Оңтүстік өңірдегі кеңестік биліктің алғашқы кезеңіндегі қазақ қыздарының қоғамдағы рөлі

Кеңестік билік қоғамдағы қазақ қызының рөлін өз идеологиясына сәйкестендіріп өзгертуді мақсат тұтты. Әрине, білім дәрежесі өте төмен деңгейде болған қазақ қыз-келіншектерін (0,7 %) большевиктердің тезіне салу көп қиындық та келтіре қоймаған еді.

Осылай, РК(б)П-ТКП жалпы қоғамдағы, соның ішінде Түркістан өлкесіндегі әйел-мұсылмандар мәселесін барынша белсенді түрде қолға ала бастады. Бірінші партияда жоқ мұсылман әйелдерінің конференциясы 1921 жылдың 9 науырызында Әулие-Ата қаласында өтеді. Қаланың ірі саяси белсенділері Абланов, Ахметжанов, Рахманберді және Палийлер делегаттарды конференцияның ашылуымен құттықтады. «Москвадағы жалпыресейлік мұсылман әйелдері съезі» туралы мәселені қарап, конференция съезге өзінің қызығушылығын танытып, Кеңес үкіметін қолдайтындығын білдіреді.

Облыстық конференцияға делегаттар сайланып, оларды конференция президиумңн төрайымы Серікбаева таныстырды. Конференцияға жиналған делегаттар мұсылман әйелдер ұйымын құру мәселесін уақыт оздырмайтын қажеттілік деп қарауды өз қаулыларында атап көрсетті . Кейіннен, ТКП Сырдария облыстық комитеті (Сыробком) жанынан әйелдердің аудандар мен қалалардағы белсенді жұмысын ырғақтандырып отыратын әйелдер бөлімі (женотдел) құрылып, ол әйелдер ұйымдарының Кеңестік мекемелермен байланысын нығайтуға негізделді, себебі бұл іс «… мекемелердегі әйелдер арасында нашар жүргізілген, бірақ іс-шаралар қолданылуда… Бұл байланыстардың жақсаруы күтілуде». Жергілікті халық арасындағы жұмысқа ерекше мән берілді. Облыстық партия мектебі жанында әйелдер секциясы жұмыс істеп, сонымен қатар «Шығыс университетінің бөлімшесі жанынан әйел жұмысшылар үшін 3 айлық мектеп ашылып, онда 32 курсант есепте болды» .

Нәтижесінде, кейіннен 50 әйелдің кілем тоқитын артелі ашылды .

Аталған саяси- демографиялық топ ішіндегі жүргізілген жұмыстың бір парасы БК(б)П Сырдария аймақтық комитетінің өңірдің орта деңгейдегі ұйымдарына жіберген хатында көрінеді, онда кеңесшіл әйелдердің « аймақтық, аудандық кеңестерін, қоғамшыл әйелдердің ауылдық мәжілістерін өткізіп олардың назарын Кеңестердің сайлау науқанына аудару туралы және бұл іске ауылдың, кишлак пен деревнялардың әйелдерін кеңінен тарту туралы айтылады. Сонымен қатар, Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлттардың еңбекші әйелдерін де аталған істерде кеңінен қамту мәселесі қарастырылған.

Әйтсе де 20 – жылдардың басында партиялық ықпал барынша әлсіз еді. 1921 жылдың сәуірінде өткен ІY Әулиеата уездік – қалалық конференциясында «…Уездік партия ұйымының тым әлсіздігі, партия жұмысының уезде де, қалада да әлсіз екендігі, Уқалкомның жетекшілік ролінің жоққа тән екендігі, онсыз коммунистік ұйымдар мен басқа да партия ұйымдары күнін көре алмай кететіндігі… Уқалкомға мынадай ұсыныстар: «…қала мен уезде коммунистік бастауыш ұйымдарын құруға барлық күш-жігерді жұмсауды, ал коммунистік фракциялардың кәсіподақтары жанынан жастарды, мұсылмандар мен орыстар одағын және әйелдерді қоса отырып сенбіліктер ұйымдастыру қажеттілігі айтылды.

Бұдан кейінгі кезеңдерде бастауыш партия ұйымдары мен партия ұяшықтары орта деңгейдегі аппараттың қырағы көзқарасымен жұмыс істеді, дегенмен мұндай бақылау орталық партия органдарының бағытынан айнымауға кепілдік бере алмайтын еді.

Дәл осындай алмағайып кезеңде қазақ әйелдері арасынан қоғам қайраткерлері де шыға бастады.

Сондай есімі тарихта қалған қыздардың бірі – Нағима Ыдырысқызы Арықова (1902-1956) Верный қаласында шаруа отбасында дүниеге келіп, Семейде губерниялық кеңес-партия мектебін, Мәскеудегі Марксизм-Ленинизм курсын бітіріп, әйелдердің коммунистік қозғалысының белсенді мүшесі болған. 1923-шы жылы Қарқаралы уезінде уездік партия комитетінің әйелдер бөлімінің меңгерушісі, 1924 жылы Орынборда Қыробкомның әйелдер арасындағы жұмысты ұйымдастырушылардың өлкелік курсының басшысы болды. 1925-1928 жылдар аралығында РКП (б) қазақ өлкелік комитетінің бюро мүшесі және өлкелік әйелдер бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарады. 1937-ші жылдың шілдесінен 1938-шы жылдың тамызына дейінгі уақытта ҚазКСР-і әлеуметтік қамсыздандыру халкомы болды.

Ал, Сара Сәтбайқызы Есова 1903-ші жылы Сырдария облысында дүниеге келген. Қазақ әйелдері арасынан шыққан партия, мемлекет және қоғам қайраткері. 17 жасынан қоғамдық істерге араласқан Сара 1919 жылы Орынбор педагогикалық училищесін бітіргеннен кейін, бірер жылдай мұғалімдік қызмет атқарады. 1922 жылдан РКП (б) қазақ обкомында, кейіннен Түркістан Республикасы комсомолының орталық комитетінде қыздар арасындағы жұмыс жөніндегі бөлімінің меңгерушісі болып қызмет атқарады. 1921-ші жылы Бүкілресейлік ІХ съезге делегат болып сайланады. 1922 – 1925 жылдары Жетісу өлкелік «Тілші» газетінің, кейін «Әйел теңдігі» журналының редакторы болып жұмыс істейді. 1928 жылдан бастап Сара апамыз халық ағарту қызметкерлерінің республикалық комитетін басқарады.

Жалпы, Әулиеата уезі кіретін Сырдария облысында 1924-25 жылдары ауылдық кеңестерді басқарғандардың 11 пайызы әйелдер болса, 1929 жылы бұл көрсеткіш 21 пайызға жеткен. Ал, кілем, алаша тоқу өнерлерін оқытып- үйрету үшін, 1929 жылы республикамызда 109 оқу орны ашылыпты.

Дегенмен, 1928-29 жылдар аралығында бай–кулақтарды кәмпескелеу кезінде ерлерімен қатар олардың әйелдері де жапа шеккені белгілі.Сол кезде кәмпескелеуге ұшыраған отбасыларының талайлы тағдырларына мән берсек, онда Әулиеата ауданында қуғындалған Тілешұлы Ермет жайлы айта кетуге болады. Бұл жөнінде: «Бір кездегі мыңғыраған мал мен ас та төк тірліктен түк қаламағанда, жазған басым, ошаққа асар қазан да таппай қалдым»,- деп еске алады Ермет ағамыздың жұбайы Әсіл апамыз. Осылай, қиын жағдайға душар болған қуғындалған азаматтың жары екі баласына ие бола алмай, оларды 1932 жылғы ашаршылықта қазіргі Т.Рысқұлов ауданынан аш балаларды жинауға бөлінген ат арбаға артып, балалар үйіне өткізген. Алла оңлап, көп жылдардан кейін білім алып, мамандық иесі болған үлкен ұлы Әбдіғұл туған жеріне оралып, анасына қайта қауышады. Ағамыз аталған нәубетті науқанда әлі есін білмеген інісінен балалар үйінде бөліп жібергендіктен көз жазып қалған екен. Ол кісі өмірінің соңына дейін сол кіші бауырын іздеумен болыпты. Бірақ еш нәтиже болмаған.

1936-1937 жылдары Әулиеата уездік оқу-ағарту бөлімінің басшысы болған Сабыр Айтхожиннің де жанұясының көрген азабы аз болмапты.. Ерін тұтқындағаннан кейін Сабыр ағамыздың әйелі Ғайникамал, күйеуінің ақталмасына көзі жетіп, өзіне де қауіп төне бастағанын сезгеннен кейін, үш баласымен бір түнде қашып шығып, Павлодарға барып бой тасалаған.

Ол жақта да күйеуі ақтала ма деген үмітпен басшылардың рақымын күтіп кеңсеге бара қалса, «ә, халық жауының әйелі келдің бе, сені де күйеуіңнің артынан жіберейін бе!», – деген қоқан-лоқының талайын естиді. Ғайникамал апамыздың жоғары білімді мұғалімдік мамандығы бар болатын. Кезінде партия қызметтерінде жұмыс істеп, 1932 жылғы ашаршылықта халықты аштықтан қорғау комитетін де басқарған. Әйтсе де, бұл кісіні еш жерге қызметке алмайды. 15 жасар қызы Сәуленің қара жұмысқа араласуына тура келеді. Осы кезде, республикадағы жауапты қызметкерлердің бірі Нығмет Сырғабеков түрмеге қамалып, оның әйелі Бибісара да халық жауының әйелі ретінде 8 жылға бас бостандығынан айырылады. Олардың соңында қалған сәбилерін Ғайникамал апай, қашып-пысып жүргеніне қарамастан өзінің үш баласына қосып асырайды.

Әрине, кеңестік қатал тәртіп Ғайникамал сияқтыларды жұмысқа алмақ түгілі, олардың балаларын да «халық жауының» балалары деп тұқыртып отырды. Осылай, қуғын-сүргін жылдары тек қана «қылмыс» істегендер ғана сотталған жоқ. Олардың отбасы мүшелері – бірінші кезекте әйелдері де айыпты деп есептеліп, лагерлерден орын алды. «Отанын сатқандардың» отбасы мүшелері отағаларымен бірге қасірет тартты.

 

Сейдахан Бақторазов- М.Х.Дулати атындағы

Тараз өңірлік университетінің профессоры,

Ж.Баласағұн атындағы Түркістан өлкесін

зерттеу орталығының директоры

Жамбыл облысы ҚХА ғылыми-сараптамалық

тобының мүшесі