Таразда тәжік этносының мәдениет күні өтті
Ағымдағы жылдың қараша айында Тараз қаласының Достық үйінде Тәжік ұлтының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, мәдениеті мен тарихына арналған этнос күні аталып өтті. «Жамбыл облыстық Тәжік этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған мерекелік іс-шараны орталық төрағасы Мулладжанов Алижон Шукурович ашты.
Концерттік бағдарламада тәжіктердің классикалық поэзиясынан үзінділер және қазіргі тәжік авторларының өлеңдері орындалды. Тәжік халық аспабы «дутардың» сүйемелдеуімен халық әндері орындалып, ұлттық билер биленді.
Көрермендерге дәстүрлі тәжік тағамдарын дайындаудағы шеберлік сыныбына қатысып, тағамдардан дәм тату мүмкіндігі бұйырды. Сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде Тәжікстанның түрлі аймақтарынан келген тәжік халық киімдері, кестеленген кілем, дастархан, жастықтар және көне және заманауи керек-жарақтардың барлығы қойылды.
Іс-шараның соңында этномәдени бірлестіктің төрағасы аз қамтылған отбасылардың балаларына жылы киімдер мен аяқ киімдер үлестірді. Сонымен қатар, бірлестіктің белсенді мүшелерін алғыс хаттар және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Тәжік этномәдени бірлестігі облыста өткізілетін этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, халықтар достығын дамытуға бағытталған барлық іс-шараларға белсенді қатысатындықтан, дәстүрлі тілде өткізілетін бұл этнос күні халықтардың достығы мен бірлігін бекітіп, серіктестікті кеңейте түсері анық.
Жамбыл облысы әкімдігі
Ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы