Жамбыл облысында Жастар ресурстық орталығында «Жастар арасында ажырасудың алдын алу» тақырыбында тікелей эфир өтті

Үстіміздегі жылдың қараша айында Жамбыл облысы Жамбыл аудандық жастар үйінде аталған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастыруымен «Жастар арасында ажырасудың алдын алу» тақырыбында тікелей эфир өтті.

Іс-шараның мақсаты – ажырасу үрдістерінің, отбасылық-неке қатынастарынан туындайтын даулардың санын азайту. Оған мекеменің заңгер-консультанты Шәріпбай Айбекғұланұлы, «Татуласу, татуластыру» орталығының төрағасы, ҚХА медиаторы-Амирова Нұрлыкүл Сейсенбайқызы, «Жастар ресурстық орталығының» өкілдері, «Жамбыл Ауданы Жастары» атты «Фейсбук» парақшасын пайдаланушылар қатысты.

Н.С.Амирова тікелей эфирде өз сөзін былай бастады: «Әрбір отбасы – бұл біздің қоғамның ұясы! Және бұл қандай болады, әрқайсымызға байланысты. Отбасылық өмір үрдісінде әрқашан оң бағытта шешілуі керек белгілі бір қиындықтар туындайды, сондықтан ерлі-зайыптылардың әрқайсысы қарым-қатынасты сақтауға, отбасылық бақытты сақтауға барынша күш салады. Неліктен жастар арасында ажырасу саны өсуде? Себептердің бірі – келіссөздер жүргізе алмау, бір-бірін тыңдамау және өзіндік бір ымыраға келе алмау. Әрине, отбасы ішіндегі татулық пен бірліктің ыдырау себептеріне материалдық проблемалар, тұрғын үй қиындықтары, жағымсыз әдеттер (алкоголизм, нашақорлық, опасыздық және т.б.) болса, бұл келеңсіз жағдайдан шығудың жолы қаншалықты қиын болса да, оны шешудің де жолы тек ерлі-зайыптылардың ортақ мәмілеге келуі. Некенің берік болуы үшін олардың бірі өз сыңарын өзі ретінде қабылдау, бір-біріне қамқорлық жасау, оның пікіріне төзуге және құрметтеуге үйрену және бір-бірін тыңдау қажет! Егер сіз мәселені өзіңіз шеше алмасаңыз, онда сіз әрқашан мамандарға – медиаторға немесе психологқа жүгіне аласыз», – дей келе, ҚХА медиаторы жанжалдардың алдын алу тәсілдері және оларды шешу жолдарымен таныстырды.

Консультациялар барысында мынадай мәселелер талқыланды: отбасына түсетін табыс деңгейі төмен болса да некені сақтау, жұмысқа орналасу мәселесі, ата-аналармен бірге өмір сүргісі келмеуі, құмар ойындарға үйір болуы, ата-аналардың жастардың өмір сүруіне араласуы, ерлі-зайыптылардың ата-аналарына құрметсіздігі тәрізді және т.б. жастар тарапынан қойылған барлық сұрақтарға толық кеңестер беріліп, сондай-ақ, жеке медиативтік тәжірибелерден мысалдар келтірілді.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: аталмыш консультациялар отбасындағы жанжалды жағдайлардың түпкі себептерін анықтауға көмектеседі және оларды қалай жою керектігіне зор ықпалын тигізеді. Онлайн кеңес әр отбасына деген сүйіспеншілік пен өзара түсіністік тілегімен аяқталды.

Жамбыл облысы әкімдігі

Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы