ХХІХ сессиядан күтер үмітім көп!

Бүгінде әлемнің қасіретіне айналған пандемия біздің елденде  іргесін аулақ салмады. Алпауыт індеттің тырнағы жанымызға батып тұрғаны рас. Алайда, бірлік бар жерде алынбайтын қамал бар ма? Ақпыз, қара, сарымыз деместен бір үйдің баласындай басымызға төнген қауіптің бұлтын сейілтуге мықтап ат салысудамыз. Бұл тек біздің емес әлем халықтарының басын біріктіріп күресуге шақыратын вирусқа қарсы соғыс. Әрине, саусақ арасынан сырғынған құмдай көз ілестірмей барады. Індеттен әлем болып айықпасақта аузынан ажал бүркіген аждаһаның бетін қайтарғандаймыз. Бұл да берік бірліктің, ынтымақ пен тұрақтылықтың арқасы деп білеміз.

Биылғы жылы сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев   Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев орталығында  өтетін «Бірліктің, татулық пен келісімнің 30 жылы» күн тәртібімен  29 сессиясына шақырды. Бұл, ел ынтымағын күзеткен бірегей институт  ширек ғасырдан астам уақыт бойы көп этносты Қазақстанның бірлігі мен келісімінің сенімді кепілі болып келеді.

Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – ҚХА төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев  Егемен мемлекет ретінде,  біртұтас азаматтық қауымдастық қатарында өмір сүруіміз ел ішіндегі қауіпті жағдайларды болдырмауға байланысты дегенді түсіндіре келе, Елбасы өз баяндамасында татулықтың басты символы Ассамблеяның, бейбітшілік пен келісімнің басты формуласын егжей-тегжейлі ашып берген болатын.

Сонымен қатар, өткен жылдан бері тек Жамбыл облысында ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың жетекшілігімен жүзеге асып жатқан бірегей жоба бар. Ол Жамбыл жерінде болған соңғы қақтығыстардың алын алуға арналған «Бейбітшілік пен келісім» жобасы.

Өз жемісін беріп жоба аясында бүгінгі таңда, барлығы-1144 іс-шара ұйымдастырылды. Жобаға 30 мыңға жуық адам тартылды. 1919 азаматтың мәселесін шешуге көмек берілді. 709 азаматқа медициналық көмек көрсетіліп, 236 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды.

Жоба 2021 жылы жеті ауданда 1 наурыздан басталатын болады. 1-3 наурыз Меркі, 4-6 наурыз Шу, 9-11 наурыз Байзақ, 11-13 наурыз Жамбыл, 15-17 наурыз Талас, 18-20 наурыз Сарысу және 25-27 наурыз аралығы Қордай аудандарында өткізілді.

Игі істің жұмыс тобы құрамына облыс аумағындағы барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдар мен қатар басқармалардың мамандары енгізілді.

Келелі жобаның негізгі мақсаты облыс тұрғындарының әл-ауқатын арттыру, білім беру мен медициналық қызметтер сапасын жақсарту, діни білім деңгейін көтеру, азаматтарға арналған жылжымалы қабылдау өткізу, әлеуметтік мәселелерін шешу, үйме-үй жүру, бос жұмыс орындарының жәрмеңкелерін ұйымдастыру, халыққа несие беру бойынша кеңес беру, халықтың әлеуметтік осал топтарының мәселелерін шешу, заң аясында көмектесу, бизнесті қолдау және дамыту бойынша жүзеге асырылып жатқан жобалар мен мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүргізу болатын.

Міне, Қазақстан халқы Ассамблеясының арқалап отырған жүгі аз емес. Әсілінде, ел тарихына ерекше үн қосар, халықтар достығының мызғымас  негізін қалыптастырып ымыраға келтіру, ынтымақ пен тұрақтылықты сақтау ассамблеяның айнымас сертіне айналған. Сондықтан да, әр сессияны асыға күтеміз және сеніміміз ақталады. биылғы жылғы сессияданда күтер үмітім көп.

Жамбыл облыстық «ВЫНХУА» дүнгендер

этномәдени бірлестігінің мүшесі,

 облыстық ҚХА Аналар кеңесінің өкілі

Нуралиева Динара Хаттамовна