ОЛИМПИЯ МЭРІ Г.ГЕОРГИОПУЛОС БАСТАҒАН ДЕЛЕГАЦИЯ ТАРАЗ ШАҺАРЫНДА

Ізгілікке арқау болған ұлық мейрам – Құрбан айт мерекесі күні ежелгі Олимпия мэрі Георгиос Георгиопулос бастаған делегация достық сапармен киелі Көне Тараз қаласына келді.

Олимпиада ойындарының мұражайына айналған қасиетті өлке саналатын, тарихы тереңде жатқан Грециядан ат терлетіп келген меймандарды Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекова мен «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаева және этномәдени бірлестіктердің басшылары ерекше құрмет, жылы жүзбен қарсы алды.

Достық үйінің кіре берісінде қарсы алынған шетелдік қонақтарға алғаш келген меймандарға ұсынылатын қазақтың ұлттық тағамы- «жеті дәм»: жент, құрт, қаймақ, ірімшік, талқан, қуырылған тары, сүзбе мен дәмді бауырсақтар ұсынылды.

Өңірлік Ассамблеяның тыныс-тіршілігінен хабар берген «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Мүбәрак Жинақбаеваның алғы сөзінен соң меймандар назарына «Қазақ» биі ұсынылды.

Ерен делегацияның келуіне орай, «Қоғамдық келісім» мекемесі ұйымдастырған келелі кездесуге Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының қоғамдық кеңесшісі, мемлекет қайраткері Жақсыбек Құлекеев пен Жамбыл облысы әкімдігі және Тараз қаласы ішкі саясат басқармасының қызметкерлері, облыстық этномәдени бірлестіктердің төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Кездесу барысында «Жамбыл облыстық Гректер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің жастар орталығының төрайымы Татьяна Герантиди гректер жөнінде кеңінен мағлұмат беріп, этномәдени бірлестіктің Әулиеата өңіріндегі хал-ахуалынан хабар берді.

Бұдан соң, ЮНЕСКО тізіміне енген «Ортеке» күйінің театрлық миниатюрасын Қазым Аманқосов қазақтың қара домбырасында орындап, көпшіліктің өзіне деген назарын аудартты.

Келесі кезекте «Оқушылар сарайының» өскелең өнерпаздары, облыстық Гректер қауымдастығының жасөспірімдер шығармашылық тобынан құралған “Іnfiniti» би ансамблі «Грек» биін орындады.

Осыдан соң, ортаға Георгиос Георгиопулос шақырылып, сөз кезегі берілді. Мэр өз сөзінде маңызды кездесуге жиылған барша қауым мен Тараз жұртшылығына ыстық ықыласпен, депортация нәубетінде Қазақстанның қасиетті жерін паналап, бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп келе жатқан “Эллада” ұрпақтарын қиын жылдары бауырындай кеңпейіліділкпен қабылдағаны үшін зор алғысын білдірді.

Шара барысында «Қоғамдық келісім» мекемесі мен өңірлік Ассамблея атынан Достық үйінің басшысы Мүбәрак Қасымқызы мен облыстық Тәжіктер этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов қазақтың ежелгі кәделі ұлттық киімі – кестелі барқыт шапанын алыстан келген мейманның иығына жауып, естелік ретінде күмбезді Достық үйі ғимараты бейнеленген кілемді сыйға тартты.

Кездесу соңында шетелдік қонақтар делегациясының назарына сан түрлі этностың тарихынан сыр шертетін ұлттық нақыштағы бұйымдардан құралған көрме ұсынылды.

Қарсы алу іс-шарасынан ерекше әсер алған Георгиос Георгиопулос бастаған делегация ерекше жылы көңіл-күйде достық сапарына негізделген жоспарға сәйкес қаланың басқа бөлігіне бет бұрды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі