ТАРАЗДА «ЕСЕНИАДА-2023» ФЕСТИВАЛІ ӨТУДЕ

Ағымдағы жылдың 3-қыркүйегінде Тараз қаласында Жамбыл облыстық «Радонеж» Орыстар қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен орыс халқының көрнекті ақыны Сергей Есениннің құрметіне арналған «Есениада-2023» алғашқы әбеди-шығармашылық облыстық фестивалі өтуде.

Фестивальды өткізудегі мақсат —қазақстандық, азаматтық бірегейлікті қалыптастыру, жеке тұлғаның мәдениетін, өнерін шыңдауға жәрдемдесу және шығармашылық әлеуетін дамыту.

Іс-шараның І-бөлімі қаламыздағы С.Есенин ескерткішінің жанында басталып, ІІ-бөлімі «Қоғамдық келісім» КММ ғимараты – Достық үйінде дәл осы күні жалғастырылды.

Фестивальдің І-бөлімінде мектеп, орта білім, жоғарғы білім оқу орындарының оқушылары мен студенттері арасында С.Есенин өлеңдерін оқудан, сол өлеңдерге иллюстрация ретінде сурет салудан байқаулар өтті.

Бұдан соң, Орыс драма театры актерларының қатысуымен ақын өлеңдерінің кейіпкерлері сомдалған әдеби-музыкалық қойылымдар көрсетілді.

Шараның ІІ-бөлімінде орыс бірлестігі өкілдерінің қатысуымен жиналған жұртшылыққа ақынның өлеңдері оқылып, оның шығармашылығы мен өмір жолы жөнінде арнайы дайындалған бейнеролик тамашаланды.

Әдеби кештің сәні мен салтанатын «Радонеждің» «Калинка» вокалдық ансамблі мен «Днепроның» шығармашылық тобы жеке әншілерінің жанды дауыста шырқалған әндері келтірді.

Олар С.А.Есенин сөзіне жазылған — «Отговорила роща золотая», «Клен», «Над окошком месяц», «Письмо к женщине», «Никогда я не был на Босфоре» т.б., лирикалық әндерін нақышына келтіре орындап, көрермендердің көзайымына айналды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі