Таразда отбасы орталығы ашылды

Балаларды қорғау күні қарсаңында, Достық үйі ғимаратында, Қазақстан халқы Ассамблеясы және облыстық соттың ұйымдастыруымен «Отбасы» орталығы ашылды.

Ашылу салтанатының рәсімді облыстық сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков пен облыстық ассамблея төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Қожаева Маржан Төреғұлқызы өткізді. Аталған іс-шара отбасылық сот пилоттық жобасын іске асыру шеңберінде өткізілді.

Салтанатты шараға Жамбыл облыстық сотының сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков, облыс судьялары, Жамбыл облыстық ҚХА хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева, облыстық Әділет өкілі Ләззат Әбішева, аналар кеңесінің өкілдері, ақсақалдар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, ҚХА медиаторлары, “Бастау” отбасын ресурстық қолдау жөніндегі жұмыс тобының өкілдері, адвокаттар, заңгерлер, қорғаншылық және қамқоршылық органдарының және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты.

Медиация кабинетінде осындай орталықты құрудың басты мақсаты араздасқан отбасыларды татуластыру және отбасылық құндылықтарды сақтау, сондай-ақ отбасылық жанжалдарды реттеу бойынша қызметтер кешенін көрсету орталығына айналадыру.

Шара барысында Жамбыл облысы ҚХА хатшылығының меңгерушісі Қожаева Маржан Төреғұлқызы 2017 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тараз қаласына бағытталған  сапарында отбасы, неке, жастар мәселелеріне ерекше алаңдайтынын және аталған мәселелер бойынша жұмыс жасалуын тапсырғандығын атап өтті. Сондай-ақ, осы тапсырмаларға сай, бүгінде  Аналар кеңесі және медиация кабинеті көптеген жұмыстар атқарып жатқандығын жеткізді.

Жамбыл облыстық сотының сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков облыстық Қазақстан халқы ассамблеясына осындай орталықты құруға мүмкіндік беріп, бірге жұдырық жұмылдыра жұмыс істегені үшін алғысын білдірді. Сот алқасының төрағасы: «Бұдан әрі орталықта отбасы-неке даулары бойынша дауларды сотқа дейін және соттан тыс реттеу институтын дамыту  шараларының жүргізілетінін атап өтті. Алда мұндай іс-шараларға бітімгер-судьялар, медиаторлар, психологтар мен әлеуметтанушылар қатысады және  олардың міндеті жанжал жасаушы ерлі-зайыптыларды татуластыру және ажырасу санын мейлінше азайту болып табылады»- дейді.

Сонымен қатар іс-шара барысында Жамбыл облысы Әділет департаментінің өкілі Ләззат Әбішева «Отбасылық сот» атты жаңа жобамен таныстырып, АХАТ органдарына өтініш білдірген жас жұптарға тегін курс-тренингтерді ұйымдастыру, ерлі-зайыптылардың, ата-аналардың жеке, мүліктік құқықтары мен міндеттеріне, алименттік міндеттемелерге, бала құқықтарына байланысты құқықтық кеңес беру мәселелері туралы айтып өтті.

Медиация кабинеті осындай орталықты құру арқылы енді отбасыларды татуластыру және отбасылық құндылықтарды сақтау, жанжалдарды реттеу бойынша қызметтер кешенін көрсету орталығына айналады.

Жамбыл облысы әкімінің аппаратының

“Қоғамдық келісім” КММ

баспасөз қызметі