МЕМЛЕКЕТТІК РӘМІЗДЕР – ЕЛ МАҚТАНЫШЫ

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Жамбыл облыстық ҚХА өкілдерінің қатысуымен Шу ауданының білім беру ұйымдарында бірқатар іс-шаралар өтті.

Абай атындағы және Мұқағали Мақатаев атындағы мектептерде, №10 колледжде мемлекеттік рәміздерді насихаттауға және ұлтаралық қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған шаралар ұйымдастырылып, оған Тараз қалалық Өзбек мәдени орталығының төрағасы, облыстық ҚХА Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Абдурахман Зайнутдинов қатысты.

Жиында қатысушыларға А.Зайнутдинов мемлекеттік рәміздердің пайда болу тарихы төңірегінде тың мағлұматтар айтып, баяндама жасады.

– 1992 жылғы 4 маусымда «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік рәміздер туралы» Конституциялық Заңы бекітілді. Мемлекеттік рәміздер – еліміздің рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін жеткізетін ерекше құнды белгілер. Аталған нышандарды қадірлеп-қастерлеу әрбір азаматтың асыл борышы, – деп атап өтті.