Тараз қаласының Достық үйіне жаңа басшы тағайындалды

Ағымдағы жылдың 9 наурызында Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігінің тапсырмасы негізінде, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының бұйрығымен және Жамбыл облысының әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың шешімімен Парида Иманжанқызы Мамедова Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы қызметіне тағайындалды.
Жиынға «Қоғамдық келісім» КММ ұжымы, этномәдени бірлестік өкілдері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері және қалалық, облыстық БАҚ тілшілері қатысты.
Жаңа басшы Парида Мамедованы Достық үйінде өткен басқосуда облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев таныстырды. Ол өз сөзінде өңірімізде орын алған келеңсіз жағдайларға байланысты қазіргі қоғамның ел бірлігін сақтау, тұрақтылықты, ұлтаралық татулықты нығайтуды, осы бағытта жаңаша бағытта, жаңа көзқараста жұмыс жүргізуді талап етіп отырғандығына тоқталып, ҚР Президент Әкімшілігінің тапсырмасымен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс әкімдігі аппаратынан, облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына өткендігі жөнінде егжей-тегжейлі айтып өтті. Сондай-ақ, аталмыш мекеменің құрылымы мен кейбір бағыттарының қайта қаралып, бірқатар жұмыстар мен міндеттерді жүргізу қолға алынғандығы жөнінде де зерделеді.
Сонымен бірге, нәтижесінде өткен жылы облыстық ассамблеяның атқарған жұмыстары жөнінде атқарылып, бірқатар ірі жобалар жүзеге асты. Атқарылған жұмыстардың нәтижелі болуына «Қоғамдық келісім» мекемесі ұжымының, әрбір этномәдени бірлестік мүшелерінің қосқан үлесі зор. Алдағы уақытта өңірдің әр елді мекеніндегі халықтың тыныс-тіршілігін саралау, тұрғындарды қандай мәселелер толғандыратынын саралайтын жұмыстарға кеңінен тоқталды. – Осы уақытқа дейін сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеген Рано Убайдуллаеваға айтар алғысымыз шексіз. Енді осы қызметке облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы басшысының бұйрығымен Парида Иманжанқызы тағайындалды. Жаңа басшы сенімдеріңізден шығатынына сенімдімін, – деді Ержан Жұматұлы. Осы тұста айта кетейік, аталған мекеменің бұрынғы басшысы Убайдуллаева Рано Махсұдқызы облыстық тарихи-өлкетану музейі басшысының орынбасары болып тағайындалды.
Сонымен бірге, облыс әкімінің орынбасары ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасын жүзеге асырудың маңыздылығын да атап өтті. Аталған жоба аясында қоғамдық-саяси ахуалды мониторингілеудің, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтаудың және шешудің мәні зор екенін тілге тиек етіп, алда атқарылар бірқатар өзге де шаруаларға қысқаша тоқталды. Сондай-ақ, Парида Мамедова да артылған жауапкершілік жүгін өз деңгейінде көтеріп, мойнындағы міндеттін абыроймен атқару мақсатында ұжыммен жұмыла жұмыс істейтінін жеткізді.
Жалпы, еске сала кетейік, П.Мамедова М.Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.
– Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары, «Жастар зерттеу» өңір жастарының мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, Қазақстан саясаттанушылар конгресінің Жамбыл филиалының директоры ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына уақытында белсене араластым. Бұл салада бірқатар жайттарды зерделеп, көптеген жұмыстардың атқарылуына өз үлесімді қостым. Десе де бір өзім ештеңе тындыра алмайтыным анық. Сондықтан ұжымды бірлесе еңбек етіп, жүктелген міндетті бірге еңсеру үшін күш салуға шақырамын. Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді П.Мамедова.
Жиын барысында аталған мекеменің ұжымы мен этномәдени бірлестік өз-ой пікірлерін білдіріп, кейбір мәселелерге қатысты талап-тілектерін жеткізді.

Жамбыл облысы әкімдігі
Ішкі саясат басқармасының
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы