Тараздықтар «Еуропа-Азия» халықаралық бейбітшілік және келісім шеруінің 1 – ші кезеңіне қатысушыларын қарсы алды

Нұр-Сұлтан қаласынан бастау алған достықты дәріптейтін «Еуропа-Азия» бейбітшілік және келісім шеру ағымдағы жылдың 10 шілдесінде тарихи қала Таразға табан тіреді.

Халықты бейбітшілік пен келісімге шақырған шеруді «Барысхан» алқабынан ту ұстаған жастар күтіп алды. Қонақжай қасиетімен талайды тамсандырған халқымыз қонақтарға ұлттық тағам саналатын жеті түрлі астан дәм татқызды. Қонақтарды күтіп алуға арналған іс-шаралар легі қаланың мотобайкерлерінің қатыстуымен «Мемлекеттік тулар шеруі» рәсімімен басталды.

Шеру қала қақпасынан кіріп Жамбыл және Төле би даңғылдары арқылы Нұрсұлтан Назарбаев алаңынан өтіп «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне тоқтады. Шеруді үрмелі аспаптарымен әскери оркестр бастап келді. Шеруге қатысушыларды шараға келген қала тұрғындары, облыстық ҚХА мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері мен өкілдері қарсы алды.

Айта кету керек, шараны Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы мен Тараз қаласының әкімдігі ұйымдастырып, қызықты да ауқымды бағдарламалар  ұсынды. Аталған шараларға Жамбыл облысы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері белсенді қатысты.

– Маған өтіп жатқан іс-шара өте қатты ұнауда. Ең құндысы – достықта өзара түсіністік бар. Біздің елімізде ұлттар мен ұлыстар арасында достық бар! Мұны бүкіл әлем білуі керек, – дейді Жамбыл облысы тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов.

Өнер сүйер қауым жамбылдық суретшілердің картиналарын, облыстық ҚХА қолөнершілер клубы өкілдерінің жәрмеңкеге ұсынған бірегей туындыларын тамашалады. Мұнда Сәрсенқұл Мырзабекованың моншақтан жасалған бұйымдары,  Раушан Құндызбаева мен Ольга Хабарованың әдемі әшекейлері мен кәдесыйлары, Вера Площенконың өзіндік қолтаңбасы бар керамикасы және Сәуле Мұсаеваның этникалық қолөнер бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Аталған жәрмеңкеге бұдан өзге Айғаным Байназарова, Гүлжазира Құдайбергенова, Левантина Козлова, Татьяна Горборукова, Сталин Хе, Наталья Мешков, Маяра Дәуренбаева және Раиса Науменко сынды кіл мықты шеберлердің қолдарынан шыққан бұйымдар қойылды.

Жәрмеңкеге қатысушы қолөнер шебері Сәуле Мұсаева «Бүкіл елдің халқы бір үйдің баласындай бірлікте өмір сүргенін қалаймын. Ұлт пен дінге бөлінбей, ынтымақта, ұйымшылдықта өмір сүруге шақырамын. Ұрпағымыз бейбіт елде тату-тәтті өмір сүру үшін ауызбіршілігіміз мықты болу керек деп білемін. Мен мұнда өз әріптестеріммен бірге осы шеруді қолдап, әрі жәрмеңке өз қолымнан шыққан туындыларды ұсынуға келдім. Мен бейбітшілік пен бірегейлікті әрқашан қолдаймын. Еліміз аман болсын!»-деп, өзіндік пікірімен бөлісті.

Таңқалдыратын туындыларды тамашалаған жұртшылықтың назары одан әрі концерттік бағдарламаға ауды. Шерушілерге арнайы әзірленген «Жүректен жүрекке жетер сазды әуен» атты кешке облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктерінің өнерпаздары ерекше атсалысты.  Концертке К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның әншісі Алмас Қырғызалиев және  «Әулие Ата» қазақ мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілі Алишер Боранбаев, облыстық «Радонеж» орыстар қоғамы» қоғамдық  бірлестігінің «Калинка» вокалдық ансамблі, «Жамбыл облысы немістер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Поющие сердца» вокалдық ансамблі, «Жамбыл облыстық гректер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Infiniti» би ансамблі, «Kamerton» эстрадалық вокал студиясының оқытушылары Бахром Муминов пен Диас Әбілеков, «Жас дәурен» үлгілі би ансамблі және «Днипро» украин мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің «Маричка» вокалдық ансамблдері қатысып, жиылған жұртшылықтың ыстық ықыласына бөленді.

«Бейбітшілік және келісім» шерушілері мен қала тұрғындары әрмен қарай облыс әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының  ұйымдастыруымен  өткен спорттық халық ойындарын және  балалар мен ересектерге арналған спорттық шеберлік сағаттарын өткізді. Шерушілер гір тасын көтеру, асық ату, арқан  тарту сынды ұлттық ойындарды тамашалады.

Келісім мен бірегейлікке үндеген  шеру шаралары  11 шілде күні  қаламыздағы Достық үйінде өткен шеру қонақтары және  БАҚ өкілдерінің қатысқан баспасөз конференциясына ұласты.

Конференция барысында шеру жұмысының жай-жапсары, мақсаты мен міндеті, атқаратын жоспары мен арқау болған тақырыптары туралы және ең маңызды әрі қызықты сәттері туралы талқыланды.

Халықаралық шерудің атқарушы директоры Руслан Абдуллин бейбітшілік және келісім шеруіне Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Башқұртстан өкілдері қатысатынын айтты. «Қазірдің өзінде он алты шеруді ұйымдастырдық  және оның он бесі дайындық есебінде болған. Соның өзінде олар Еуропа, Азия, Таяу Шығыс, Үндістан аумағы арқылы өтіп 16 мемлекетті қамтыған. Сол шерулер барысында бүгінгідей кездесудің жоспары пысықталды»- дейді, Руслан Абдуллин.

«Еуропа – Азия» бейбітшілік пен келісім шеруінің 1-ші кезеңіне Қырғызстан мемлекетінен  қатысушысы Мээрим Женалиева  «Біздің халқымыз ежелден бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келеді.  Бұл біздің негізгі ерекшелігіміз. Этнос, дін, әлеуметтік мәртебеге қарамастан, барлығына бірегейлік пен ауызбіршілік қажет. Егер біз бейбітшілік пен келісімде өмір сүретін болсақ, онда өркендейтін боламыз»-деді, өз сөзінде.

Одан әрі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы, православие шіркеуі өкілдерінің, Жамбыл облысы этномәдени бірлестіктері төрағаларының қатысуымен «Этносаралық және дінаралық диалогтың ғылыми тұжырымдамасын талқылау» атты дөңгелек үстел өтті.

Кездесу барысында «Еуропа-Азия» бейбітшілік және келісім шеруінің атқарушы директоры Руслан Абдуллин аталған халықаралық қозғалыстың пайда болу тарихын айтып берді. Дөңгелек үстелге қатысушыларды іске асырылып жатқан жобалармен таныстырды, олардың арасында қазақстандық брендтерді насихаттауға бағытталған жобалар да бар. Әрі қарай қазіргі әлемнің рухани аспектілері туралы мәселелер қарастырылды. Қатысушылар бейбітшілік пен келісімді сақтаудың маңыздылығы туралы өз пікірлерін білдіріп, сауалдар жолдады.

Іс-шара соңы естелік суреттерге түсумен тәмамдалды.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз орталығы