СҰЛУ ӘЙЕЛ – ИДЕАЛ, СҰЛУ ӘЙЕЛ БІР ҚИЯЛ

Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен 2024 жылы 6 наурызда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер мерекесінің қарсаңында «Сұлу әйел – идеал, Сұлу әйел – бір қиял» тақырыбында әдеби вернисаж өтті.

Нәзік жандыларға деген сүйіспеншілік пен құрмет сезімін арттыру мақсатында ұйымдастырылған кешке көпбалалы және өзге әртүрлі салада қызмет ететін аналарымыз қатысты.

Көктемнің алғашқы мерекесі ананың аялы алақанындай жүректерге жылулық ұялататындығы, адамзаттың нәзік жандарына арналды.

Іс-шараға Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Жинақбаева Мубарак Касымқызы, Тараз қалалық емхананың бас дәрігері Керімбаева Дүйсенкүл Керімқұлқызы, Жамбыл ауданы А.Макаренко атындағы мектептің қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі, педагогика ғылымдарының магистрі Кусева Салтанат Жұмабекқызы, Жамбыл облысы полициялық департаментінің жергілікті полиция қызмет басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы, полиция подполковнигі Кинжеханова Диляфруз Абазовна, Жамбыл облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің психологы Дмитриенко Анна Александровна қатысты.

Сондай-ақ, игілікті жиыннан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің, Жамбыл жоғары медициналық колледжі мен Тараз политехникалық колледжінің білімгерлері де сырт қалған жоқ. Ерекше атап өтейік, отырысқа қатысушылардың басты мақсаты да осы студент жастарға нәзік жанды арулардың мерекесі алдында қазақ әйелінің тұлғасы, ананың қоғамдағы ерекше орны, қоғамның қыз балаға деген шексіз құрметі жайлы сыр шертіп, түрлі сауалдарға жауап беріп, өз салалары бойынша өмірлік тәжірибелерінен пайдалы кеңестермен бөлісу еді.

Аудитория жалпы ананың қоғамдағы ерекше орны, анаға, жарға, қарындасқа, әпкеге құрметпен қарау, әйел қандай болуы керек төңірегінде және тағы басқа тақырыптарды кеңінен талқылады.

 

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі