Татулықтың тұтқасы, бірліктің бесігі – Қазақстан

Қазақстанда тату-тәтті  өмір  сүретін халықтардың  әдет-ғұрпын, дәстүр-тарихын, тілін қастерлеп бүгініміз бен келешегіміз үшін бірлігімізді  нығайту басты борышымыз екенін арбір қазақстандық жақсы біледі.  Қазақстанның басты миссиясы – бейбітшілік, оның бірі – осында  мекен етіп жатқан халықтардың тілі мен мәдениетіне деген құрметті  шыңдау, еліміздегі халықтар достығын, бірлігін нығайту. Осы мақсатта Қазақстанда өмір сүріп  жатқан этностардың «Ассамблея» деген институты құрылып, «Достық үйі» деген түсінік орын алған болатын. Ассамблея – «ұйым»,  Достық үйі – «мәдени  орталық» деген  ұғым береді. Мұндай  мәдени орталықта этнос өкілдері өздерінің  озық  дәстүрлерін,  мерекелерін, ұлттық  киімдері мен тағамдарын өздерінің ұрпақтарына дәріптеп, насихаттап, елмен өздері жөнінде ақпарат беріп, бөлісіп  отырады.  Осындай саясаттың арқасында ұлттар мен ұлыстар өздерінің елдегі ел қатарлы орнын тауып, тілін, дінін сақтап қалды.

Бір шаңырақ астында  мекендеп жатқан, достығы жарасқан  Тәуелсіз жаңа Қазақстанымыздың  дамып, қарыштауына өз үлестерін  қосып жатқан өзге  ұлт өкілдерін еш  бөліп қарамаймыз. Ел ішінде «біз бәріміз – бір елміз, бір халықпыз!» деген түсінік болу керек әр адамда, сондай саналы, сау түсінік қалыптасу керек.  Қазақ елінің көк байрағын әлемдік деңгейде әлем чемпионаттарында желбіреткен  Ольга Шишигина, Илья Ильин, Геннадий Головкин, сондай-ақ қазақ тілін жетік меңгерген қоғам қайраткерлері Асылы Османқызы, Аскер Пириев, Қазақстан халық жазушысы Герольд Бергер, тележүргізушілер Мая Веронская, Ирина Ким, тағы басқалардың  мемлекеттік тіліміздің статусын көтеріп жүргені баршамызға мәлім.  Бұл дәлел емес пе?! Әлі де болса, мемлекеттік тілді қадір тұтатын этнос өкілдерінің саны көбейсе екен деген үміттеміз.

Мемлекетіміз – Қазақстан Республикасы үлкен аумақты алып жатыр, ләйім  жерге, дархан далаға кенде емеспіз. Елімізде   түрлі ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүріп, отанға қызмет етуде: қазақтар, орыстар, ұйғырлар, кәрістер, украиндар, немістер, татарлар, өзбектер және тағы басқа этностар.

Біз – Қазақстанның ұлттар мен ұлыстарды біртұтас бауырлас отбасына біріктіргенін мақтан тұтатын халықпыз. Облысымыздың өзі – атақты Әулие Ата жерінің өзінде қаншама этностар мекен етуде, тату-тәтті ұйысып өмір сүруде. Күмбезі күн сүйген Достық үйі сарайында барлығымыз бір елдің баласындай  боп жиі бас қосып отырамыз. Түрлі басқосуларға  облыстағы түрлі этнос өкілдерінен құралған қаншама адам жиналады?!

Сүттей ұйыған  жамбыл­дықтарға  берекелі тірліктің қадір-қасиетін терең түсініп, сол қазынаға бергісіз құндылықтарды жастарға өсиет ету – басты құндылық. Ғұлама Абай айтқандай «Көп адам дүниеге бой алдырған. Бой алдырып, аяғын көп шалдырған» осынау заманда Ассамблеяның ел бірлігін сақтаудағы маңыздылығын біраз адамдар түсінбей, теріс пікір беріп  жатады. Осы тұста да Абай атамыздың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген нақыл сөзін алға қойғым келеді. Қазақстанның барлық өңірлері секілді халқымыздың тал бесігі көне Тараз топырағында да  сексеннен астам ұлт пен ұлыстың өкілі тату-тәтті өмір сүріп жатыр.  Біршама өзім білетін, жұрт білетін ел бірлігін ту еткен өзге ұлт азаматтарының  барлық қоғамдық іс-шаралардың бел ортасында жүретіні  мені шын қуантады.   Екі мың жылдық тарихы бар  киелі өңірдегі барлық ұлттардың да ойы – «бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – бейбітшілікті, ашық аспанды Тәуелсіз Қазақстан!».

Біз, болашаққа көз тігіп, Тәуелсіз елімізді жаңа деңгейге, тың игі өзгерістерге жеткізу жолында бар күш-жігерімізді шын ниетпен, асқан жанашырлықпен салғанда ғана дамудың дара жолына шығамыз, қадірменді ағайын-бауыр, апа-сіңлі, қайратты жастарым мен тілі басқа, діні басқа, бірақ жүрегі бір, бауырлас отандастарым!

Жамбыл облыстық «Әулие Ата»

 Қазақ мәдени орталығы төрағасының орынбасары,

Тараз қалалық М.Х.Дулати атындағы

өңірлік университетінің профессоры

 Кабиева Айгүл Кабиқызы