Тараз қаласының Достық үйінде Алғыс айту күніне орай «Мейірімділікпен бірлікке!» баспасөз брифингі өтті

Ағымдағы жылдың ақпан айында Тараз қаласы, Достық үйінде Алғыс айту күніне орай  «Мейірімділікпен бірлікке!» тақырыбында брифинг  өтті. Баспасөз брифингі барысында Жамбыл облысы ҚХА хатшылығы және «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өтетін Алғыс айту мерекесіне байланысты алдағы уақытта өткізілген және жоспарланған  іс-шаралардың желісі  мен бағдарламалары жөнінде облыстық және қалалық БАҚ өкілдеріне  ақпарат таратылды.

Іс-шараға БАҚ өкілдері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері қатысты.

Шараның мақсаты – Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шаралар туралы  БАҚ арқылы халықты ақпараттандыру.

Алғыс айту күні – баршаға ортақ тарихымыз бен мәдениетімізді, әдебиетіміз бен ұлттық құндылықтарымызды құрметтеудің, әр этнос өкілдерінің құтты қоныс жайлы мекендеріне айналған ұлы даламыз бен кеңпейілді қазақ халқына деген тағзымының белгісі болғандықтан бұл мерекені бейбітшілік пен келісім саясатының салтанат құрған күні деп те санаймыз. Осыған орай, брифингтің спикерлері – Жамбыл облысы ҚХА хатшылығының бас инспекторы Жақсылық Жасөркен Берікұлы мен Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Убайдуллаева Рано Махсұдқызы БАҚ өкілдерін жоспарланған және өткізілген іс-шаралармен таныстырып, қойылған сұрақтарына жауап берді. «ХІХ-ғасырдың аяғы мен ХХ-ғасырдың басында аты жер жарған аграрлық «столыпин» реформасына байланысты мыңдаған орыстар мен украиндықтар Қазақстанға, оның ішінде Жамбыл облысына жер аударған. Олар Жамбыл өңірінде хуторлары мен ауылдарын тұрғызып, жер өңдеп, егін егіп, бау-бақшаларын өсірді. Сонымен бірге 30-40-жылдардағы жаппай депортациялану негізінде осы өңірге кәрістер, немістер, шешен-ингуштар, татарлар мен түріктер, армяндар мен гректер, күрділер мен қарашай-балқарлықтар да көшірілген болатын. Қазақстанның кең алқап, жазық далаларына вагондардан лек-легімен түсірілген өзге ұлт өкілдерінен  қазақ отбасылары өздерінің қиын-қыстауда отырғанына қарамастан  көмегін аямай, бір нанды бөлісіп жеп, Қазақстанның киелі өлкесін екінші отандарына айналдырды», – дей келе, Жасөркен Берікұлы түрлі себептермен Қазақ еліне жер аударылып келген әр ұлт өкілдерінің қазақ халқына шексіз алғыстарын аталмыш мерекемен тығыз байланыстыра кетті. Жиналған жұртты «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде ассамблеяға ұсынылған екі әлеуметтік жобамен таныстырып, оның мақсаты мен міндеттеріне  де тоқталды.

Сондай-ақ, БАҚ мүшелеріне «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Рано Махсұдқызы да Жамбыл өңіріндегі түрлі этномәдени бірлестік өкілдерімен ассамблеяда  біріге атқарылған игілікті жұмыстардың оң нәтиже бергендігін айта келе, оларды  өзі басқарып отырған Тараз қаласының Достық үйінде Алғыс айту күніне қатысты өткізілген және жоспарланған  іс-шаралармен таныстырды: «Биылғы аталмыш мерекенің басты идеологиясы- «Қазақ халқына мың алғыс!», яғни өзге ұлттардың қазақ еліне, жеріне деген ақ ниеті, рахметі.  Бұл мереке- біздің ортақ тарихымызға деген сыйластық. Мейрамға байланысты ақпанның 25-нен басталып наурыздың 4-не дейін созылатын «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы, «Ақ желкен» лигасы, «Айбын» әскери-патриоттық клубы жастарымыздың қатысуымен өткізілген  қайырымдылық акциялары, қылқалам шеберлерінің көрмесі, ашық есік күндері және де 1-наурызға жоспарланған «Қазақ халқына мың алғыс!» атты театрландырылған мерекелік концерт,  сондай-ақ, әр этнос тілінде берілетін радиконцерт, «Шашу», «Сыбаға», «Қымыз тарту» сияқты қазақтың жоралғыларын тамашалау – мұның бәрі этномәдени орталықтардың атсалысуымен ғана атқарылатын іс-шаралар. Мақсат – өңірімізде тұратын ұлттардың салт-дәстүрін, мәдениетін сақтау, дәріптеу және этносаралық қарым-қатынастарды үйлестіру, келісім мен ынтымақты нығайту». Осымен қатар Алғыс айту күніне орай облыс пен қаламыздың ассамблеяның және этномәдени бірлестіктерінің көрнекті қайраткерлері, мүшелері арасында қоғамдық орындарда телерепортаждар, олардың қатысуымен әлеуметтік желілерде ұдайы құттықтаулар өткізіліп жатқандығы жөнінде де ақпарат берілді.

Брифинг этномәдени бірлестіктер басшыларының алғыс сөздері және құттықтауларымен аяқталды.

Жамбыл облыстық әкім аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз қызметі