Тараз қаласында «Достық үйі – татулық пен келісім мекені» атты эссе жазу байқауы өтті

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Тараз қаласының Достық үйінде Қазақстан халқы ассамблеясының 25 жылдығына және тілдер мерекесіне орай, өзге ұлт жастары арасында «Достық үйі – татулық пен келісім мекені» тақырыбында мемлекеттік тілде үздік эссе жазу байқауы өтті. Байқау облыс әкімі бекіткен 2020 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес өткізілді.
Эссе байқауы Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы мен Жамбыл облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен өтті.
Байқаудың басты мақсаты – мемлекеттік тілдің маңыздылығын саналы түрде сезіндіре отырып, құрметтеуге тәрбиелеу, отансүйгіштік пен еліміздің жетістігіне мақтаныш сезімдеріне тәрбиелеу, жастардың бойында жоғары әлеуметтік белсенділік пен жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту.
Байқауға Тараз қаласының колледждері мен жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты. Қатысушылар берілген тақырып бойынша қазақ тілінде эссе жазды. Байқаудың шарттарына сай берілген тақырып бойынша байқауға қатысушылар 60 минут ішінде қазақ тілінде эссе жазу керек болатын. Эссе көлемі 250 сөзден кем болмауы тиіс және қолмен жазылуы керек. Байқауға қатысушылардың жұмыстарына бағалау критерийлеріне сай Тараз қаласының білікті ұстаздары әділқазылық етіп, тиісті бағасын берді. Жұмыс иелері өз деңгейінде марапатталды.
Нәтижесінде үздік эссе жазғаны үшін І-дәрежелі дипломмен Тараз аймақтық университетінің студенті, өзбек ұлтының өкілі Сапарова Гулистан және Тараз гуманитарлық техникалық колледжінің студенті, ұйғыр ұлтының өкілі Ясымов Азиз марапатталды. ІІ-дәрежелі дипломмен түркмен ұлтының өкілі, Тараз аймақтық университетінің студенті Какаева Лейли және өзбек ұлтының өкілі, Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Ядыгарова Умида марапатталды. ІІІ-дәрежелі дипломмен орыс ұлтының өкілі, Тараз гуманитарлық колледжінің студенті Сураев Руслан мен түрік ұлтының өкілі, Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Мурадова Милана марапатталды.
Сондай-ақ, басқа да қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары да берілді.

Жамбыл облысы әкімі аппараты
«Қоғамдық келісім» КММ
Баспасөз қызметі орталығы