Тараз қаласының Достық үйінде ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

Ағымдағы жылдың қараша айында Тараз қаласының Достық үйінде Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында облыстық ассамблеяның Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Жиынның модераторы болып облыстық ассамблея Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Сайдуллақызы Миражапова сөз сөйлеп, кеңестің бір жылда атқарған жұмысы туралы кең көлемді баяндама жасады.

Іс-шараның басты мақсаты – кеңестің жыл бойы атқарған жұмысын қорытындылау, көп балалы отбасылар мен жастарды қолдау бойынша мемлекеттің жаңа шаралардың жүзеге асуын талқылау, аудандардағы аналар кеңесінің іс тәжірибесімен таныстыру, сонымен бірге аудандық мектептердегі балалардың тамақтану мәселелері, пандемия кезіндегі стрессті жағдайлардан шығу жолдары, аналарды өз балаларының бейбіт және қауіпсіз болашағының негізі ретінде елдегі әлеуметтік әл-ауқат, тұрақтылық, бейбітшілік және келісім саясатын қолдауға шақыру.

Жиынға Жамбыл облыстық ҚХА Аналар кеңесінің мүшелері, этномәдени бірлестіктердің аналар кеңесі, аудандық аналар кеңесінің төрайымдары мен облыстық білім басқармасының мамандары, Жамбыл өңірлік университетінің беткеұстар білікті психологтары, облыстық және қалалық БАҚ өкілдері қатысты.

Сондай-ақ, «Бейбітшілік пен келісім» пилоттық жобасы аясындағы аналар кеңесінің көшпелі отырыстарында қарастырылған түйткілді мәселелер де талқыланды. Бұған қоса, қаладағы жоғары оқу орындарының психолог мамандары «Дағдарыс жағдайының психотерапиясы» атты тренинг, «Эмоционалды интеллект басқару» тақырыбында тимбилдинг өткізді. Тимбилдингте пандемия кезінде жауапкершілігі еселене түскен аналардың дағдарыс жағдайдан шығуына арналған кеңестер берілді.

«Бүгінде Аналар кеңесі – облыс орталықтарынан ауылдарға дейін жеткен үлкен ұйым. Аналар кеңесінің алдында тұрған жұмыстар өте көп және сан алуан. Және де зор жауапкершілікті қажет етеді түсінген адамға. Бүкіл әлемде қазір жаңғыру, жаһандану процесі жүріп жатыр және біз оған міндетті түрде атсалысуымыз керек. Сан қырлы жұмысымыздың ішіндегі әр этностың өз-өзін сақтап қалуы үшін ең негізгі жұмыс – тәрбие. Ал тәрбиелі балалар – біздің болашағымыз. Тәрбиелі ұрпақ жамандық жасамайды ешкімге. Біз алға қойған негізгі мақсат та дәл осыған келіп тіреледі. Әр ауданның да өз проблемалары бар, оларды аналар кеңесінің қатысуымен шешу қажет. Бүгінгі таңда кеңес өкілдері біздің облыста болып жатқан барлық іс-шараларға, саяси-идеялық, әлеуметтік-мәдени жұмыстарға белсенді қатысады. ҚХА Аналар кеңесінің мақсат, міндеттері тек игілікті істермен айналысу», – деп есептейді Мухаббат Миражапова.

Жиын соңында Аналар кеңесінің белсенді мүшелері алғыс хаттармен марапатталып, оларға өңірлік ассамблея іс-шараларына қатысып, еткен ерен еңбектері үшін тағайындалған сыйлықтар табысталды.

Жамбыл облысы әкімдігі Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз орталығы