ТАРАЗДА ТАТАР БІРЛЕСТІГІНІҢ ҰЙЫМДАСТЫРУЫМЕН ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Ағымдағы жылдың 27 қыркүйегінде «Анаға тағзым» орталығында “Біртұтас Қазақстандағы түрлі этнос аналарының бейнесі” атты дөңгелек үстел өтті.

Ауқымды шараға Астана,Түркістан,Шымкент, Павлодар, Тааз қалаларынан арнайы келген этномәдени бірлестіктері Аналар кеңестерінің төрағалары қатысты.

Отырыс барысында «Салауатты сана» республикалық жобалары мен «Қазақстандық Татарлар мен башқұрттар конгресінің» Жамбыл филиалындағы «Ак калфак» клубының қызметі, сондай-ақ, түрлі этностардың жас аналарын, жастарын саяси-экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан тәрбиелеудегі Аналар кеңесінің рөлі талқыланды.

Жиынға «Қазақстандық Татар және башқұрттар конгресі» РҚБ жанындағы «Ақ қалфак» әйелдер кеңесінің басшысы, «Дослық» Татар мәдени орталығының төрайымы Яннат Низамутдинова еліміздегі жастардың салт-дәстүрді сақтаудағы рөліне және этнос өкілдері аналарының аналық болмысы, жар кейпіндегі тұлғалық қасиеті, қоғамдағы орны, жалпы бақытты әйел бейнесін қалыптастыру мәселелеріне тоқталды.

Өз кезегінде облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төраға орынбасары Сара Даузова ысырапшылдықтың қоғамдық, экономикалық зардаптары туралы «аста-төкке» ырық беруден бас тартуға үндеді.

Алқалы жиында «Қоғамдық келісім» КММ “Жобаларды іске асыру және ҚХА құрылымдарымен жұмыс” бөлімінің басшысы Аққу Қаратаева да шара қатысушыларын маңызды басқосумен құттықтап, Аналар кеңесінің ҚХА жобаларын жоғары деңгейде жүзеге асырып келе жатқандығына айрықша тоқталып өтті.

Сондай-ақ, «Айнуры» Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі» ҚБ төрағасы Амир Халиков та қатысушылар қатарында өз ой-пікірі мен алыстан ат арытып келушілерге ризашыдығын білдірді.

Сындарлы пікірталас барысында пікірлер мен ұсыныстар алмастырылды.

Шара қонағы жүзу спортынан паралимпиада чемпионы Зульфия Габидуллинаға Яннат Низамутдинова шынайы ықыласын білдіріп, сый-сияпатын ұсынды.

Дөңгелек үстел барысында талқыланған тақырыптардан қатысушылар өздеріне рухани азық алып, жақсы әсерде тарқасты.