Мен сүйетін ең керемет сөз – «айналайын» сөзі

Ана тілің, арың бұл

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте, – деп Қадыр Мырзалиев ағамыз айтқандай, қазақ тілін жанындай сүйетін, аса қастерлейтін, мемлекеттік тілім деп жауапкершілігін сезіне білетін Ұйғыр ұлтының қызы мен – Мухаббатпын!  Қазақ жеріндегі 140-тан астам ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақ астында жинап, бейбіт өмір сыйлап, өсіп-өркендеп қанат жаюына бар мүмкіншілікті жасаған Елбасы мен өзінің халыққа деген 3-Жолдауында мемлекеттік тілдің қадірін білуге шақырған ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа мың алғыс айтқым келеді.

Жері кең, елі бай, қазба-байлықтары мол, әсем қалалары алыстан көз тартатын, табиғаты сұлу, дархан пейілді қазақ жерінде туып өскенім үшін шын бақыттымын! Қазақ тілінің ерекшелігі, ондағы кей сөздер әлемнің ешбір тіліне аударылмайтын, аударған күннің өзінде мағынасы дәл қазақ тіліндегідей болмайтын ғажап сөздері бар ерекше тіл. Мен сүйетін ең керемет сөз ол – “айналайын” сөзі. Әке-шешем маңдайымнан иіскеп, “айналайын” дегенде өзімді әлемдегі ең бақытты бала сезінетінмін.

Қазақ тілі – шексіз бай, шұрайлы, рухани таза, Абай әрлеген, Жамбыл жырлаған, мәңгілік елдің, мәңгілік тілі!

Мухаббат Алеханова,

Жамбыл облыстық Ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі,

облыстық “Jambyl.tv” телеарнасының қызметкері