Тараз қаласының Достық үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өтті

Ағымдағы жылдың ақпан айында Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен Тараз қаласының Достық үйінде «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» атты форум өткізді. Аталған форум эстафета түрінде Нұр-Сұлтан қаласынан басталып, Алматы қаласы арқылы Жамбыл жеріне жолданған болатын.

Форумға облыстың түпкір-түпкірінен қазақ тіліне жетік этнос өкілдері келді. Олардан өзге облысымызға белгілі тіл жанашырлары, облыстық ассамблеяның этномәдени бірлестіктері, облыс ақындары, ЖОО оқытушылары, қоғам белсенділері, «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының белсенділері, «Мәміле» клубының өкілдері және жергілікті БАҚ тілшілері қатысты.

Қазақ тілін қадірлеп, «мемлекеттік тіл – менің тілім»  деп білетін этнос өкілдеріне арналған кездесудің басты мақсаты да қазақ тілін ұлтаралық қатынас тіліне айналдырып,  мемлекеттік тіл ретіндегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту мен сапасын арттыруға бағытталған өзекті мәселелерді талқылау болатын.

Форум Елбасы Н.А.Назарбаев пен ҚР Президенті К.К.Тоқаевтың «Мемлекеттік тіл туралы» шағын бейне-ролик көрсетілімімен басталды. Одан әрі «Менің қазақ тіліне жету жолым», «Қазақ тілін қалай үйрендім?» деген сауалдарға  Жуалы ауданы   «Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің жетекшісі Эсьмира Мамедова, неміс этномәдени бірлестігінің өкілі және облыстық Кенен Әзірбаев атындағы филармония әншісі Анна Вундер, М.Қашқари  атындағы ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы Мухаббат Турдыева,  «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері Пряхина Русалина, Вердиева Ругайя, Ибрагимова Фируза жауап берді. Бірі қазақ халқының қызына айналса, енді бірі келіні болып жүрген тілжанашырлары мемлекеттік тілді қалай меңгергендері туралы естеліктерімен бөлісті. Олардың мемлекеттік тілді білулерінің өзінде бір ерекше тарих жатыр.

Жастар арасынан қазақ тілін жетік меңгергендердің бірі Вердиева Ругайя. Ол тіл білудегі өзіндік ерекшелігі туралы былай деді.

  • «Мектеп кезінде 5-ші сыныптан бастап қазақ тілі сабағын оқи бастадық. Мектеп негізінен орыс тілді мектеп болатын. Қазақша сөйлеуім мүлде төмен деңгейде болды. Бірде маған қазақ тілі сабағынан беретін ұстазым өзінің бұрынғы шәкірттерінің арасында бір аптаның ішінде қазақ тілін жетік меңгерген орыс қызы туралы айтып берді. Осылайша ұстазыма күнде қосымша сабаққа келіп жүрдім. Нәтижесінде бір апта болмаса да бір жарым айда қазақ тілінде еркін сөйлесетіндей дәрежеге жеттім. Қазақ тілін жетік біліу үшін білімді дамытпақ ниетте Жамбыл облысының тілдерді дамыту басқармасына келіп екі ай арнайы курс оқыдым. Қазір қазақ тілінде емін-еркін және таза сөйлесіп, кітап, журналдарды мүдірместен оқи аламын.» Ругайя қазақ тілінде жақсы сөйлеумен ғана шектелмейді. Ол қазақ тілінде әуезді ән де сала алады. Форум барысында салған әсем әні жиналған көпшіліктің көзайымына айналды.

Бұдан өзге тіл жанашырлары арасында «Мемлекеттік тіл әлеуметтік баспалдақ»  тақырыбында өзара ой-пікірлер мен  тілектер де ортаға салынды.  Мемлекеттік тілдің қоғамдағы орны, ұлтаралық қатынас құралына айналуы туралы «Вынхуа» дүнген этномәдени бірлестігінің мүшесі Динара Нуралиева, Жамбыл облыстық «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің өкілі Фатима Хусейноглы, Жамбыл ауданы   «Барбанг» күрділер  этномәдени бірлестігінің мүшесі Сабри Асанов, Облыстық «Арай» газетінің тілшісі Нұржан Қадірәлі, М.Х.Дулати атындағы ТарМУ филология және журналистика кафедрасының доценті Темірбай Мұқашев, ф.ғ.д., профессор Сәмен Құлбарақов,  Жамбыл облыстық ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын-сазгер Үміт Битеновалар пікір білдірді.

М.Х.Дулати атындағы ТарМУ филология және журналистика кафедрасының доценті Темірбай Мұқашев: «Қазақ тілі құнарлы тіл. Сөздік қорға бай тіл. Оны толық игеру, қамту ол өзге этнос өкілі үшін оңай жұмыс емес. Елді құрметтеу, сыйлау, оған деген сүйіспеншілік сол елдің тілін білуден басталады. Себебі тілін білмеген жағдайда, өзін  нан жеп, суын ішіп, ауасымен тыныстап отырған елдің мәдениетін, әдебиетін, өркениетін қалай танисың? Бүгінгі форумда қазақша еркін сөйлеп отырған жастар мен түрлі этнос өкілдерін көріп разы болып отырмын. Менің ана тілімді меңгеріп, үйренгендеріңіз үшін, құрметтегендеріңіз үшін алғыс айтамын! »-деді өз сөзінде.

Іс-шара барысында «Жаңғыру жолы» жастар лигасының жастарының қатысуымен қала тұрғындары арасында шағын сауалнама жүргізіп, мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдері қаншалықты игергенін айқындау мақсатын арнайы дайындалған бейне-ролик көрсетілді. Сонымен қатар,  «Мың бала» жобасының 2019 жеңімпазы, өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі, № 24 гимназияның 10-сынып оқушысы  Турабекова Индира, №2 және №34 мектептің оқушылары Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай ұлы ақынның өлеңдерінен үзінді оқыды.

Форум соңында  «Әулиеата» қазақ мәдени орталығының өкілі Айгүл Кабиева және Жамбыл облысы этномәдени бірлестіктері мен жастары Алматы қаласынан ұсынылған эстафетаны жамбылдықтардың қабыл алып, ары қарай Шымкент қаласының этномәдени бірлестіктері мен еліміздің барлық облысына жолдау туралы хабарлап, кездесу кешін этномәдени бірлестік мүшелерінің орындауындағы «Өз елім» әнімен аяқтады.

Жамбыл облысы әкімі аппараты

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

Назерке Оңғар