Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан

Бүгін Тараз қаласында Шахристан тарихи-мәдени кешенінде Жамбыл облысы әкімдігі, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ұйытқы болыуымен «Алғыс айту» күніне орай «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» атты мерекелік іс-шара өтті.

Мерекелік шараға Тараз қаласының жұршылығы мен қонақтары, облыстағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері және өкілдері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, белсенді жастар мен ЖОО студенттері және республикалық, облыстық, қалалық БАҚ өкілдері қатысты.

«Алғыс айту» күнін тойлаудағы басты мақсат елде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету, өскелең ұрпақты бір-біріне деген құрмет пен толеранттылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Қиын-қыстауда ата қонысына айырылып, бас сауға іздеген түрлі ұлт өкілдеріне пана болған қазақ халқына алғыс білдіріп, құрмет көрсету болып табылады. Сондай-ақ биылғы жылғы 1 наурыз – Алғыс айту мерекесі ел бірлігінің беріктігін тізгіндеп отырған бірегей институт Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Меркелік шара бастауы «Достық дастарханынан» дәм татудан басталды. «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешені  бойымен шатырлар тігіліп, онда түрлі этностардың ұлттық тағамдары қойылған ақ дастархан жайылды. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясыэтномәдени бірлестіктерінің басшылары мен өкілдері аймақ басшысы  Бердібек Машбекұлы бастаған қонақтарды қарсы алып, ұлттық тағамдардан ұсынды. Дастархан басына жақындаған қонақтарға арнау айтылып, ұлттық аспаптарда қазақ халқының түрлі әндері  орындалды.

Жайылған дастарханда қазақ, өзбек, поляк, әзірбайжан, дүнген, түрік, орыс, шешен-инғұш, грузин, қарашай-балқар, ұйғыр, қытай, грек, неміс, еврей, күрді, корей, украин, тәжік, татар, қырғыз халықтарының түрлі  астары қойылды. Әр дастарханның басына жеткенше қонақтарға этнос өкілдері алғыс айтып, ұлттық аспаптарымен өнер көрсетті.

Қала жұртшылығы мен қонақтар тағамдардан дәм ауыз тигеннен кейін қой көтеру, асық ату, тоғызқұмалақжәне ордабасы секілді ұлттық спорттық ойындардан өткен сайыс пен «Ынтымағы жарасқан, туған өлкем – Қазақстан» атты мерекелік шараның ашылу рәсімін тамашалады.

Шараның салтанатты ашылу рәсімінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мерекемен жиылған жұртшылықты құттықтады.

«Баршаңызды ризашылық пен мейірімділіктің мерекесіне айналған – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Алғыс айту күні – тарихтың түрлі кезеңдерінде қазақ халқының бауырмалдығына бөленген түрлі этнос өкілдерінің киелі қазақ жері мен қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымының ашық белгісі. Қысылғанға сүйеу, қиналғанға медеу болған қазақ халқы кешегі қиын заманда – көптеген ұлт өкілдерін құшағына басып, бауырына тартып, дәм-тұзымен бөліскен дана халық. Сондықтан да, Алғыс айту күнін – қазақстандық патриотизм мен ынтымақтың, бірлік пен достықтың жарасқан күні деуге толықтай негіз бар.

Баршамызға белгілі, Қордайда орын алған жағдай тұрғындардың көңіліне қаяу түсіріп, тату тіршіліктің тыныштығын кетірген болатын. Бүгін оның барлығы ретке келтірілді. Ауылдық Ардагерлердің кеңесі құрылып, ел ішіндегі мәселелер сонда талқыланып, бірлік пен келісімнің арқасында өз шешімі шығарылатын болады.

Арандатушылардың жетегіне ермей, бірлігіміз бен ынтымағымыздың ыдырауына жол бермеуіміз қажет.

Бүгін – дүниежүзіне үлгі, татулық пен тұрақтылықтың феномені болған Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл, яғни ширек ғасыр толып отыр. Осынау уақыт аралығында– достық пен татулықтың, тұрақтылық пен келісімнің қайнарына айналды. 

Түрлі этностардың ғана емес, күрделі кезеңді бірге еңсеріп, Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында аянбай тер төккен еліміздің барлық азаматтарының бір-біріне құрмет көрсететін Алғыс айту күні мерейтойымен үйлесіп отыр.

Сондықтан, азаматтар бүгінгі күні кемшіліктер болса, қатты сөздер айтылса, өкпесі болса кешіруі қажет. Бір-біріне деген ізгі тілектері мен лебіздерін, ақжарма алғыстарын білдіруі керек»-деді, аймақ басшысы.

Бұдан өзге Алғыс айту күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдық мерейтойымен Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов,  «Полонез» поляк этномәден бірлестігнің жетекшісі Лариса Калькова және «Барбанг» күрділер ассоциациясы облыстық ақсақалдар кеңесінің мүшесі Сабри Асанов құттықтады.

Меркелік шара барысында «Алғыс айту» күніне арналған театрландырылған қойылым да көрсетілді. Композиция барысында сахна төріне түрлі ұлт өкілдерінен құралған  Аналар кеңесінен мүшелері өз тілдерінде қазақ халқына алғысын айтты.

«Алғыс айту» күніне арналған меркелік шара әрі қарай «Рахмет саған туған жер» атты концерттік бағдарламамен жалғасты. Концерттік бағдарламада Қазақстан эстрада жұлдыздары мен «Ақжелкен» жастар лигасы, «Жаңғыру жолы» жастары, этномәдени бірлестіктердің би ансамбльдері, неміс этномәдени бірлестігі өкілдерінен құралған  «Поющие сердца» және «Juwel» вокалдық топтары мен облыстық филармония әртістері өнер көрсетті.Мерекелік шараның соңы «Атамекен» әнімен тәмамдалды.

Жамбыл облысы әкімі аппаратның

 «Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз орталығы

Назерке Оңғар