Тәжік бірлестігінің Аналары Наурыз мерекесін атап өтті

Түркі халықтарының ортақ мерекесі Наурыз үстінде, үстіміздегі жылдың 21-наурызында  өңірлік ассамблеяның Тәжік этномәдени бірлестігінің Аналар кеңесінің төрайымы Гульхумор (Лола) Давлатова бастаған аналар кеңесі Наурыз мерекесін қаламыздың Құлжабаева көшесінде атап өтті.

Іс-шараға облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің өкілдері, өнерпаз жастары, облыстық ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова мен  «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығының тілшілері қатысты. Осы тұста ерекше атап өтерлік жайт – Алматы қаласының Тәжіктер консулдықтарынан 4 адам қатысты және Аналар кеңесінен  6 адам қонақ боп келді.

Өз кезегінде, жиылған аз ғана қауымға Жамбыл облыстық Тәжік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен, тәжіктердің өздерінің салт-ғұрыптары бойынша  «С» әрпінен басталатын жеті тағам және «Ш» әрпінен басталатын жеті тағам қойылған кең дастархан жайылды, Мәселен, ол тағамдарға: сипанд, шәрбәт, самбур, шалғам, синжи, ширбинч, шируган, т.б. жатады.

Сондай-ақ, алыстан келген қонақтарға өңірлік тәжік халқының тарихы, мәдениеті, әдебиеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрінен сыр шертетін кішігірім көрме ұйымдастырылды. Сәндік-қолданбалы өнер көрмесінде Тәжікстанның түрлі аймақтарынан келген тәжік этносының ұлттық киімдері, кестеленген дастархан жапқыштары, шимен тоқылған қамқа кілемдері, ұлттық жәдігерлері, қыз-келіншектерге арналған зергерлік бұйымдары, жібек жіппен тігілген көрпе-жастықтары, сонымен бірге, ұлттық аспаптары да жұртшылықтың назарын өздеріне аудармай қоймады.

Жиналған қауымға ең бірінші болып қазақ халқының ұлттық тағамдары ұсынылды.   Ұлттық брендімізге айналған құрт, ірімшік, бауырсақ, талқан, сүзбе, жент, қатық сияқты қасиетті 7 тағам тәжік дастарханының төрінен орын алды. Сонымен қатар, түркі халықтарының жаңа жылының басты нышаны болып табылатын сумаляк» тағамынан дәм таттырылды.

Сонымен бірге, аналардың бас қосуының  ең қызықты сәті – білмегендерге, бірнеше түркі тектес халықтарға – өзбек, тәжік, т.б. ортақ   «сумаляктың» дайындалу  рәсімі мен тағамның кішігірім тарихымен Лола Давлатова таныстыра кетті: – Наурыз мейрамы – барша түркі халықтары үшін, оған қоса, Қазақстанда тұратын түркі этнос өкілдері үшін де басты мереке. Тәжік этносы үшін бұл мейрам «сумаляк» тағамын дайындаумен ерекшеленеді. Ежелгі уақытта сумаляк көктемгі егіс басталғанға дейін дайындалатын салттық тағам ретінде ұсынылған. Ол ұнтақталған бидай дәндерінен дайындалады, одан соң ұн араластырылып, қазандықтағы мақта майында 20-24 сағат бойы қайнатылады. Бұл тағам адамдарға күш-жігер беріп, рухани азықты болуға зор пайдасын тигізеді деген наным бар. Бұл енді халықтың байырғы заманнан келе жатқан сенім-ниеті, бұл да бір тәжік халқының салт-дәстүріне жатады. Атап өтейік, Тәжік этномәдени бірлестігі облыста этносаралық қарым-қатынасты нығайтуға, халықтар достығын дамытуға бағытталған барлық іс-шараларға өз деңгейінде қатысатындықтан, бұл бас қосу – халықтардың достығы мен бірлігін бекітіп, серіктестікті кеңейте түсері анық. Бүгінгі іс-шараға бір адамдай атсалысып, алыстан ат арытып келген Елшіні күтіп алған тәжік бауырластарға рахметімді айтамын. Наурыз баршамызға құт-береке әкелсін! – деп өз сөзін аяқтады.

Сондай-ақ, осы тұста айта кетейік, аталмыш тағамға дайындау сәтінде кішкене тастар қосылады екен, олар қазанның түбіндегі тағамның түбін күйдіріп алу қаупінен сақтану үшін қолданылады. Сіз егер, осындай тасты тамақтану кезінде ыдысыңыздан тауып алсаңыз, онда жасырын тілек жасауыңыз керек және ол міндетті түрде орындалады деген сенім бар тәжік халқында. Осыған қоса, «Сумалякты» дайындау барысында аталмыш асты қыз-келіншектер бір дауыста әндерін шырқай, билерін билей жүріп, бір-бірімен әзілдесе, көңілді жүріп пісіру керек деп саналады. Салқындағаннан кейін «сумаляк» толы ыдыс дастарханға қойылады. Тағамның  «ұраны» – қыстан аман-есен шығуға тәубе, шүкірлік ету және  астықтың мол болуына тілектестік.

 

Жамбыл облысы әкімдігі ІСБ «Қоғамдық келісім»КММ Баспасөз қызметі  орталығы