оның қалай пайда болып, қалай шырқау шегіне жеткеніне дейін және одан кейінгі бәсеңдеу жағдайын, қамтып тұрғандай.Ендігі мәселе осы саясаттың, осы жаңа бағыттың жергілікті жерлерде қалай қабылданатындығында және кең байтақ елде оның қалай жүзеге асырылатындығында болды. Бұрынғы барлық тапсырмалар қысқа уақыт ішінде орындалатын, әрине ол үшін қатты бас  қатырудың керегі болған  жоқ, ал мұндағы мәселе тіптен басқа, қиынырақ былайша бәрін өз қалпында қалдыру керек сияқты, бірақ солай болғанда да бәрін басқаша жасап, бұрын ескерілмеген факторларды есептеу керек болды.

Республика партия ұйымында қаңтар пленумы қойған міндеттер бірден түсінілмеді және бірден өмірге де еніп кете алған жоқ. Осылай, құжаттардың бірінде – 1938-ші жылдың 5-ші наурызында өткен совхоз жұмысшылары митингісінде оңшылтроцкистік блоктың үстінен жүргізілген процеске байланысты резолюциясы беріліп, онда: «ІІХК органдары мен сталиндік халком Ежовтың бандиттер мен баскесерлердің, шпиондар мен сатқындардың қылмысын ашқан жанқиярлық жұмысын қолдаймыз…Жоғарғы Соттың Әскери коллегиясынан олардың бәрін итше атып тастауды талап етеміз», – делінген [6]. Кейініректегі құжаттарда жағдайдың түзеле бастағаны білінеді. Оны Қастек қой совхозына байланысты мына бір құжат көрсетіп тұр, онда партиядан шығарудың, және жұмыстан негізсіз босатудың заңсыздығы мойындалған фактілер көрсетілген [7, с.188 – 189]. Біртіндеп сәуір-мамыр  айларында осы тақілеттес құжаттар партияның облыстық комитеті деңгейінде және ең соңында Қазақстан К(б)П деңгейінде де пайда бола бастайды.

БК(б)П ОК қаңтар пленумының негізгі мәселелерінің бірі коммунистердің партиядан шығарылғандығына байланысты аппеляциясын қарау болып табылды. Пленумның алғашқы талаптарының бірі партиядан шығарылғандардың кінәсін ашық және нақты дәлелдеп беру болды. БК(б)П ОК жанындағы Қазақстан бойынша ПБКӨ (УКПК) – ның партколлегиясының мәліметтерінде былай көрсетілген : Коммунистерді  партиядан шығару үшін 29 қылмыс түрі көрсетілген, ал оларды қайта қабылдау үшін 4 дәлел келтіріледі – айыптаулардың дәлелденбеуі, жала арқылы шығарылуы, негізсіз айыптаулар арқылы шығару және коммунисті тәрбиелеп оған жіберілген қатесін жоюға  мүмкіндік берілмеуі. 1938-ші жылдың 20-шы қаңтарынан 20-шы сәуірі аралығында ПБКӨ жанындағы партколлегия 239 істі қарады. Олар тиісінше: 1- қайтадан қабылдау; 71 айыптаулар дәлелденген жоқ.2-жала жабу материалдарына байланысты; 16-сы дәлелденбеді. 3- негіз болмауы себепті; 60-ы негізсіз, 4-тәрбиелеу және қателіктерін түзеуге мүмкіндік беру; 92 коммунист осы орайда ақталып шықты  [7, с. 194 – 195]. Яғни, барлық қарастырылған істер бойынша шығарылғандар партия қатарына қосылды. Әрине, бәрі бірдей түзеліп кетті деуге әлі ерте еді. Жалпы Қазақстан бойынша 1938-ші жылдың  20-шы қаңтары мен 15-ші сәуірі аралығында республикалық және облыстың партколлегияларға 1264  партиядан шығарылғандар аппеляция жасады. Олардың ішінен 703 коммунист партияға қайта қабылданып , 58 адам  партияға кандидаттыққа ауыстырылды [8].

Республика Компартиясы ОК деңгейіндегі саясат соншалықты өзгере қоймады. ҚК(б)П ОК республикалық ұйымның 2-ші съезіндегі есепті баяндамасындағы бөлімдердің бірі «Капиталистік  агентураның талқандалуы және Кеңес мемлекетінің нығая түсуі» деп аталды. Бұл бөлімде бұрынғы саяси ұстанымдар сақталынып, бұрын әшкерленіп қойған, енді еске алудың да қажеті шамалы «халық жауларына» қарсы шабуыл жалғаса түскен . Осылай Н.Бухарин мен А.Рыков процестерінің жаңғырығындай әртүрлі сөздер айтылды – троцкистік – бухариндік агентурамен бірге әртүрлі республикаларда буржуазиялық ұлтшылдар да жұмыс істеді, одан Қазақ республикасы да тыс қалған жоқ. Мирзоян, Исаев, Құлымбетов, Есқараев, Садуақасов және басқалар бастаған контрреволюциялық оңшыл троцкистік және буржуазиялық ұлтшыл ұйымдар герман-жапон фашизмнің агентурасы бола отырып Қазақстанды КСРО –дан бөліп әкетуге және оны жапон империализмінің  отарына айналдыруға тырысты». Ары қарай  – троцкистік –бухариндік – рыковтық және ұлтшыл-фашистік бандалар қанқұйлы фашизмнің қатарында болып, жапон – герман империалистері өзінің КСРО-ға шабуылының жоспарында қарастырған «бесінші колонна» құрғысы келген еді, – дей келе сонымен қатар олардың «Кеңес одағының әскери және экономикалық қуатын әлсірету мақсатында өнеркәсіпте, транспортта және ауыл шаруашылығында қаскүнемдік әдістерді кеңінен қолданып, диверсиялық әрекеттер жасағандығы» [9] айтылады. ОК есепті баяндамасында келтірілген басқа да осы сарындағы фрагменттер біраз мәселені  аңғартатындай. Мұнда сол уақыттың саяси лексиконы (сөз қоры) сол қалпында қалған десе де болады. Саяси тактикадағы өзгерістер нәтижесінде репрессиялық іс –шаралар  қолдану  ауқымы азайғанымен, жеңіп алынған позициядан ауытқушылық болған жоқ, мұны жалғасын тауып жатқан қылмыстық істерді қозғау да көрсетіп берді, тіпті ҚК 58 статьясының «жеңілдеу» статьяға ауыстырылуы  да жағдайды жақсартып әкете алған жоқ. Партия қатарындағы және мемлекеттегі репрессияларды барынша қатал қолдану кезіндегі қорқынышқа негізделіп қалыптасқан тәртіп, әлі де мызғымастай болатын.

10-21-ші наурыз аралығында өткен БК(б)П–ның ХУІІІ съезінде партияның жаңа Жарғысы қабылданды. Оның ХІІ-ші бөліміндегі «партиялық тәртіпті бұзғаны үшін қолданылатын шаралар», бірнеше міндеттер жүктеді. Осылай – «партияның бірлігін сақтай отырып, екіжүзділікке, фракциялық күреске және бөлінуге ұмтылған титтей болсын әрекеттерге қарсы ымырасыз күрес… барлық партия мүшелері мен партия ұйымдарының бірінші кезектегі міндеті болуға тиіс»  [10, с.107],- деп атап көрсетіледі.

Жарғының 73 пунктінде – «партиялық және кеңестік орталықтардың қаулысы тез және дәлме – дәл орындалуы» керектігі атап көрсетілді. Кері жағдайда ашық талқылаудан бастап, жауапты партия және кеңес жұмыстарынан уақытша шығарып тастау, одан кейін партиядан шығару, ең соңында партиядан шығарып қылмысына байланысты әкімшілік және сот талқысына тапсыру қарастырылды» [10, с. 108]. Келесі  пунктте шамамен осындай шаралардың ОК мүшелеріне қолдану жолы реттелді. Партия жарғысынан  келтірілген фрагмент  И.Сталиннің партияны  пікірталас клубы ретінде емес     «семсершілдер ордені» ретінде көргісі келетін  арманының жүзеге асқандығын білдіретіндей.

Оңтүстік Қазақстан аймағында қаңтар пленумының тактикалық және идеологиялық нұсқауларын жүзеге   асыру,  бәрінен  бұрын  партиядан  шығарылғандардың  аппеляциясын  қараудан  басталған  еді. Облпартколлегияның 1938-ші жылдың 1-ші қазанындағы есебінде  жағдайдың іс жүзінде қандай екендігі көрсетіледі.

«1938-ші жылдың 20-шы қаңтары мен 1-ші қазаны аралығында  559 аппеляция реттелген. Оларды шығарылған кезеңдеріне сәйкес бөліп, мынадай деректер алынды: 1. 1932 –34 ж.ж. шығарылғандар-110 адам… 24 партияға қайта қабылданды, немесе 22%… шығарылғандардың  61-кі дәлелденді немесе 55% . 2. 1935-1936 ж.ж. шығарылғандар-287 адам, қайта қабылданғаны –140, немесе 48 %,  91-нің шығарылғандығы дәлелденді немесе 32% …1937-ші жылы шығарылғандар, қаралғаны 104 аппеляция, қайта қабылданғаны – 57 немесе 55% … 36-ның шығарылғандығы дәлелденді немесе 34,6 %. 4. 1938-ші жылдың 9 айында, яғни БК(б)П ОК қаңтар пленумы қаулысынан кейінгі уақытта, 3-4 категория бойынша аукомдар шығарылғандардың 58 аппеляциясын қараған, олардың ішінде ҚК(б)П мүшелері 43, кандидаттар 15. Партия мүшелерінің қайта қабылданғаны 8 немесе 14%, кандидаттыққа ауыстырылғаны және шығарылғаны дәлелденгендері-37. Кандидаттардың қайта қабылданғаны –3 және шығарылғаны дәлелденгені 12» [11].

ҚКСР бойынша ПБКӨ жанындағы Оңтүстік Қазақстан облпартияколлегиясының мүшесі, есеп беруді құрастырушы Шихалиев жоғарыдағы цифрларға мынадай баға береді – көрнекілікпен көрініп тұрғандай,    1938-ші жылдың басына дейінгі, облыс пен бірнеше аудандардың басындағы партия жетекшілері  троцкистік – бухариндік, ұлтшыл-фашист бандиттер , репрессия арқылы біздің большевик кадрларды құртып, партияның қатарына өздеріне ұқсаған адамгершіліктен  ада  бөтен элементтерді жинағысы келді. Осы 1938-ші жылы партия қатарынан шығарылған ҚК(б)П-ның 49 мүшесі мен кандидаттарының ішінде халық жауларымен байланыста болып, оларды қорғағаны үшін шығарылғандары –40 адам, қалған 9-ы әлеуметтік бөтен элементтер. Бұл Оңтүстік коммунистерінің арасында большевиктік қырағылықтың едәуір көтерілгенін және БК(б)П ОК қаңтар пленумының қаулысы партия ұйымдарын дұшпандық, таптық – бөтен элеметтерден тазартудағы ымырасыз күресте өткір қару болып табылатындығын көрсетеді, пленум партия мүшелері мен кандидаттарын партия мүшелерінің тағдырына қылмыстық – жеңілтектікпен қарағандарды  үзілді-кесілді жойып жіберу үшін осылай қаруландырып отыр»  [12].

Облпартколлегиялар мен партияның облыстық  комитетінен   бөлек,  шығарылғандардың  аппеляциясы  туралы істі  қалкомдар  мен  аукомдар  да  қарады. Қалком  хабарламасында: «БК(б)П ОК қаңтар пленумы шешімі шыққан күннен 1938-ші жылдың 10-шы  қыркүйегі  аралығында партияның қалалық комитеті бастауыш партия ұйымдарында шығарылған 94 істі қарап, оның 23-і қайта қабылданды, сонымен бірге партколлегия мен обком қала партия ұйымынан 8 адамды қайта қабылдады, бұл бастауыш партия ұйымдары шешімдерінің 33%-ға өзгертілгені [13]. Сонымен қатар, тағылған айыптардың дәлелденбегені туралы мысалдар да бар. Осылай ҚК(б)П    аукомы пленумында Мәуленов партиядан шығарылған болатын, «колхозшылар арасында антикеңестік әңгіме жүргізгені, дұшпандармен байланысы  және әлеуметтік бөтендігі үшін». Аппеляцияны талқылау кезінде айыптаулар дәлелденген жоқ. Партколлегия осыған аукомның назарын аударып, бірінші хатшы Ж.Беласаровқа ескерту жасалынып, оған коммунистерді партиядан шығаруда жеңілтектікке жол бермеу тапсырылып, ондай іс қайталанған жағдайда  жауап беретіндігі ескертілді» [14].

Қаңтар пленумы қаулыларының пункттерінің бірі жала жапқандығы үшін партиялық жауапкершілік тарту тұрғысында болды. Осы жөнінде берілген құжатта былай делінген-Партколлегияның жалақорлар мен көлеңкесінен қорқатындарды жауапқа тарту ісінің әлсіз екендігін мойындау керек, қазірге дейін бір де бір ауком хатшысына коммунистердің партиядан негізсіз қуылғандығы үшін партиялық жаза қолданылмаған, мұның өзі аппеляцияны  талқылау кезінде бірнеше ерекше қаулылар қабылданып, бірқатар  аукомдарға жалақор коммунистерді жауапкершілікке тарту туралы  ұсыныс енгізілгеннің өзінде жүзеге аспай отыр».  Мәтіннің осы үзіндісінде мынадай факті де келтіріледі: 23/У-1938-ші жылы партияның Меркі АК-і ҚК(б) П мүшесін 15 коммуниске жала жапқаны үшін партиядан шығарады, 1/УІІ –1938 жылы партколлегияның қаулысымен шығарылу мақұлданған [15].

Келесі бір маңызды сәт ретінде партияға қайта қабылданғандардың партиялық құжаттарын беру мәселесін айтуға болады: «… бұл пункттің орындалуы нашар, бұған аукомның бірқатар хатшыларының салақтығынан немесе олақтығынан партияға қайта қабылданғандардың жылдап партқұжаттарын ала алмаған бірнеше фактілерін келтіруге болады…. Партколлегия мен партияның облыстық комитеті қабылдаған бірқатар іс-шараларға қарамай осы жылдың 15-ші қыркүйегіне дейін партқұжаттарын ала алмаған ҚК(б)П-ның 96 мүшесі мен кандидаты әлі де сандалуда жүр» [16].  Осылай ауданда партияға қайта   қабылданған 7 коммуниске, келесі аудан  бойынша 5 коммуниске партқұжаттары берілмеген [17]. Партбилеттерін бермей, есеп кәртішкелерін жүргізбеу іс жүзінде партия қатарына қайта қабылдамау болып табылар еді. Мұндай келеңсіздік, оның себебіне қарамай шығарылғандарға әжептеуір қауіп келтірер еді.

Келесі маңызды сәт ретінде «партияға қайта қабылданғандарды большевиктік тәрбиелеу» деген болды. Осыған байланысты: «Бастауыш партия ұйымдары мен ауком хатшылары партияға қайта қабылданған коммунистерді большевиктік тәрбиелеуге жауапкершіліктерін сезінбейді. Аукомдар көп жағдайда, қайта партияға қабылданғандарды есепке алып, оларды қайсібір партия ұйымына тіркеп, жұмыс берумен шектеледі, бірақ олардың жұмысы қалай жүріп, өмірі қалай өтіп жатқанында шаруасы болмайды [18].

Партколлегия өз есебінде шығарылғандардың тағы бір мәселесін- жұмыстан бірден кетіруді сөз етеді, бұл да қаңтар пленумы қаулысында сынға ұшыраған болатын. Мұндай фактілер , яғни тек бастауыш партия ұйымынан шығарылғандарды, бұған ешқандай қажеттілік болмаса да, жұмысынан кетіру кездесіп отырған. Түрксіб бөлімшесінің Жамбыл совхозының бастауыш ұйымы 1938-ші жылдың маусымында жалпы партия жиналысында 2 коммунисті қатарынан шығарады, олардың бірі 1918-ші жылдан ҚК(б)П мүшесі – Семенова, шаруашылық меңгерушісі (завхоз) және екінші қоймашы болып жұмыс істеген … осы жолдастар жұмыстарынан алынды… шығарылғанына 3 ай толмай жатып… жиналыстың шешімі партияның аукомына бекітілуге де берілмеген… жолдастар 3 ай бойы жұмыссыз жүр, олардың партияда қалу мәселесі де шешілмеген» [19]. Бұл жерде «жоғарыдағылардың» мүмкіндік бергеніне қарамастан «төмендегілердің» немкеттілік көзқарасы анық көрініп тұр.

Аймақ  бойынша  қорытынды  статистикалық  мәліметтер   мынадай. 1.09.38 жылға дейінгі қарастырылмаған аппеляциялардың саны – 724, олардың ішінде партияның аудандық комитеттері шешімдерінің қайта қаралғаны – 631, партияға қайта  қабылданған коммунистер саны – 292, кандидаттыққа ауыстырылғаны – 10, тілектестер (сочуствующих) қатарына – 14, шығарылғандығы мақұлданғаны- 310, қарастырылмай қалғаны – 93…

….БК(б) П қаңтар пленумының қаулысы баспасөзде жарияланған кезден бастап партия ұйымы облыстық комитетінің тіркеу бөліміне 26.01.38 жылға дейін 179 аппеляция 5.0938 жылға дейін 623 аппеляция, барлығы 802 аппеляция түссе, өткен 7 ай ішінде оның тек 88 аппеляциясы немесе 11 %-ы қарастырылған, қайтадан партия қатарына және кандидаттыққа 68 адам қабылданып, облыстық партколлегияға 438 және партияның аудандық комитеттеріне 200 аппеляция тапсырылған [20]. Осы және осыған дейінгі цифрларды және бұдан кейінгілерін де, саяси тарих тіліне аудару тіпті де оңай емес. Алдымен «марксизмнің бөтен туының» астында, кейіннен одан да бөтен большевиктердің туы астында, одан кейін тіпті де бөлек сталинизм  туының астында болған аймақтық саяси элита өзінің барынша дәрменсіз екендігін көрсетіп «ағыс аққан жаққа қарай» жүзуге дайын болып, болып жатқан оқиғалардың мән-мағынасын түсінуге тырыспай, Орталықтан келер нақты бұйрықтарды бұлжытпай орындауға дағдыланды. Тіпті ол бұйрықтарды қабылдай отырып, онда аздаған қауіптің барлығын сезсе, онда оны аяғына дейін орындауға да дәрмені жетпеді.

Осындай  және  осыған ұқсас  іс-әрекеттердің  нәтижесінде  Қазақстан  Коммунистік (б) партиясы  мүшелері  санының  1933-1940-шы  жылдарғы динамикасы (өсу  деңгейі)  мынадай  болды.  1933-ші  жылы, жаппай  партиялық  тазалау  басталмай  тұрып  оның  қатарында  101  мың  486  большевик болды. Олардың  48594  партия  мүшелері  52892  мүшелікке  кандидаттар еді. Жаппай  партиялық  тазалау  мен  алғашқы  саяси  процестерден  кейінгі  1936-шы  жылы  47988  адам  қалды, тиісінше  29474  партия  мүшелері  және  18514  кандидаттар.  Көбірек  кеткені  партия мүшелігіне  кандидаттар  болды. 1937-ші  жылы   саны  көбейіп  51881  адамға  жетті – 32629  мүшелері  мен  19252  кандидаттар.  1938-шы жылы  ол  қайтадан  48322-ге  төмендейді – 30120  және 18202.  1937-ші жыл мен  1938-ші  жылдар  арасындағы  цифрлар айырмасын  репрессияға  ұшырағандардың  саны  ретінде қарастыруға  болады – барлығы 3559 адам,  олардың  коммунистері  2509,  кандидаттары –1050.  Партия  қатарының  ұлғаюы  1939-шы жылы  басталады – жалпы  саны  65465  және 1933-ші жылғы  деңгейге  1940-шы  жылы  жетед і- 108705  партия  мүшелері мен  кандидаттары, яғни  1933-ші  жылғы  деңгейден  сәл  асып тұр  [21, 42-б.].

Партиядан  шығару   фактісінің   өзі, ол  тіпті  салыстырмалы  түрде  тыныш  жылдары – 1934-ші жылы  31885 –ке,  1935-ші жылы тағы  да  8765-ке,  1936-шы жылы 12224-ке жетіп,  яғни  1938-ші  жылға  дейін  жалпы  алғанда  53164  коммунист, репрессияға  ұшырау  қаупінде болды.  Сондықтан  да,  жиналып  қалған  аппеляцияларды  тезірек  қарау  туралы  ұсыныс  жағдайдың  түзеле  бастағанын  көрсеткенімен,  аукомнан  обкомға  дейінгі  аймақтық  деңгейдегі   партия  органдарының  аппеляция  істерін  қарап,  партқұжаттарды  берудегі  сылбырлығы  қорқыныштың, күдік пен сенімсіздіктің сейіле қоймауына әсер еткен еді. Ал, бұл жағдайдың тек республика партия ұйымында ғана емес, оның барлық аймақтық бөлімшелерінде, соның ішінде Оңтүстік Қазақстанда да түзелуіне кедергі жасады.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

  1. Известия ЦК КПСС. 1989, №8, с.115
  2. Известия ЦК КПСС.1989, №8, с.94
  3. Известия ЦК КПСС. 1989, №9,с.50
  4. ҚОӘМ 268 – қор, 1 – тізбе, 10 – іс.
  5. Известия. 3 октября, 1996 г. №62
  6. ҚРПМ 187 – қор, 1 – тізбе, 44 – іс, 25 – п.
  7. Политические репрессии в Казахстане в 1937-1938гг. Сборник документов. – Алматы: Казахстан, 1998. – 336 с.
  8. ҚРПМ 725 – қор, 3 – тізбе, 173 – іс, 13 – п.
  9. ҚРПМ 708 – қор, 2/1 – тізбе, 4 – іс, 404-408 – п.п.
  10. КПСС в резолюциях и решениях съездов, конференции и пленумов ЦК, Т. 4-7. – М., 1985. – 576 с.
  11. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 243 – п.
  12. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 244 – п.
  13. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс,  245 – п.
  14. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1- тізбе, 161 – іс, 246 – п.
  15. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 –  тізбе,  161 – іс,  247 –  п.

16  ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс,239 – п.

17  ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс 237 – п.

  1. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс,  238 – п.
  2. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161 – іс, 240 – п.
  3. ОҚОММ ШФ 16 – қор, 1 – тізбе, 161  – іс, 250 –  п.
  4. Арипов Р., Мильштейн Н.. Из истории органов госбезопасности Узбекистана. (Документальные очерки истории 1917-1930 гг.). – Ташкент: Узбекистан, 1967. – 184 с.

 

Бақторазов Сейдахан Уәлиұлы,

М.Х.Дулати  атындағы  Тараз өңірлік университетінің

профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты,

Жамбыл облысы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі

 

 

Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің

Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің, – дейді дана халқымыз. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырымдылық – ізгіліктің, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі. Осындай ізгі ниетпен облыстық «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі облысымыздағы әлеуеті төмен отбасыларға және көпбалалы аналарға  көмек көрсетті.

Атап айтсақ, Шу ауданындағы 45 отбасыға көмек көрсетілсе, Меркі ауданының 50-ден аса отбасына және Қордайдағы 25 отбасыға азық-түлік себеттері жеткізілді.

Сондай-ақ, Байзақтағы 40-60, ал Жамбыл ауданындағы 25 отбасыға, облыс орталығы Тараз қаласында тұратын 50 жанұяға барлығы – 700 000 теңге көлеміндегі күнделікті қажет ететін ұн, күріш, қант, макарон өнімдері, күнбағыс майы т.б. салынған себеттер таратылды.

 Жамбыл облысы әкімдігінің

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Таразда ассамблея мүшелері бар әскерилендірілген апаттан құтқару жасағы Оңтүстік Қазақстан филиалының іс-шарасы өтті

Қазақстан халқы Ассамблея іс-шараларының ең басты бағыты – қайырымдылық болса, облыстың кәсіподақтық жұмыстарына да белсене араласуы этносаралық комитетке тән қасиет. «Кәсіби әскери әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» (КӘАҚҚ РОШ) Қазақстанның ең көп жарақтандырылған және жауынгерлік дайын құтқару бөлімшелерінің бірі болып табылады. Штаб өз қатарында Қазақстанның барлық облыстарында орналасқан 5000 астам құтқарушыны біріктіреді. Құтқарушылар бөлімшелері Қазақстан экономикасының ең қауіпті стратегиялық маңызы бар объектілеріне орналастырылуда. Тараз қаласында орналасқан  Оңтүстік Қазақстан филиалы «КӘАҚҚ РОШ» аумақтық-құрылымдық бөлімшесі болып табылады. Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының қауіпті өндірістік объектілеріне қызмет көрсетеді.

Осыған орай, ағымдағы жылдың мамыр айында Оңтүстік Қазақстан филиалына «КӘАҚҚ РОШ» басшыларының бірі және Алматы қаласының Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ҚХА мүшесі Вячеслав Дмитриевич Вавилин жұмыс сапарымен келген еді. Сапар бағдарламасына құтқарушылармен кездесу, олардын тұрмыстық жағдайлармен және құтқару техникасымен жабдықтау танысу кірген болатын.

Сапар барысында «КӘАҚҚ РОШ» басшылығынан, сондай-ақ Қазақстан Республикасы генералдар Кеңесінен марапаттар мен  көтермелеулер тапсыру рәсімі өткізілді. Марапатқа үздік шыққан Оңтүстік Қазақстан филиалының командирлері мен құтқарушылары, сондай-ақ, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдар мен мекемелердің өкілдері, оның ішінде Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаменті мен Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің басшылары ұсынылды.

Осыған қоса, іс-шараға облысымыздың Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері мен «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері де қатысты.   Атап айтсақ, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова, Баспасөз қызметі орталығының басшысы Бибігүл Шахзада, өңірлік ассамблея мүшесі Динара Нуралиева қатысты. Іс-шара барысында ассамблея мүшелері екі білдей азамат, жамбылдық ассамблея мүшелері – кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтері республикалық орталық штабының Оңтүстік Қазақстан филиалы 3-ӨСБ қарауыл бастығы – Карпенко Михаил Сергеевич және кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабының Тараздағы әскерилендірілген авариялық-құтқару жасағының құтқарушысы – Айваз-Оглы Алихан Халиловичтерді құттықтау рәсіміне қатысып, «Қоғамдық келісім» КММ Парида Иманжанқызы   Генералдар кеңесінің атынан Жамбыл облысы Генералдар кеңесінің төрағасы генерал Казиев Абдигапар Райжанұлының қатысуымен оларға Алғыс  хаттар табыстады.  Ассамблеяның үнемі барлық іс-шарада атсалысып жүретін қасиетін нақтылап айтып берген Парида Иманжанқызымен қосыла  өңірлік ассамблея мүшесі Динара Нуралиева да  өзге этнос өкілдерінің осындай абыройлы істерімен қоса мемлекеттік тілге де аса мән беріп, барлық игі істері, мінез-құлықтарымен қоғамға өз үлестерін қосып жүргендігі жөнінде өз ой-пікірін білдірді. Аталған іс-шара фото-сессиямен аяқталды.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің

ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы