Тараз қаласында корей халқының этнос күні өтті

Ағымдағы жылдың желтоқсан айында өңіріміздегі Достық үйінде «Жамбыл облысы «Корё» корейлер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігі этнос күнін атап өтті. Салтанатты кешке құрметті қонақтардан «Жамбыл облысы «Корё» корейлер қауымдастығы» ҚБ-нің төрағаасы Кан Анатолий Лаврентьевич, «Ноиндан» ақсақалдар кеңесінің төрағасы орынбасары Пак Анатолий Иванович және кәріс этносының өкілдері мен жастары қатысты.

Жамбыл облыстық «Ноиндан» ақсақалдар алқасының мүшесі Пак Анатолий Иванович: «918 жылы Корё мемлекетінің іргетасы қаланып, ол 936 жылы бүкіл корей елін біріктіреді. Қазіргі «Корея» атауы, осы «Корё» сөзінен пайда болды. Заңдар жинағы шығарылып, Буддизм белең алды. 1396 жылы корей алфавиті Хангыль қабылданды. 1945 жылға дейін корейлер жапон колониясы болды. Екінші дүниежүзілік соғыста Жапонияның жеңіліс табуы, жапон билігіне нүкте қойды. АҚШ пен КСРО елді бөліп билеу жайында келісімшарт жасалды. Осылайша, 1948 жылы солтүстікте КХДР, оңтүстікте Корея Республикасы құрылды. Ал 1928 жылдың аяғына қарай қазақ жерінде күріш өсіруді дамыту бойынша ауқымды жұмыстар басталды. Бұл үшін Қиыр Шығыс өлкесінің корейлерін тарту шешіледі. Қызылордаға Чосоннан 70 отбасы қоныс аударды. Бұл бастама өз жемісін беріп, 1931 жылға қарай Қазақстан КСРО-ның күрішті ең көп егетін өлкесіне айналды. Осылайша қазаққа бауырлас ел болып кеткен корейлер көптеген қиындықтарды бірге көріп, көтере білді»- деп, кеңес үкіметі кезіндегі этносаралық қатынастар туралы тарихи деректерді егжей-тегжейлі баяндап өтті.

Қазақ жеріне келген сәттен бастап кәрістер тарих шеңберіне кіргенін, өз мәдениеті мен дәстүрлерін сақтап, байытқанын атап өтті.

Іс-шара барысында қатысушылар және белсенді жастар облыстық ассамблея жұмыстарына белсене атсалысқандары үшін құрмет грамотасымен марапатталды.

Жамбыл облысының «Корё» корейлер қауымдастығының жетекшісі Кан Анатолий Лаврентьевич қонақтарға алғысын білдіріп, сондай-ақ, осы жылы бірлескен күш-жігерлерінің арқасында көптеген мақсаттарға қол жеткізгендігін ерекше атап өтті.

Кеш соңында аталмыш этнос өкілдері қонақтарға алғыс білдіріп, естелік суреттерге түсті.

Жамбыл облысы әкімдігі

ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз орталығы