МЕРЕКЕНІҢ САЛТАНАТТЫ СӘТІ

Мерекеге орай ұйымдастырылған салтантты жиындар легі «Алғыс айту – адамгершіліктің белгісі» атты іс-шараға ұласты. Меркелік кеш Ассамблеяның құрылған күніне байланысты мұрағаттан жиналған бейнероликтер көрсетілі және А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театры әртістерінің «Халықтың алғысы – Ұлы марапат» атты театрландырылған қойылымымен басталды.

Жиында Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Нұржан Календеров өңірлік «Қоғамдық келісім» КММ және қоғамдық бірлестіктер жұмысына тоқталып, мерекеге орай көрермендерге алғысын арнады.

Нұржан Сәбитұлы өңірдің дамуына, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін Жамбыл облысы әкімінің Құрмет грамоталарымен білім саласының ардагері Райкүл Омарова, «Қазақтелеком» АҚ Жамбыл облыстық филиалының Байзақ желілік жол техникалық шеберханасының 7 санатты электр слесарі Дәулет Молданбаев, «Жамбыл су» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының зертхана меңгерушісі Эльмира Сейдалина, Тараз қаласындағы No26 орта мектептің директоры, «Днепро» Украйн мәдени орталығының мүшесі Тарас Леоненко марапатталды.

Ал, «Жамбыл облысының мүгедектерін әлеуметтік қорғау» қоғамдық бірлестігінің әлеуметтік қызметкері Нұрпатша Алданова және Жамбыл облысының «Хазар» әзірбайжан этномәдени орталығының мүшесі Мамед Мамедов – облыс әкімінің алғыс хаттарына ие болды.

Марапаттау рәсімінен кейін К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының, Жамбыл және Абай атындағы жоғары гуманитарлық колледждердің, «Бақытты болашақ» оқушылар сарайы және этномәдени бірлестіктер нерпаздарының қатысуымен өткен мерекелік концерт ұсынылды. Қатысушылар вокалдық және хореографиялық нөмірлерде өнер көрсетті.

Мерекелік кеш соңы «Мен сені сүйемін – Қазақстан!» атты Жамбыл облысы этнос өкілдерінің әнімен аяқталды.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі