Тәуелсіздіктің жаңа ұрпақтары

ҚХА-ның биылғы жылғы кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруге, балаларға ассамблея, бейбітшілік, достық, толеранттылық деген түсініктердің не екенін кішкентай кездерінен саналарына сіңдіріп тәрбиелеу, Қазақстан этностары туралы деңгейлеріне шақ дәріс беру маңызды екеніне назар аударды.  Осыған орай, Жамбыл облыстық ҚХА, «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бірінші болып балабақшадан бастап балалармен жұмыс істеуге бағытталған «Ассамблея бөбектері» пилоттық жобасын қолға алды.

Жобаны іске асыру мақсатында ағымдағы жылдың 8 желтоқсанында Достық үйінде Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Ассамблея бөбектері – тәуелсіздіктің жаңа ұрпақтары» атты іс-шара өтті. Ұйымдастырушылар Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының “Қоғамдық келісім” КММ Баспасөз қызметі орталығы болды.

Іс-шараның мақсаты – жас ұрпаққа ел Тәуелсіздігінің маңыздылығын түсіндіру, халық бірлігін нығайту, ынтымақты сақтау және балалар арасында этносаралық келісімді дәріптеу, патриотизмге тәрбиелеу.

Шараны ойдағыдай өткізуге ең басты қолдау көрсеткен қатысушылары -Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Тараз қаласы білім бөлімінің “№12 бөбекжай-балабақшасы” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының қызметкерлері мен бүлдіршіндері. Сонымен бірге, жас жеткіншектерге үлгі-өнегесімен бөліскен  Жамбыл облыстық ҚХА мүшелері мен этномәдени бірлестіктерінің өкілдері және ассамблея жастары да жиында өз үлестерін қосты.

“Қоғамдық келісім” КММ басшысы Парида Мамедова өзінің құттықтау сөзінде: – Бұл іс-шара пилоттық режимде “Ассамблея бөбектері” жобасы ретінде өтуде. Біз бұрын-соңды болмаған акцияны бастадық.  Достық үйінің қабырғасындағы бала-бақшалардың тәрбиеленуші бүлдіршіндері  Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы жаңа ілім алуда. Бала кезінен бастап  бейбітшілік, келісім, толеранттылықта өмір сүру керек екенін әрбір жас ұрпақ біліп өсуі керек. Қандай этникалық топтың баласы болмасын, ол барлық этностармен таныс болып, және олардың салт-дәстүр, мәдениеті туралы білуі өте маңызды, – деп атап өтті.

Сондай-ақ, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының Тараз қаласы білім бөлімінің “№12 бөбекжай-балабақшасы” мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны тәрбиеленушілерінің қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Балалар Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған өлеңдерін оқып, әр ұлттың киімінде өздерінің этносы туралы айтып берді. Бұған қоса, балалар хорының орындауында “Көк туым”, “Менің Қазақстаным”, “Тәуелсіздік”, “Балғын шағым” әндері шырқалды. Сонымен қатар,  “Батырлар”, “Текемет”билері орындалып, елгезек бүлдіршіндер көрермендердің көзайымына айналды.

Шара барысында “№12 бөбекжай-балабақша” мемлекеттік коммуналдық қазыналық мекемесінің меңгерушісі Марфуға Балтабаева ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Бұл ретте Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, облыстық Өзбек этномәдени бірлестігінің мүшесі Мухаббат Миражапова, Жамбыл облысы ҚХА Ақсақалдар кеңесінің мүшесі, Тараз қаласы Өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Әбдірахман Зайнутдинов, облыстық “Вынхуа” дүнгендер қауымдастығының Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Идрис Юнусов та балалардың өнеріне риза боп, кішкентай бүлдіршіндер мен соларды дайындап әкелген бала-бақша басшысы мен тәрбиешілеріне зор алғыстары мен құттықтау сөздерін жаудырды.

Іс-шара аталмыш мекемелердің бір-бірін марапаттауымен және естелік- фотосессиямен аяқталды.

 

 

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

Қоғамдық келісім “КММ

Баспасөз қызметі орталығы

#ҚРтәуелсіздігіне30жыл