МЕРЕЙТОЙ ИЕСІНЕ ҚҰРМЕТ

Адам баласының өмірдегі ең айтулы да керемет шақтарының бірі – бір белестен екінші белеске жеткен сәті.

Осындай айтулы сәт – белгілі бар жасқа жеткенде тойланатын мерейтой.

Облысымыздағы этномәдени бірлестік өкілдерінің қуанышына ортақ болу – жыл сайынғы дәстүрге айналды. Бүгін де Тәжік этномәдени бірлестігінің Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Пірімқұл Назарқұлов 90 жасқа келіп отыр.

Осыған орай, 2023 жылдың 15 мамырында мерейтой иесін Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил арнайы құттықтап, салтанатты шараның куәсі болды. Ғасырға жуық ғұмыр кешіп келе жатқан өр тұлғаның қуанышына – Жамбыл облысы Тәжік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махкам Орифов, Тараз қаласы Өзбек мәдени орталығының төрағасы Абдурахман Зайнутдинов, Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Мүбәрак Жинақбаева ортақтасып, ақжарма тілектерін білдірді.

Салтанатты шарада мерейтой иесіне арналған сый-сияпаттар табысталды. Мәселен, Жамбыл облысының әкімі, өңірлік ҚХА төрағасы Нұржан Нұржігітовтың атынан Е. Үйсімбаев шапан табыстап, құттықтауын жеткізсе, Қ.Исмаил көркем портретті сыйға тартты. М. Жинақбаева да өз құттықтауын білдіріп, қарияның иығына ұлттық шапан жапты.

Сонымен қатар, Н.Пірімқұловтың мерейтойына келген жақындары мен дос-жекжаттары да жылы лебіздерін білдірді.

«Ақпараттық жұмыс және қоғаммен байланыс» бөлімі