Таразда Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары Кузиев Закиржан Пірмұхамедұлымен кездесу өтті

Ағымдағы жылдың 21сәуірінде Тараз қаласының Достық үйінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына кандидат, Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының Қоғамдық орынбасары Кузиев Закиржан Пірмұхамедұлы Жамбыл облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері және төрағалары, төрайымдарымен кездесті. Атап айтқанда, жиынға облыстық қазақ, грек, ұйғыр, күрді, қытай, қарашай-балқар, тәжік, орыс, поляк, қалалық және облыстық өзбек этномәдени бірлестіктерінің басшылары, “Ассамблея жастары”  ҚХА жастар қозғалысының жастары және «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері қатысты.

Іс-шараның басы Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедованың өңірлік ҚХА мүшелерін таныстыруынан басталды. Сонымен бірге, ассамблея мүшелерін насихаттау және сайлауалды жұмыстарының басталғаны жөнінде хабардар етті.

Кездесу барысында Закиржан Пірмұхамедұлы өзін қысқаша таныстырып өткеннен кейін Әулиеата өңіріне келген сапарының себебін түсіндіре келе, қатысушыларға өзінің сайлауалды идеяларымен бөлісті. Оның құрамына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты лауазымында іске асыруды жоспарлап отырған бірқатар шаралар кіреді. Сондай-ақ, ол бүгінгі күнге дейін жүзеге асырылған іс-шаралар туралы айтып, өзіне жүктелген жауапкершілікті өз мойнына зор жауапкершілікпен алуға дайын екендігін атап өтті: «Қазір әлемнің біраз жерлерінде қақтығыстар орын алып, кейбір елдерде бейбітшілікке қауіп-қатер төнуде. Бірақ Қазақстанда мұндай жағдайлар көрініс бермейді деп толық сенемін. Өткен күндерімізге көз жүгіртсек, кешегі Мақтаралдағы табиғат апаттары, Арыс пен Байзақтағы қару-жарақ қоймасының жарылысы, жалпы Қазақстандағы қаңтар оқиғасы адамзатқа қауіп тудырған келеңсіздіктер Қазақ елінің қабырғасын қайыстырмай қоймады. Қазір Мемлекет басшысының көреген саясатының арқасында Қазақстан жаңаша даму жолында. Осыған орай, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған саяси реформалардың төрт бағыты бойынша қоғамды демократияландыру жөніндегі бастамаларды қолдаймын. Қазір парламенттік және президенттік дұрыс басқару жүйесіне көшудің соңғы кезеңдері жүзеге асырылуда. Біздің ұранымыз– қуатты Президент, беделді Парламент және тиянақты жұмыс істейтін Үкімет. Мен заң шығарушы органның мүшелігіне үміткерлердің бірі ретінде осы бағытта жұмыс істеуге дайынмын», – деп өз сөзін түйіндеді Закиржан Кузиев.

Осыған қоса, облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Латиф Айдаров, Жамбыл облыстық этномәдени бірлестіктерінің жетекшілері – Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухабат Турдыева, Гректер орталығының басшысы Георгий Буюкиди, облыстық Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахром Муминов, «Радонеж» Орыстар қауымдастығының басшысы Владимир Сорокин, “Ассамблея жастары” ҚХА жастар қозғалысының жетекшісі Хамида Турдыева және этносаралық саладағы зерттеу жұмыстарымен танымал Парида Иманжанқызы да отырыста өз ойлары мене ұсыныстарын ортаға салды. Олар ассамблея статусының сақталуы, төмендемеуі немесе жоғарылауы, саяси реформалар, сайлау сауалдары, ұлттық мектептерді ашу, мемлекеттік және ұлттық тілдері игеру бойынша тіл мәселесі,көші-қон мәселелері, сондай-ақ, ақпараттық әлемдегі этносаралық араздыққа әкелетін, адам құқығына қайшы келетін заңсыздық әрекеттер, орын алып жататын жағымсыз пікірлер жөнінде де айта кетті.

Жиын соңында Тараз қалалық Достық үйіне саяхат жасалып, З.Кузиев осы ғимаратта орналасқан Махмұт Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігінің мұражайымен танысты.

Дауыс беру жуық арада Нұр-сұлтан қаласында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХ сессиясында өтпек. Осыған орай, Жамбыл облыстық ҚХА мүшелерінің атынан Закиржан Пірмұхамедұлына сәт сапар мен сәттілік тілейміз!

Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығының басшысы

Бибигуль Шахзада