Ортақ мақсатқа бірге барамыз

-12

Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен өтіп жатқан «Қайырымдылық керуені» акциясы аясында және ҚР Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай облыс ассамблея мүшелері мен этномәдени бірлестіктер өкілдерін, сонымен аналар, ақсақалдар және қоғамдық келісім кеңестері мен «Ақ желкен» жастар лигасының мүшелерін Жуалы ауданындағы А.Гайдар атындағы мектепте дәм-тұзбен қарсы алды.

«Қайырымдылық керуені» ұлттық қайырымдылық науқанының мақсатымен және алға қойған міндеттерімен облыс Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының бас маманы Ұлтуар Бабақұлова таныстырып өтті.

– Бүгінгі біздің қайырымдылық науқанының басты мақсаты қазақстандық қоғамдағы  ұлтаралық келісім мен азаматтық бірегейлікті дамытуда және «100 нақты қадам» ұлттық жоспарының орындалуында этномәдени бірлестіктер мен  жастар ұйымдарының рөлін арттыру.

Ассамблея мүшелері мен «Қоғамдық келісім» КММ-нің қызметкерлері алты топқа бөлініп әртүрлі семинар-тренингтер, кездесулер, «дөңгелек стол» отырыстары мен спорттық ойындарды ұйымдастырды.

«Қоғамдық келісім» КММ жанындағы медиация кабинетінің меңгерушісі Валентина Досыбиева жоғары сынып оқушылары арасында кәсіби емес медиаторлар жұмысы туралы семинар-тренинг өткізсе, ғылыми-сараптама тобының мүшелері Зарина Кулиева мен Ербол Каншымбеков «Ауылды жерлерде қайырымдылық акциясын өткізуде жастар бірлестіктерінің рөлі» тақырыбы аясында әңгімелесті. Облыс ҚХА жанындағы «Ақ желкен» жастар лигасы төрағасының орынбасары, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Алихан Ахметов ауылдық округ  жастарымен кездесіп «Еліміздің болашағы – жастар» тақырыбында әңгіме-дүкен құрды. Салауатты өмір салтын ұстану орталығының қызметкерлері мен Аналар кеңесінің төрайымы Мухаббат Миражапова көп балалы, үй шаруасындағы және батыр-аналармен кездесуде жүрек-талма аурулары мен бойжеткен қыздар арасында тәрбие жұмысын педагогтар ата-аналармен бірлесіп өткізуі керектігін айтты. Мектептің жоғары сынып оқушыларымен «Қоғамдық келісім» КММ мәдени ұйымдастырушысы Ерболат Естемес пен Алихан Ахметов Қазақстан халқының ұлттық ойындар спартакиадасын өткізді. Ал әдіскер Вера Майкович болса оқушылармен қағаздардан әртүрлі бұйымдар жасаудан шеберлік сабақтарын өткізіп, оқушылардың шеберлігін бағалады.

Жүрек тебірентер әрі көңілге жылылық ұялатар мына кездесуді атап өтпесе болмас. Қонақтар Көлбастау ауылының көп балалы, тұрмысы төмен бес отбасыға түрлі азық – түліктер жеткізіп берді. Онда қап-қап ұн, картоп, пияз, күріш және күнбағыс майлары да бар. Ауыл тұрғындары  ассамблея мүшелеріне ризашылықтарын білдіріп жатты.

Қайырымдылық керуені «Ортақ мақсатқа бірге барамыз» атты ән-би фестивалімен аяқталды. «Ақ желкен» жастар лигасы мүшелері мен аудандағы этномәдени бірлестіктер өкілдері, оқушылардың қатысуымен өткен фестиваль көпшіліктің көзайымына айналып, өнерпаздар қошеметке бөленді. Фестиваль «Халқым-ай» әнімен ашылып, өзбек, шешен, әзірбайжан, славян, ұйғұр ұлттық ән-билеріне ұласты. «Қайырымдылық керуені» акциясы жуалылықтардың көңілінен шығып, алдағы уақытта да осындай іс-шаралардың ауданда өтуіне ниеттерін білдірді.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

 «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.