Таразда Ұлы Жеңіс күніне арналған Халықаралық турнир басталды

2023 жылдың 9 мамырында Тараз қаласының Ж.Үшкемпіров атындағы «Тараз Арена» спорт сарайында басталған «Ордабасы» ұлттық командалық ойынының Ұлы Отан соғысының Жеңіс күніне арналған халықаралық турнирінің бірінші күні өтті.
Ұйымдастырушы – «Ордабасы» Қазақстан командалық ойын федерациясы « РҚБ.
Жекпе-жек сайыскерлерінің әдіс-тәсілдерін тамашалауға, арнайы kick-sparring-тен өнерлерін көруге, сондай-ақ, «Ордабасы» ұлттық командалық ойындары бойынша кәсіби шеберліктерін бөлісуге ойластырылған спорттық іс-шара 2 күнге созылмақ.
Файтерлерге арналған жарыстың бірінші күні олардың ережелер мен шарттарды дұрыс қолдануы, яғни, спорттық формаларды көрсетуінен басталды. Ерекше атап өткен жөн, сайыскерлердің дайындық деңгейі мен шеберлігі де осы формаларды көрсетуінен-ақ бірден байқалды.
Мәселен, жекпе-жек кезінде ырғақты ұстай білу, өзін-өзі баппен меңгерудегі ой жүйріктігі, дене қозғалыстарының табиғилығы, мұның бәрі жоғары деңгейде көрсетілді.
Бұдан соң «Ордабасы» ұлттық командалық ойыны басталды. Бұл күні сайысқа жасөспірімдер қатысты. Атаулы ойынның иесі, ойлап тапқан авторы ҚР Спортына еңбегі сіңген спорт қайраткері, ҚХА мүшесі, аталған федерация президенті Руслан Бакирович Исмазов екенін еске сала кетейік.
Бүгін, халықаралық шара болғандықтан ба, залдағы көрермендер мен жанкүйерлердің, бапкерлердің бұрын-соңды болмаған қызықты да көңілді , нағыз жанкүйерлік түрлі эмоцияларының куәсі болдық. Жекпе-жек тіпті қызған кезде ойыншылар сонда да ережелерді барынша бұзбауға тырысты. Олар өз ойын аумағын қатты қорғаштап, ептілікпен ұстап қана тұрмай бір жағы қарсыластың “туын” басып алуға талпынып, сөзсіз жеңіске жетуге тырысып-ақ бақты.
Ойынның бабына әбден жаттығып епті болып алған
қарсыластар бір-бірлерімен қызу жекпе-жек үстінде де ойын ережесінен асып кетпей, үлгілі тактика мен қарсыласқа деген құрметін сақтауға тырысады. Ойынның қызығы да осы тұста.
Турнирдің ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Еркін Құлымбайұлы Үйсімбаев жиынға шақырылған қариялар – соғыс ардагерлерін атаулы мейраммен құттықтап, оларға зор ілтипат, жылы лебізін білдірді. Сонымен бірге, “Қоғамдық келісім”КММ басшысы Жинақбаева Мүбәрак Қасымқызы да жиналған жұртшылық пен қарт жауынгерлерге сөз сөйлеп, ізгі тілегін жеткізді.
Ұлттық ойын турнирдің алғашқы күні бойынша өз мәресіне жеткен соң, ойынға белсенді қатысқан өскелең ұрпақ қатары бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс бөлімі