Мәжіліс депутаты тараздық химиктермен кездесті

8

Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясынан ҚР Мәжілісіне депутат Шакир Хахазов жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болды.

Тараздағы сапарын халық қалаулысы облыс орталығының тарихи орындары «Қарахан» мавзолейі, «Көне Тараз» ашық аспан астындағы археологиялық парк пен жаңадан құрылысы жүріп жатқан «Бейбітшілік пен келісім» үйімен танысудан бастады.  Ш.Хахазов «Салтанат» мөлтек ауданындағы «Нұрлы жол» бағдарламасымен салынып жатқан, жаңа құрылыс нысандары, 1000 орындық №30 орта мектеп пен 280 орындық бала бақша нысандарында да болып қайтты. Сондай ақ, Мәжіліс депутаты қаланың инфрақұрылымдық жұмыстарының күз-қыс айларына дайындық мәселелеріне тоқталып өтті. Оған мысал ретінде «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша Б.Момышұлы мен Сейфуллин атындағы көшелерінің жылу магистральдарының қайта жөндеуден өтіп жатқандығы көрсетілді.

Жұмыс сапарының басты бір тармағы болып Тараз қаласынан 12 шақырым жерде орналасқан ірі кәсіпорын «Жаңажамбыл фосфор зауыты «Казфосфат» ЖШС-н аралауы болды. Мәжіліс депутаты Шакир Хахазовпен бірге бұл сапарда Жамбыл облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева  мен «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы   Кенжебек Олжабай еріп жүрді.

Бірінші кезекте Мәжіліс депутаты сары фосфор  шығаратын №5 цехта болып, рудотермиялық пешті пультпен басқаратын бөлмеде болып зауыт басшыларымен және жұмысшылармен кездесті.

Одан кейінгі кездесу зауыттың конференц-залында өтті. Мәжіліс депутаты Ш.Хахазов және басқалар қайта құрылған қоғамдық келісім Кеңесінің төртінші отырысына қатысып отыр, оған Қазақстан Республикасының Еңбек Ері, «Казфосфат» ЖШС бас директоры Мұқан Ескендіров төрағалық етті. Мәжіліс депутаты аталған кеңес отырысында жаттанды баяндамалардан қашық болып, өздерін мазалап жүрген ойларымен ашық әңгіме кезінде бөлісуіне ниет білдірді. Отырыста қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері «Нұр Отан» партиясы бастауыш партия ұйымының хатшысы Арман Қарағалиев, зауыттың кәсіподақ комитетінің төрағасы Шахтыбай Байғанов, қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары, «Казфосфат» ЖШС-нің қаржы және ұйымдастыру жұмысы жөніндегі басқарма төрағасының орынбасары Нүрзия Лесбекова және басқалалар шығып біраз мәселелерді қозғады.

Ш.Хахазов жамбылдықтар көтерген мәселелердің барлығы дерлік ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына жеткізілетінін және оның шешілуі жеке бақылауында болатынын айтты. Іссапар барысында Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланған мәжіліс депутаты Жамбыл ауданындағы Жалпақ төбе ауылының, дүнген этносы көптеп мекендеген Қордай ауданының бірнеше ауылдарындағы сайлаушыларымен кездесті.

Жамбыл облысы әкімі аппаратының

«Қоғамдық келісім» КММ баспасөз-қызметі.