Жамбыл облысы ҚХА жалпыреспубликалық «Мың алғыс» акциясын бастады.

Мемлекеттің басты байлығы адам десек, әрбір жанның  аман-саулығын бақылайтын ол әрине, ақ халатты абзал жандар. Республика көлемінде мұсылмандардың ұлық мерекесі Құрбан айт қарсаңында Қазақстан халқы Ассамблеясы медицина қызметкерлерін құттықтауға арналған «Мың алғыс» акциясын бастады. Өз кезегінде Жамбыл облысы ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері мен белсенділері Құрбан айттың бірінші күнінде адам жанына араша  болған жандардың отбасыларына қолдау білдірді.

Облыстың ақ халатты абзал жандары биыл жүздеген адамның өміріне араша түсті. Акция медицина саласында еңбек етіп жатқан әлеуметтік осал топтағы отбасыларға азық-түлік себеттерімен жәрдем көрсету болып табылады. Аталған азық-түлік жинағының ішінде макарон өнімдері, күріш, күнбағыс майы, ұн  секілді өнімдер бар. Сондай-ақ, балалар үшін тәтті нан өнімдері де қарастырылған.

Сауапты істе атсалысқан этномәдени бірлестіктер, Аналар кеңесі, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының еріктілері мен мекеме қызметкерлері акцияның алғашқы күнінде-ақ , әлеуметтік жағдайы төмен 50 отбасыға  азық-түлік себеттерін үлестірді. Өз кезектерінде олар да алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.  Айта кету керек, аталған акция 3 күнге созылады. Сонымен қатар, акция қасиетті құрбан айт мерекесінде халықты қайырымдылыққа шақыруға, төтенше жағдай кезіндегі көмекке мұқтаж жандарға жәрдем беруге бағытталған.