СЛАВЯН ЖАЗУЫ МЕН МӘДЕНИЕТІ КҮНІ МЕРЕКЕСІ АТАП ӨТІЛДІ

Славян жазуы мен мәдениеті күніне арналған іс-шара өткізу дәстүрге айналуда.

Осыған орай, 2023 жылдың 23 мамырында Тараз қаласындағы «Баласағұн» ОКЗ-да Славян жазуы мен мәдениеті күні мерекесіне арналған мерекелік іс-шара өтті.

Бұл күн – славян халқының алғашқы ұстаздары – қасиетті тең апостолды ағайындылар Кирилл мен Мефодийдің құрметіне арналған.

Айтулы мерекеге орай Жамбыл облыстық «Радонеж» Орыстар қауымдастығы ұйымдастыруымен «В начале было слово» атты дәстүрлі тақырыптық кеш өтті. Іс-шараға өңірлік ҚХА, Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет басқармасы, Тараз қаласының білім бөлімі қолдау білдірді.

Тақырыптық кешке келген мерекемен құттықтағандардың арасында аталмыш бірлестік төрағасы Владимир Сорокин де бар.

Мерекелік шараға өңіріміздегі әтүрлі этностардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысты. «Радонеж» Орыстар қауымдастығының, «Днепро» Украин мәдени орталығының , облыстық Қытай мәдени орталығының үздік шығармашылық ұжымдары мен солистері әдеби шығармаларды, музыкалық композицияларды орындады. Сонымен қатар, «Калинка» вокалдық тобы«Ночка луговая», «Ромашка белая», «Как за Доном за рекой», «Роза белая» сынды әндерді шырқады. Сондай-ақ, «Маричка» халықтық ансамблі «Неси Галя воду» атты украин әнін орындады. Жамбыл облыстық «Радонеж» Орыстар қауымдастығының төрағасының орынбасары, музыка мұғалімі Оксана Дьяченконың жетекшілігімен №13 орта мектебінің «Веснушки» орыс халық аспаптар ансамблінің жас әртістері музыкалық шығармаларды орындап шықты.

Осы бірлестіктің өкілі Антонина Беляеваның орындауындағы «Казачка вольная» әні, облыстық «Днепро»Украин мәдени орталығының өкілі Анатолий Трашенконың орындауындағы «Смереко» әні көптің көңілін көтеріп, зор қошеметіне ие болды.

Қытай мәдени орталығының төрағасы Галина Воробьеваның «Там за туманами» лирикалық әні жүректерге жетіп, ерекше әсер қалдырды.

Облыстық «Радонеж» Орыстар қауымдастығының өкілі Полина Воротникова Анна Ахматованың “Мужество” шығармасын жүрекпен сезініп оқып берді.

Концерттік бағдарламада қалалық мектептердің және «Оқушылар сарайының» шығармашылық топтары өнер көрсетті.

Іс-шара тек концерттік бағдарламаны өткізумен шектелмеді. Қатысушылар мен көрермендер қолөнершілердің бұйымдарымен де танысты.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі