Таразда «АХЫСКА» Түрік этносының мәдениет күні өтті
Ағымдағы жылдың қараша айында Тараз қаласында «Ахыска» түрік этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы төрағасы Махмұджон Мираддинұлы Давришев бастаған түрік этносының мәдениет күні түрік-ахыска депортациясының 76 жылдығына орайластырылып өткізілді.
Этномәдени бірлестіктің басшысы айтқандай: «Депортацияның 76 жылдығында біз қуғын-сүргінге ұшыраған барлық қаза тапқан отандастарымызды кішіден үлкенге дейін құрметтейміз. Кеңес әскері бір сағат ішінде 120 мыңнан астам адамды жаппай мәжбүрлеп елінен шығаруды жүзеге асырды. Қарттарды, әйелдер мен балаларды суықта мал вагондарына тиеп, туған жерінен мыңдаған шақырымдық Қазақ жеріне
жер аударды. Бірақ, бұған қарамастан, түрік халқы бауырлас қазақ халқымен бір шаңырақ астында қатар тұрып, Қазақстан жерінде бақытты өмір сүріп кете алды» – деп атап өтті.
Іс-шараға ақсақалдар алқасы, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары шақырылды. Бұған қоса, олар үшін мерекелік дастархан жайылып, қасиетті Құраннан сүрелер оқылды. Этномәдени бірлестік мүшелері қазақ халқына деген жылы лебіздерін білдірді.
Жиын соңында түрік этносының белсенді өкілдеріне қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті, мемлекеттік ұлттық бірегейлікті және облыстық ассамблея қызметін нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.
Жамбыл облысы әкімдігі
Ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз орталығы