Медиаторларға арналған семинар-тренинг

-18

«Қоғамдық келісім» коммуналды мемлекеттік мекемесінде облыстық ассамблея жанындағы медиация кабинетінің медиация мектебі кәсіби емес медиаторларға арналған семинар-тренинг өткізді.

Семинар жұмысына ҚХА мүшелері,  мемлекеттік мекемелердің,  этномәдени бірлестіктердің және аудандық қоғамдық құрылымдардың өкілдері, БАҚ қатысты.

Іс-шара мақсаты –медиативті құзырлылықпен таныстырып оқыту, медиация институтының дамуына үлес қосу, әлеуметтік және құқықтық дау-дамайлардың алдын алып, шешу, сонымен қатар халықтар арасында бірегейлік пен бірлікті нығайту жолында ынтымақтастықпен жұмыс атқару.

Семинар-тренинг дәріскерлерінің бірі,  «Паритет» медиация және құқық орталығының директоры К.Данабаева өз сөзінде: «Медиация біздің елімізде ресми мәртебеге 2011 жылы ие болды. Жалпы медиация дегеніміз – тараптардың ерікті келісімі бойынша жүзеге асырылатын, олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында медиатордың  жәрдемдесуімен тараптар арасындағы дауды  реттеу рәсімі, оны тараптарды өзара келістіру тәсілі немесе мәмілегер, бітімгер деп түсіну абзал»,- деді. Ол қатысушылар арасында «Кәсіби емес медиаторларға арналған оқу бағдарламасы» тақырыбында сабақ жүргізді.

Іс-шара барысында медиатордың көмегімен тараптар арасында дау-дамайды реттеудің рәсімдері аясында рөлдік ойындар ойналды. Заңгер – құқықтанушы, заң ғылымының магистрі А.Қадырқұлов медиацияны қолданудың түрлері, шарттары мен салалары туралы кеңінен таныстырып өтті.

Семинар жұмысының соңында барлық қатысушыларға арнайы сертификаттар табыс етілді.