Жас ғалымдар бақ сынасқан бәсеке өз мәресіне жетті

Ағымдағы жылдың маусым айында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы, Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ұймдастыруымен жастар жылына орай  облыстық жастар startup жобалары байқауы өткізілді.

«2019 – жастардың инновациялық әлеуеті» атауымен өтіп жатқан жобалар байқауына қатысушылардың еңбектерін Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің ғылыми-сараптамалық қолдау бөлімі бекітілген ереже мен  тәртіп-талаптарына сай қабылдап алды.

Байқаудың басты мақсаты бизнес-қоғамдастықтың әлеуметтік стартаптарын сараптамалық және қаржылық қолдау үшін орта құру, қатысушылар арасында  өзара тәжірибе мен идеялар алмасатын, сүйемелдейтін коммуникациялық алаң қалыптастыру, әлеуметтік кәсіпкерлік тақырыбын насихаттау және дарынды жастар, студенттер, ауыл жастарының жас мамандарына арналған белгілі бір орта қалыптастыру. Сондай-ақ, өзгермелі әлем жағдайында Қазақстанның этносаясатын жетілдіру бойынша жаңа идеяларды іздеу.

Аталған байқауда 14 жастан 17 жасқа дейінгі оқушылар, 16 жастан 21 жасқа дейінгі орта арнаулы оқу орындарының студенттері, 18 жастан 29 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарының студенттері мен жас зерттеушілері және Қазақстан халқы Ассамблеясы этномәдени бірлестіктерінің жастар көшбасшылары бақ сынасты.  Оларға  жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу, энергетика өнеркәсібі, жоғары технологиялар, ғылыми әзірлемелер, басқару және білім беру, өндіріс және технология, IT-сала және инфрақұрылым, өмір сапасын жақсарту, қоғамда табысқа жету, бәсекеге қабілеттілік және білім идеяларын насихаттау, ақпараттық ілгерілету жолымен қоғамдық сананы жаңғырту, Қазақстанның жаңғыруы: жаңа патриотизм сынды түрлі тақырыптарда жоба жасау ұсынылған. Байқауға қатысушылардың еңбектері арнайы құрылған комиссия құрамының қойылған талап тілектеріне сай қарастырылып, талқыланды. Қазылар алқасының жетекшісі М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің “Философия және саясаттану” кафедрасының меңгерушісі, доценті,  Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі, философия ғылымдарының кандидаты Кульбаева Дина Дуйсебайқызы «Байқау өте тартысты өтті. Жас ғалымдардың көптігі, олардың тапқырлығы, дұрыс ойлап, тың дүниелерді ұсынып жатқаны бізді расында қатты қуантты. Шынын айтқанда біз олардың еңбектеріне қарай өз жүлделерін тағайындауда біраз қиындықтар болды. Себебі, бірінен бірі өтіп тұр. Осы тұста әділ әрі шынайы шешім қабылдап жүлделі деп танылған еңбектерді «Жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу», «Өмір сүру сапасын жақсарту», «Ғылыми әзірлемелер» сынды үш топқа бөліп марапаттауды жөн көрдік. Сондай-ақ, үзік жобалармен алдағы уақытта жұмыс жасау жоспарда бар. Жастар жылына орай ұйымдастырылған бұл жоба жемісті болсын демекпін»- дейді.

Жас ғалымдардың жүлдесін Жамбыл облысының әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Убайдуллаева Рано Махсудқызы табыстады. «Жастардың әлеуметтік мәселелерін шешу» бағыты бойынша бас жүлде Марденова Русланаға бұйырды. Аталған бағыт бойынша Сулейманова Алуа бірінші орынды, Ибрагимов Кемран екінші орынды, Альчикенова Сымбат және Сағындықова Ақдана үшінші орынды иеленді.  «Өмір сүру сапасын жақсарту» бағыты бойынша Айтикенова Ромина бас жүлдені қанжығаласа, Уманец Алина және Цой Елена бірініші орынды, Конырова Дарига екінші орынды, Зарамба Владимир үшінші орын тұғырынан көрінді. «Ғылыми әзірлемелер» бағыты бойынша бас жүлде Иманалиев Талғатқа, бірінші орын Шакшабаев Нуржанға, екінші орын Егембердиев Даулетке, үшінші орын Равилов Ренат және Ануарбекова Лунараға бұйырды. Жүлдегерлерге арнайы алғыс хаттар және ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Сондай-ақ, байқауға қатысушы басқа үміткерлерге ынталандыру сыйлықтары үлестірілді.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі