Пандемия кезінде қайырымды жандар көбейді

Соңғы 7 айдан бері әлемді әлекке салған коронавирустық инфекциямен күрес Жамбыл облысында өз деңгейінде жолға қойылған. Бұл іске жергілікті кәсіпкерлер де жұдырықша жұмылып, өз қаражатына өкпені жасанды желдету, оттегі концентраторы сынды құрылғыларды сатып алып, ауруханаға тарту етіп отыр.

Жамбылдық ірі кәсіпкерлер  қазірдің  өзінде жергілікті денсаулық сақтау қызметіне  қаржы  жинап  арнайы өкпеге ауа беру, концентратор аппараттарын, қажетті дәрі-дәрмектер сатып алып, облыстың ауруханаларына таратуда. Олардың ішінде, «Казфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері және Жамбыл облысы ҚХА мүшесі Мұқаш Ескендіров 38 млн теңгеге облыстық инфекциялық ауруханаға 10 аппарат сатып алып берді.

Сонымен қатар, Жамбыл облысы ҚХА «Радонеж» орыс мәдени орталығының мүшесі Михаил Платов облысқа қарасты барлық аудан  емханаларына оттегі толтырылған баллондарды, дәрі-дәрмек өнімдерін тасып  көмек көрсетуде. Бүгінгі таңда игі іске облыс аймағындағы барлық еріктілер жұмылған. Ал Жамбыл облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы  Шу аудандық күрділер этномәдени бірлестігі, тұрмысы төмен отбасыға асарлатып үй тұрғызуға 300 мың теңгеге демеушілік  етті.

Сондай-ақ, Облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Муминов Бахром Тараз қаласының көпсалалы клиникалық ауруханасының жан сақтау және пульмонология бөлімінде  адам жанына араша болып жатқан дәрігерлерді 200 000 теңге көлемінде ыстық тамақпен қамтамасыз етті.

Ел басына күн туса, етігімен су кешетін азаматтар ел ішінде жоқ емес. Сондай жандардың бірі, «Golden Compass Jambyl» ЖШС-нің директоры Изалов Курбан Закиржанович Т.Рысқұлов және Меркі аудандарының ауруханаларына бір-бір данадан құны 12 миллион теңге тұратын өкпені жасанды желдету аппаратын сыйға тартты.

Жамбыл облысы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы белсенділері аз қамтылған 7 отбасыға 100 000 теңгеге 50 келі салмақта ет таратты және карантин кезінде баспанасыз қалған жалғызбасты анаға 500 000 теңге көлемінде тұрмысқа қажетті заттармен қамтамасыз етіп, жәрдем көрсетті.

Қысқасы әлемдік пандемияның салдарын жоюда Жамбыл облысы ҚХА мүшелері мен белсенділері бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып әрекет етуде. Белсенділерді бір мақсатқа жұмылдырған бұл жұмыстың нәтижесі аймақтағы коронавирустық  инфекцияның кең таралауына жол бермеу болып отыр.