Таразда ғылыми-сараптамалық тобының кеңейтілген отырысы өтті

Тараздаға  іргелі оқу орындарының бірі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің бас ғимаратында «Тәуелсіз Қазақстан жастары-табысты болашақтың кепілі» атты Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының  кеңейтілген  отырысы өтті.

Отырысқа Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясының ғылыми-сараптамалық тобының мүшелері, этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, Аналар, Ақсақал кеңестері, этномәдени бірлестіктерінің жастары, оқытушылар, магистранттар мен білімгерлер, облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.

«Қоғамдық келісім» КММ мен ғылыми-сараптамалық тобының ұйымдастыруымен өткен отырыс университет ректоры, ғылыми-сараптамалық тобының төрағасы Сарыбеков Махметғали Нұрғалиұлы және Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Қожаева Маржан Төреғұлқызының құттықтау сөздерімен басталды. Жиылған жұртшылықты бірнеше күн бұрын ғана өткен Алғыс айту күнімен құттықтап, биылғы жастар жылында жастарға көбірек көңіл бөліну, алдағы уақытта атқаруға тиіс жұмыстар жүйелері туралы сөз қозғалды.

Жиын барысында М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің, «Құрылыс және материалдар өндіру» кафедрасының меңгерушісі, Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық тобының мүшесі Молдамұратов Жанғазы Нұржанұлы «Жастар Тәуелсіз Қазақстанның болашақ негізі және Ұлы даланың тірегі!» атты өз баяндамасымен таныстырды.

Жанғазы Нұржанұлы өз сөзінде «Болашақтың негізі бүгіннен қаланады. Ал, жастар-болашақтың мәңгілік қозғаушы күші. Сондықтан, Қазақстанның болашағы жастардың, экономикалық, саяси, рухани және қоғамдағы даму деңгейімен тығыз байланысты.  Бүгінде ең маңыздысы жуық арадағы 5-10 жылдың ішінде дамудың жаңа сатысына көтерілу үшін бірінші кезекте назар аударуға тиісті мәселеллер бар.Олар: ғылым мен ғылымды қажетсінетін өндірісті дамыту, тұрғын үй мәселесін шешу: жас отбасылар үшін тұрғын үйді қолжетімді ету, халықтың мәдениет және білім деңгейін арттыру, бюджет бөлінетін жалақының ұлғайту»- деді.

Жиылған жұртшылық алдында екінші болып Миражапова Мухабатхон Сайдуллаевна «Қазіргі жастардың рухани-адамгершілік тәрбиесі мен дамуына аналардың қосқан үлесі» атты өз баяндамасын жасады. Мухабатхон Сайдуллаевна Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрағасы, «Жамбыл облысының өзбек этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігінің басқарма мүшесі.  Аналар кеңесінің төрағасы еліміздің барлық өңірінде Аналар кеңесі  жылына бірнешге мәрте бас қосып тәжірибе алмасып отыратындарын, түрлі іс-шаралар өткізу арқылы кейінгі жас ұрпақ бойындағы  тәрбие-талғамды түзеп отыратындарын жеткізді. Сонымен қатар, Мухабатхон Сайдуллаевна төрелік етіп отырған Аналар кеңесі облыс көлемі бойынша көмекке мұқтаж аналар мен балалар, жас отбасыларға көмек қолын созып келеді. Одан бөлек биылғы жылы түрлі жан –жалдар мен даулардан шайқалған 35 шаңырақтың 32 ажырасу секілді бүгінгі қоғамның дертінен аман алып қалған. Қалған 3 отбасының арасы еш дау, жан-жалсыз ажыратылған. Аналар кеңесінің атқарып жатқан жұмыстары ел игіігі мен халық қажеттілігіне жарап жатыр. Жиын баяндамашыларға сұрақтар қойылып, тақырыптар талқыланып, кеңейтілген отырыстың қатысушылары жиын барысында белсенділік танытып отырды.

Сонымен бірге Кеңейтілген отырыста М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Қазақстан халқы Ассамблеясы» кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты Мамедова Парида Иманжанқызы өз баяндамасын жасады. Баяндама тақырыбы «Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырыс аясында «Жамбыл облысындағы этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы әлеуметтік зерттеулердің қорытындылары» деп аталады. Аталған баяндамада Парида Иманжанқызы «”Жастар-зерттеу” жастар қоғамдық бірлестігі 2018 жылдың мамыр айынан қараша айына дейін бірнеше ай бойы Жамбыл облысындағы этноконфессиялық жағдайды бойынша стандартталған зерттеу жұмыстарын жүзеге асырды. Олардың арасында мемлекеттік қызметкерлер, студенттер, өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, зейнеткерлер, мұғалімдер, дәрігерлер, жұмысшылар, жеке кәсіпорындардың, шаруа қожалықтарының қызметкерлері мен иелері, кәсіпкерлер мен жұмыссыздар бар. Барлығы 18 жастан асқан 1200 адамнан сауалнама алынған. Саулнамаларды өңдеу барысында 1093 сауалнама өңдеуден өтті. Оның 41,8 әейел азаматтар болса қалған 58,2 пайызы ер азаматтар. Сонымен зерттеу жұмысы нәтежиесінде этникалық құрамда қазақтар үлесі басымрақ. Олар – 63,9%. Орыс ұлтының үлесі – 6,7% респонденттер, ал дүнген – 6,9%, түріктер – 5,6%, өзбек – 3,1%, күрдтер – 2,0%, әзірбайжандар – 3,4%, кәрістер – 1,3%, татарлар – 2,7%, немістер – 1,8%, басқа ұлттар-4,6% құрады» -деді.

Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының  кеңейтілген  отырысының соңында топ құрамы жаңартылып, естелік суреттерге түсумен аяқталды.

 

 

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ

баспасөз қызметі