Жамбыл ауданында ҚХА Аналар кеңесі өтті

Ағымдағы жылдың наурыз айында Жамбыл ауданында «Отбасындағы әйелдер образы және тәрбие»  тақырыбында   ҚХА    Аналар кеңесінің  отырысы өтті.

Отырысқа  ауданның  Өрнек, Шайқорық,  Аса, Қызылқайнар, Жалпақтөбе, Ақбастау, Айша бибі ауылдарының Аналар кеңесі  төрайымдары қатысып, пікірлерін ортаға салды.  Жалпақтөбе ауылының ҚХА  Аналар кеңесінің төрайымы М.Ибрагимова «Хадия» қайырымдылық орталығын ашса,  Шайқорық ауылында  аналар кеңесі қайырымдылық дүкенін ұйымдастырған. Ауылдық мәдениет үйі жанынан «Сырласу» клубы құрылып, ауылдағы барлық этнос әйелдерінің басын қосып отыр. Осыған қоса, жиналған әйелдер қауымы  отбасындағы  тәрбие,  «Қамқор болайық», «Ана мен бала»,  «Аналар тәрбиесі көпке үлгі» тақырыптарында  іс-шаралар ұйымдастырды.   «Қызыл Қайнар» аналар кеңесінің төрайымы  Сейітқасымова Клара ауыл арасындағы тұрмыстық, отбасылық жанжалдарды  ауыл ақсақалдарымен бірлесіп шешетіндерін, ел бірлігін сақтаудағы аналардың рөлін егжей-тегжейіне дейін жеткізіп айтып өтті.

Жиналғандар балалардың бос уақытын дұрыс ұйымдастыру, Аналар кеңесі құрамына жас аналарды тарту,  әлеуметтік жағдайлардың аналар агрессиясын туғызу қаупі, ауылдық жердегі интернет, бала-бақша мәселелерін көтерді.

     

Жамбыл облысының

ІСБ «Қоғамдық келісім» Баспасөз орталығы