Президент қойған барлық маңызды міндеттердің іске асатынына сенімім мол

Қазақстан халқына кезекті Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау жүйесін дамыту жөніндегі міндеттерді атап өтті. Халық медицинасы да, жалпы барлық медицина жұртшылығы, қарапайым халық та Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне ынталандыру үстемеақыларын төлеу туралы тапсырмасын зор ықыласпен қабылдады. Бұл мақсатқа мемлекеттік бюджеттен 150 миллиард теңге бөлінеді.
Президент 2023 жылы медицина қызметкерлерінің жалақысы ел бойынша орташа жалақыдан 2 есеге жуық өсетінін атап өтті. Медицина қызметкерлерінің материалдық әл-ауқатының артуы медициналық қызмет көрсету сапасына оң әсер етеді, олардың біліктілігін арттыруға деген ұмтылысын арттырады және ертеңгі күнге деген сенімін нығайтады деп үміттенеміз.
Бүгінгі таңда Қазақстанның барлық облыстарында ауыр науқастарға онкологиялық көмек көрсететін 19 онкологиялық мекеме жұмыс істеуде. Онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі 2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар шеңберінде өңірлік онкологиялық орталықтарды қажетті заманауи жабдықтармен жарақтандыру, радиологиялық аппараттарды жаңарту да көзделген.
Сонымен қатар, Қазақстанның онкологиялық қызметі жас кадрларды, онколог дәрігерлерді даярлауға, сондай-ақ жұмыс істеп жүрген медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға бар күштерін салуда.
Онкологиялық науқастарды қажетті препараттармен шұғыл қамтамасыз етуге қатысты дәрі-дәрмектерді жеткізуге бұдан соң «СК-Фармация» құрылымы жауап береді. Онкологиялық науқастар дәрі-дәрмектермен тегін қамтамасыз етіледі, оларды мемлекет есебінен сатып алады. Бірақ, өкінішке орай, кейде шетелдік, өмірлік маңызды препараттарды жеткізуде көп үзілістер болады, ал онкологияны емдеуде әр минут пациент үшін маңызды.
Президенттің Қазақстанда фармацевтикалық өндірісті дамыту туралы тапсырмасы дер кезінде берілген тапсырма болып шықты. Жақын арада онкологиялық науқастарға өмірлік маңызы бар дәрілерді ұзақ уақыт күтудің қажеті болмайды және олар ел ішінде әрдайым қолжетімді болады деп сенеміз.
Президент өз сөзінде жаңа көпсалалы ауруханалар салынатынын да атап өтті. Бұған дейін ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша елордада ең озық халықаралық тәжірибе негізінде онкологиялық науқастарға жоғары тиімді медициналық көмек көрсету үшін жаңа ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың (ҰҒОО) құрылысы басталған болатын. Жақында, жаңа жабдықтармен жабдықталған ҰҒОО Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ауыр науқастарға ендігі тегін онкологиялық көмек көрсететін болады.
ҚазОРҒЗИ-да мамандардың біліктілігін арттыру бойынша үлкен жұмыс жүргізіледі, шетелдік мамандармен оқыту конференциялары, Tumor Board-тар, консилиумдар тыңғылықты өткізіліп тұрады. Қазақстан қатерлі ісікпен ауратын адамдар саны көбейген сайын жоғары білікті кадрларды даярлауға мүдделі.
Онкологиялық аурулармен күресте жылдам диагностика жасау, обырды емдеу, онкопациенттердің өмір сүру сапасын арттыру – Қазақстанның әлеуметтік саясаты мен денсаулық сақтаудың басым міндеттері болып табылады.
Президент қойған барлық маңызды міндеттердің іске асатынына сенімім мол.

Жамбыл облыстық
«Әулие Ата» қазақ мәдени орталығының мүшесі
Динара Орынтайқызы