Тілсіз жаудан аман қалған отбасы.

Мария Кириакиди осыдан 1 ай бұрын баспанасынан айырылған жалғызбасты ана. Зейнеткер анасы және 3 бірдей баланың жалғыз асыраушысы.1 маусымда үйі өртеніп, құжатына дейін жанып кеткен. Абырой болғанда, отбасы мүшелері дін аман. Тілсіз жау барынан айырған соң, барар жері, басар тауы болмай, 1 ай бойы сыртта түнеулеріне тура келген.Індет дендеп тұрған уақытта отбасының ауыр жағдайы елеусіз қалмағаны көз қуантады.

Карантин кезінде қиын жағдайға душар болған жанұяға Жамбыл облысы  Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы көмек қолын созған алғашқылардың бірі. Қайырымды жандар жанұяның үйлі болуы үшін барын салды. Қайғылы оқиға карантин кезіне тұспа-тұс келіп, үй иесінің құжаттарын жинауға Тұрдыева Хамида бастаған жастар бар көмегін көрсетуде. Сонымен қатар еріктілер отбасыны азық-түлік және тұрмысқа қажетті заттарымен қамтамасыз етті. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Мария Кириакиди «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысына ерекше алғысын жеткізді:

« Жамбыл облысы ҚХА жанындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының еріктілері күні бүгінге дейін жанымнан табылып көмек қолын созуда. Қиын сәтте жәрдемдескен барлық жанашыр жандарға алғысым шексіз. Ешкімнің басына бермесін. Халқыма алғысым шексіз. Бұл қиын күндердің әлі-ақ артта қаларына кәміл сенемін »

Өскелең ұрпақтың жүректерінде адамгершілік, үлкенге сыйластық, кішіге қамқор бола білу сынды қасиеттердің табыла білгені қандай бақыт. Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып еріктілердің көмегімен Мария бүгін жаңа үйіне жайғасты. Апат айтып келмейді десек те, қоғам бейжайлықты көтермейді. Тек мұндай қасірет қайталанбаса екен  дейміз…