Менің жаңа Қазақстаным

Бүгін, 2022 жылдың 25 мамырында Тараз қаласының  Достық үйінде Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен, Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасы Тараз қаласының білім бөлімінің №45 «Балбұлақ» бөбекжай-бақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық мекемесінің қолдауымен «Менің Жаңа Қазақстаным»  атты іс-шара өтті.

Іс-шараның белсенді қатысушылары аталмыш бала-бақшаның тәрбиешілері мен тәрбиеленуші бүлдіршіндері, олардың  ата-аналары  және Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері болды.

Аталған іс-шара Қазақстан рәміздері күніне 30 жыл толуы, «1маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай  және  өңірлік Қазақстан халқы ассамблеясының  «Жаңа Қазақстан бөбектері» облыстық жобасы шеңберінде  ұйымдастырылды.

Қазақстан халқы Ассамблеясының былтырғы жылғы кеңейтілген отырысында Қазақстан Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өскелең ұрпаққа патриоттық тәрбие беруді, Қазақстан этностары туралы мектепке дейінгі кезеңнен бастап бүлдіршіндерге өз  деңгейлеріне шақ дәріс беруді міндеттегендіктен, бала-бақшадан бастап балалармен жұмыс істеуге бағытталған «Ассамблея бөбектері» республикалық пилоттық жобасын қолға алу сөз болған болатын.

Осы жобаның негізінде өңірлер арасында ең алғашқылардың бірі болып өткен жылы Жамбыл облыстық «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі Ел Президентінің бұл ұсынысын  назарға алып, Қазақстан Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай,  «Ассамблея бөбектері – тәуелсіз елдің жаңа ұрпақтары» деген тақырыппен іс-шара өткізген. Ал   биылғы  жылы  елімізде жүріп жатқан жаңа өзгерістерге қатысты облыстық ассамблея жобаның атауын «Жаңа Қазақстан бөбектері» деп  өзгертіп өткізуді жөн көрді. Іс-шараның шымылдығын     “Қоғамдық келісім” КММ басшысы Парида Мамедова ашып, жиылған жұртқа өзінің құттықтауын арнады.

Бұл іс-шараның мақсаты«Қазақстан рәміздері», «Балаларды қорғау күні» және  «Жаңа Қазақстан бөбектері» жобасы бойынша достық үйі мен  ассамблея, этностар деген ұғымдар жөнінде бүлдіршіндердің   түсініктерін бекіту, оларға  ассамблея, бейбітшілік, достық, бірегейлік деген түсініктердің не екенін кішкентай кездерінен саналарына сіңдіріп тәрбиелеу, оның әлеуметтік мәнділігін ұғындыру және балақайлардың түрлі іс-шараларда өнерлерін көрсету белсенділіктерін арттыру, балаларды өзін-өзі тануға, өзін құрметтеуге үйрету, өзін жеке тұлға ретінде көрсете білуге тәрбиелеу, патриоттық сезімдерін қалыптастыру, халық бірлігін нығайту, этносаралық ынтымақты сақтау болды. Осы орайда №45 бөбекжай-балабақшасы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны тәрбиеленуші сәбилерінің белсенді қатысуымен мерекелік концерттік бағдарлама өтті. Онда вокалдық, хореографиялық билер, патриоттық әндер, тақпақтарды мәнерлеп оқу ұсынылды. Балалар Қазақстан Республикасы рәміздерінің  30 жылдығына арналған және достық, бірлік, отан туралы өлеңдерін оқып, әр ұлттың киімін киіп, өздерінің этносымен таныстырып, өнерлерін ортаға салды.  Олардың қатарында балалар оркестрі, хоры,  бишілер мен әншілер тобы «Бейбіт ел тұрғыны» әні, «Ағайынбыз бәріміз», «Бейбіт елім», «Достық», «Қуыршақ», «Қазақстан халықтарының билері», «Ақ көгершін» би, әндерімен көрермендердің көзайымына айналды.

Мерекелік кездесу соңы аталмыш мекемелердің бір-бірін салтанатты марапаттауымен, сыйлықтарды тапсыруымен және көңілді фотосессиямен аяқталды. Достық үйінің басшысы Парида Иманжанқызы мен мекеме қызметкерлері балалардың өнеріне риза боп, кішкентай бүлдіршіндер мен соларды дайындап әкелген бала-бақша басшысы мен тәрбиешілеріне, ата-аналарына зор алғыстарын білдіріп, аталмыш бала-бақшаның меңгерушісі Динара Салемова, әдіскер Алтынкүл Азимбаева, психолог Гаухар Шеңгелбаева, тәрбиешілер Шолпан Ануарова, Мария Абжетова, Гүлбахира Дихамбаева, Майрамкүл Исхаковаларды, музыканттар Назым Өміртай мен Ақерке Әдірасылға алғысхаттар табыстап, 40 өнерлі балапанға «Магнат» компаниясының балмұздақтары мен «Түрік халықтарының ертегілері» кітаптарын және Достық үйінің суреті бейнеленіп тоқылған  кілем сыйлады.  Сондай-ақ, №45 бөбекжай-балабақшасының бас әдіскері Алтынкүл Әзімбаева да осындай атаулы іс-шараны ұйымдастырған «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Парида Мамедова мен Баспасөз орталығы, Көпшілік іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің қызметкерлеріне алғысхаттар тапсырып, балалардың қолымен жасалған өнер туындыларын сыйға тартты.

Балалардың күлкісі мен амандығы – өмірдегі ең құнды нәрсе! Қуаныштан жүздері бал-бұл жанған балақайлар – жаңа Қазақстан бөбектері бала-бақшаларына ризашылықпен тарқасты.

Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы