Таразда «Туған жерім-дархан далам» атты Жамбыл, Байзақ аудандарының күндері өтті

Үстіміздегі жылдың 8-9 қазанында Тараз қаласының туған күніне орай, Арбатта «Туған жерім – дархан далам» атты Жамбыл мен Байзақ аудандарының күндері өткізілді.

Іс-шарада облыстық ассамблеяға қатысты Жамбыл аудандық «Ахыска» түрік, «Вынхуа» дүнген және «Барбанг» күрді этномәдени орталықтарының басшылары мен белсенді мүшелері қатысып, аталмыш іс-шарада өздерінің ұлттық салт-дәстүрі мен ұлттық тағамдарын жиналған жұртқа тарту етті.

Бұған қоса, Арбат алаңында спорттық ойындар көрсетіліп, оның ішіндегі үздік қатысушыларға төсбелгі мен мақтау қағаздар табыс етілді. Сондай-ақ, мерекеге Байзақ ауданының этнос өкілдері де қатысып, Қазак мәдени орталығының мүшелері ұлттық жабдықтармен көркемделген киіз үйді жұртшылық назарына ұсынды. Бұған қоса, екі ауданның түрлі этностарынан құралған шығармашылық топтары сахнада ұлттық киімдерімен өнер көрсетті. Киіз үймен қоса, қала қонақтары мен тұрғындары, іс-шараға қатысушылар екі ауданның Өлкетану мұражайларынан әкелінген көне тұрмыстық заттарды, көркем суреттерді, тарихи артефактілерді тамашалады.

Сонымен қатар, кітап экспозициясы ұсынылды. Осыған қоса, жәрмеңке өткізіліп, Жамбыл, Байзақ аудандық ауылдық округтерінің жеке шаруашылық қожалықтарының өкілдері сүт, ет өнімдерін, көкөністер мен жемістерді келушілерге арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, іс-шараға қатысушылардың қатарында атап айтсақ, “Вынхуа” дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі, “Жалпақтөбе” ауылының тұрғыны Фарида Камалова, “Ахыска” түрік этномәдени бірлестігінің мүшелері, “Шайқорық” ауылдық округінің тұрғындары Мехрави Хамдиев пен Рамазан Мұзафаров, “Барбанг” Күрділер этномәдени бірлестігінің мүшесі, ақсақалдар кеңесінің төрағасы Сабри Асанов, “Олжас” шаруа қожалығының өкілдері бар.

Сонымен бірге, “Айнұры” татар этномәдени бірлестігінің мүшесі Динара Темірболатова (“Бесағаш” ауылдық округі), сол ауылдық округтің тұрғыны Гүлмира Биторсықова және “Қаратөбе” ауылдық округінің тұрғыны Нұрқабыл Қыстаубеков және т. б. аталмыш жәрмеңкенің ел көңілінен шығуына аянбай атсалысты.

Тараз қаласын әсем ән мен тәтті күйге бөлеген бұл іс-шара қала қонақтары мен тұрғындарына қоңыр күздің салқын бір күндерінде көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.