Мектеп оқушылары Достық үйінде

Өзі елінің ана тілін, мәдениетін, әдебиетін, тарихын

білмеген адамды мәдениетті адам деуге келмейді.

Мұхтар Әуезов.

Тәуелсіздік алғаннан бері жаңа Қазақстан өзінің дербес даму жолын таңдап, жылдан жылға әлемдік қоғамдастықта барған сайын зор құрмет пен беделге қол жеткізіп, алға қарай нық сеніммен ілгерілеп келеді. Болашағымыз – жастар! Жастарға деген сенім жолында біз бар күшімізді аямай қолда барымыз, яғни, көзіміздің қарашығындай сақтап келе жатқан мәдениетіміз, әдебиетіміз, тарихымыз, салт-дәстүріміз сияқты ұлттық құндылықтарымызды келер ұрпаққа тиянақты тапсыруды мақсат-міндет етіп, сол жолда аянбай еңбек етудеміз. Жас ұрпақтың санасына ең бастысы – ел тыныштығы мен ынтымағын сақтауды дәріптеп келеміз.

Осыған орай, ағымдағы жылдың маусым айында Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 30 жыл толуы қарсаңында, Тараз қаласының шетіндегі – «Шөлдала» саяжайында орналасқан №59 орта мектептің бастауыш сынып оқушылары қаламыздағы сәні мен сәулеті келіскен Достық үйіне саяхат жасады.

Бұл экскурсияның мақсаты – жастардың өз еліне деген мақтанышы арқылы қазақстандық патриотизмді, белсенді өмірлік ұстанымын тәрбиелеу болып табылады. Осыған сәйкес алыстан мен мұндалап тұратын достық пен бірліктің символы – күмбезді Достық үйі мен татулық пен тыныштықтың нышаны – бірегей ассамблея тақырыбына терең қызығушылық танытқан бүлдіршіндер ғимаратқа кіре салысымен айналаға көз тастап қызыға қарап, баспалдақтан баспалдаққа секіріп жоғарыға бірінің артынан бірі жүгіре кетті.

Оларды Жамбыл облысы әкімдігінің ІСБ «Қоғамдық келісім» КММ, әрі Достық үйінің басшысы Парида Мамедованың өзі қарсы алды. Парида Иманжанқызы ғимараттың үшінші қабатында орналасқан дөңгелек үстелге оқушыларды жайғастырып, осы жердегі әрбір орындықтың өзі тарихтан сыр шертетінін айтты: -“Сендер отырған осы орындықтарда Елбасымыз – Нұрсұлтан Назарбаев, дипломат, елші – Мұрат Әуезов т.б. елімізге ерен еңбегі сіңген ұлы тұлғалар отырған. Сендердің де сол ағаларымыз секілді мықты қайраткерлер, өз елінің жанашыр азаматтары болуларыңа тілектеспін!” – деді Ол. Бұдан соң, жас жеткіншектерге қоғамдық келісім қызметінің қыр-сыры мен облысымызда тұратын түрлі этнос өкілдері туралы айтып берді.

Осыған қоса, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев пен Елбасымыздың әділетті саясаты мен жобалары арқылы біздің ірі жетістіктерге жеткеніміз де айтылды. Бұған қоса, ассамблея дегеніміз не, оның атқаратын міндеті қандай, ассамблеяға кімдер мүше бола алады, этнос, этномәдени бірлестік дегеніміз не деген сауалдар төңірегінде де оқушылардың өз деңгейіне қарай кішігірім дәріс берілді. Сондай-ақ, оқушыларға облыстық ассамблеяның арнайы Құрмет тақтасында тұрған еңбегі сіңген этномәдени бірлестік төрағаларының фотосуреттері көрсетіліп, олардың жұмыстары таныстырылды.

Өздеріне бір тың дүние ашып, «ассамблея», «достық үйі» ұғымдарынан хабардар боп шыққан балақайлар қуаныштан жүздері бал-бұл жанып, «Достық» ордасынан әсерлі көңіл-күймен шықты.

Танымдық экскурсияның соңы көңілді фотосесиямен аяқталды.

Жамбыл облысы әкімдігінің

Ішкі саясат басқармасының

«Қоғамдық келісім» КММ

Баспасөз қызметі орталығы

#ҚРтәуелсіздігіне30жыл