Жыл сайын Қазақстан халқының бірлігі күнінде Жамбыл облысының аумағында тұрып жатқан 80-нен астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі Әулие Ата өңірінде тату-тәтті

Жыл сайын Қазақстан халқының бірлігі күнінде Жамбыл облысының аумағында тұрып жатқан 80-нен астам ұлт пен ұлыс өкілдері киелі Әулие Ата өңірінде тату-тәтті, береке мен бірлікте, бейбітшілік пен ынтымақта өмір сүріп жатқандығын дәлелдеп, атаулы мерекені асқан ұйымшылдықпен атап өтеді. Еліміздегі этностарды бұрынғыдан да жақындастыру үшін бүкіл Қазақстанда жаппай патриоттық шерулер жоспарланған.

Кеше ғана астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында Ассамблеяның ХХХІ сессиясы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жалпы елімізге және өзге ұлттарға қатысты біршама міндеттер мен маңызды ұсыныстарды ортаға салды. Ол өз сөзінде Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің үш негіз құраушы басымдығын айқындап берді. Оның бірі – саяси реформаларды жүзеге асыру ісіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін күшейту. Сондай-ақ, «Елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалпыазаматтық құндылықтарды құрметтеуі және өздерін Қазақстанмен байланыстыруы аса маңызды. Бұл – Тәуелсіздік жылдарындағы біздің үлкен жетістігіміз. Оны жан-жақты нығайтуға міндеттіміз. Жаңа саяси жағдайда бейбітшілік пен келісімді және халықтың бірлігін аса маңызды санайтын азаматтардың партия ішіндегі дауысына басымдық беріледі», – деді Мемлекет басшысы. Сонымен бірге, «Болған және болатын сыртқы қақтығыстар азаматтарымыздың арасында ұлтаралық жанжал тудырып, жікке бөлінуге пайдаланылмауы керек. Оған жол беруге болмайды. Мұндай арандатушылықтар болып жатыр. Оны көріп отырмыз. Бірақ арандатушылар қайда тұрса да, қандай құжаттармен тұлғасын жасырса да, қалай құбылса да біздің бірлігімізге нұқсан келтіріп, мемлекетіміздің дербес саясат жүргізу құқығын бұза алмайды. Бейбітшілік пен тұтастық – басты құндылығымыз, онсыз болашақ жоқ екенін бәрі есте ұстауы керек. Біздің Қазақстаннан басқа Отанымыз жоқ, болмайды да» деген нық сенімде айтылған сөздері менің жадымда жақсы сақталды. Қазақстан халқының бірлік мерекесінде «Достық» атты бір шаңырақ астына шоғырланған әрбір ұлттық-мәдени орталықтар ән айтып, би билеп, жалпыхалықтық мейрамда дәстүр мен салтқа толы түрлі көріністер көрсетеді. Халықтың көңіл-күйін көтеру үшін түрлі спорттық жарыстар, қазақ халқының ойындары және этностар көрмелері ұйымдастырылады. Туысымыздай болып кеткен өзге этнос өкілдерінсіз мен Қазақстанды елестете алмаймын. Еліміздің экономикасы жағынан, мәдениеті жағынан болсын осынау Жаңа Қазақстанды құру жолында аянбай еңбек етіп жатқан ұлыстарды өз басым аса құрмет тұтамын.

Бірлігіміз жарасып, еліміз тыныш болып, ұлт демей, басқа демей татулықта, бейбіт өмірде күн кешейік, жерлестер! 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні құтты болсын! Басымыз аман, аспанымыз ашық, еліміз бейбітшілікті болсын!

Жамбыл облыстық «Әулие Ата» Қазақ мәдени орталығының төраға орынбасары, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік Университетінің «Мәдениет және өнер» кафедрасының меңгерушісі, профессор, ҚХА мүшесі – Айгүл Кабиева