Тараз қаласында облыстық этномәдени бірлестіктерінің қатысуымен «Қазақ тілі – ғажап тіл» тіл фестивалі өтті

Ағымдағы жылдың 19-наурызында Наурыз мейрамы мен Тәуелсіздігіміздің 30 жыл толуына орай,  Жамбыл облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мен облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ бірлескен  Жамбыл облыстық этномәдени бірлестіктер арасында қазақ тарихын, дәстүрі мен әдет-ғұрпын насихаттау мақсатында «Қазақ тілі – ғажап тіл» тіл фестивалі өткізілді.

Мақсаты  – Тәуелсіз елімізде өмір сүріп отырған ұлт өкілдері арасындағы

достық пен бірлікті нығайту барысында мемлекеттік тілге құрмет сезімдерін қалыптастыру.

      Іс-шара барысында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті  нығайтуға елеулі үлес қосқан өңірлік ассамблея белсенділері – әр этномәдени бірлестіктері өздерінің салт-дәстүрлерін дәріптейтін ұлттық көрмелерін өткізіп, қазақ халқына ұқсас салт-дәстүрлерімен бөлісті. Бұған қоса, арғыда Абай, Ыбырай, бергіде Фариза, Мұқағали, Қадыр сияқты  қазақтың белгілі ақындарының өлеңдері оқылып, заманауи танымал әндері мемлекеттік тілде нақышына келтіріліп оқылып, орындалды.

Бүгінгі өткізілген тіл фестивалінің негізгі міндеттері қоғамдық келісім мен этникаралық төзімділікті нығайту,  өзге этнос өкілдерінің ортасында қазақ халқының салт-дәстүрлерін дәріптеп, бейбітшілік пен келісімде  ұрпақтар сабақтастығын сақтауға жәрдемдесу, сондай-ақ Жамбыл облысының этномәдени бірлестіктерімен байланыстарды дамыту және ақпараттық-мәдени алмасуды жүзеге асыру болып табылады.

Іс-шараға ҚХА жұмыстарын жандандыру мақсатында бүгінгі фестивальге бар үлесін қосқан этнос өкілдері  ерен еңбектері үшін 21 наурыз күні марапатталмақ.

 

Жамбыл облысы әкімдігінің

ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы