Наурыз мерекесіне арналған Ұйғыр этносының мерекелік дастарханы

2022 жылдың 22-наурызында №5 шағынауданының №25- жатақханасының ауласында «Құтты болсын Наурыз-мейрам» мерекелік іс-шарасы өтті. «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің» демекші, бүгінгі   «Қайырымдылық акциясы» ұйғыр этносы өкілдерінің Жамбыл облысына қоныс аударғанына 60 жыл толуына орай Наурыз мейрамын арқаланып өткізілді.

Мерекені атап өту үшін  жылда жиналулары дәстүрге айналған  №24-25 жатақханаларының тұрғындары, Жамбыл облысы мен Тараз қаласы әкімдіктерінің өкілдері, ҚХА, Жамбыл облысы этномәдени бірлестіктерінің, өңірлік РЖҚ «Ассамблея жастары» мүшелері және БАҚ өкілдері жиналды.

Іс-шараның шымылдығы қазақтың салт-дәстүрі «Шашу» шашудан басталды. Жалғасы концерттік бағдарламамен өте жарасымды сүйемелденіп отырды. Өзгелерге үлгі боларлық қайырымды іс-шараның өнер көрсетушілерінің қатарында мектеп оқушылары мен колледж студенттері болып, мерекелік концертке белсенді қатысып, өздерінің шығармашылық үлестерін қосты.  Ұйғыр ағайындар мен жиналған жұртты атаулы мерекемен құттықтаушылар санатында облыстық және қалалық әкімдіктерінің өкілдерімен бірге Жамбыл облыстық ҚХА төрағасының орынбасары Латиф Айдаров та өз жалынды тілегін жеткізіп, ұйымдастырушы бірлестіктің төрайымы Мухабат Абдрахманқызына облыстық ҚХА және «Қоғамдық келісім» ұйымының атынан шексіз алғысын білдірді.

Концерттік бағдарлама жұртшылыққа мерекелік атмосфера сыйлай білді.  Онда мектеп оқушылары мен қалалық гуманитарлық-техникалық колледж білім алушылары тамаша концерттік  нөмірлерімен белсенді түрде ән мен би аралас өнерлерін көрсетті. Әндер мен билерден басқа, мереке қонақтарына Наурыз мейрамымен байланысты ұлттық салт-дәстүрлер туралы айтылып, Қазақ халқының ұннан жасалатын ұлттық бренді – «бауырсақ» тағамына   Ұйғыр дәмханаларының арасында байқау ұйымдастырылды. Бұл таңқаларлық жағдай емес, өйткені бірнеше дәмханалар мен мейрамханалар арасында ең жақсы бауырсақ дайындауға қатысқандар алдында, нәтижесінде, түбі «достық» қасиеті жеңіске жетті. Сондай-ақ, іс-шараның басты тағамы – дайындалу тәсілі екі түрлі «Наурыз көжелер» болды. Жылқының сүрленген қазысының сорпасына пісірілген наурыз көже қазақтың тостағанына құйылып адамдарға таратылғанда дәміне тілі үйірілмеген жан қалмады. Ас дастарханға қойылған сәттен ақсақалдар мен ақ жаулықты аналардан бата алынды.

Сондай-ақ, 1000 адамға дайындалған дәмді палау, кондитерлік тәтті тағамдар, салаттар және керемет бауырсақтардан  мерекеге жиналған қауым  молынан дәм тата алды.  – Екі жыл бойы карантинге байланысты мереке болған жоқ, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиев. – Биыл қаламыздың барлық 11 округінде мерекелік іс-шаралар өткізілуде. Аталған шағын ауданға кіретін № 5 округте мерекені М.Қашқари атындағы Ұйғыр этномәдени бірлестігі ұйымдастырды. «Қайрат» пәтер иелері кооперативі Тараз қаласының барлық пәтер иелерінің кооперативі атынан Дүйсенбек Қожахметов үнемі атсалысады. Баршаңызға денсаулық, ашық аспан және Қазақстан халықтарының бірлігінің  өркендеуін және мызғымауын  тілейміз!  

Іс-шара соңы Ұйғыр орталығының басшысы Мухабат Абдрахманқызын қалалық әкімдік атынан  Алғысхатпен марапаттаумен басталып, бірлестіктің қоғамдық жұмыстарына атсалысып жүрген басқа да белсенді мүшелерін қосымша марапаттаумен және әсем әнмен аяқталды.

Игілікті шара осы жолы ерекше форматта өткенімен мәнді, мағыналы болды. Әдеттегідей көмек десе жанұшырып жүгіре кететін Ассамблея жастары да бұл игілікті іске бар жігерлерін салып қол ұштарын берді. Көңілді концерттік бағдарламамен астарласып, жетекшісі Хамида Тұрдыева бастаған ассамблея жастарымен біріге өткізілген қайырымдылық шара жиналған жұрт алдында ұйғыр бауырластардың  мерейін үстем етіп, игілігіне бөледі.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз қызметі орталығы