Халықаралық диалог

10

Бір жыл уақыт ішінде «Жамбыл облыстық еврей этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі «Керемет орта» сайты мен еврей ашық телеканалының өкілдері ұйымдастыруымен өтетін халықаралық диалог алаңының белсенді қатысушысы ретінде өздерін көрсетуде. Әлеуметтік желі арқылы байланысқа Израиль, Қазақстан, Ресей, Литва қалалары шықты. Отбасы құндылықтары, рухани және мәдени салт-дәстүрлер, жастар тәрбиесі тақырыптары кеңінен талқыланатын жобаның бейне жазбасы барлық каналдар мен әлеуметтік желілерде көрсетіледі. Оған Астана, Челябинск, Тараз, Красноярск және т.б. қалалардың еврей қоғамдастықтары қатысуда.

Тараз қаласының №2 орта мектебінде орналасқан студияға еврей этномәдени бірлестігі, жастар қанаты, аналар мен ақсақалдар кеңестерінің өкілдері, қала мектептерінің ұстаздары мен психологтары және қонақтар шақырылды.

Сайт модераторлары Ксения Кулагина мен Руслан Муртазин аудиторияға жаңа таныс емес тақырып – рухани әлемнің әуені туралы әңгімелесуді ұсынды. Бұл әлеммен әлі ешкім таныс емес еді.

Израиль операсының солисті, лектор Давид Гроу еврей халқының әндері мерекеде де, шаббатта да орындалатынын айтты. Бірақ оның ішінде ең бір ерекшесі – ол еврей халқының дана философы, Балль Суллам деген лақап атпен белгілі автордың әдемі әуезді әндері. Бұл ешбір әуенге  ұқсамайтын нигун әуені. «Бұл әуен сенің өне бойыңды жаулап, көп нәрсеге ой жүгіртіп, терең ойландыратын әуен», – деді өз сөзінде Давид Гроу.

Видео арқылы гитара мен фаготе дуэті орындаған «Нигун хамоль», «Кригули», «Азамер мешет» әуендерін аудитория көңіл қойып, әрекеше бір сезіммен тыңдады.

Сондай-ақ, модераторлар телекөпір қатысушыларына арнайы тренинг ұйымдастырды. Аудиториядағы атмосфераны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, мұнда қатысушылар ашық телеканал мен желілік байланыс арқылы өз ойларымен бөлісіп, пікір алмасты,  қалжыңдасты. Санкт-Петербургтен бастап Красноярскіге дейін жалғасқан рухани меридианның қатысушылары іс-шара соңында «біздер әртүрлі болсақ та, басты құндылығымыз бірдей» деген тұжырымға келді.