«Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт»

Ағымдағы жылдың 2-желтоқсанында Тараз қаласындағы «Қоғамдық келісім» КММ-де «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында, «Ұрпақ тәрбиесі және белсенді қоғам» тақырыбында Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Жамбыл облысы ҚХА Аналар кеңесінің жетекшісі Мухабат Миражапова «Қазіргі заманғы әйелдің жеке басын қалыптастырудағы мәдениеттің рөлі» атты тақырыпта әңгіме өрбітті. Сонымен қатар, «Аналар кеңесінің» жылдық жоспарын қорытындылай келе:

-Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, материалдық және моральдық-психологиялық қолдауды қажет ететін аналар мен балаларға көмектесуге әрқашан дайын болғаны үшін Аналар кеңесінің барлық аналарына алғысымды білдіремін. Көптеген әйелдерге АӘК құжаттарын ресімдеуге, туу туралы куәлік алуға, жұмысқа орналасуға, азық-түлік көмегін көрсетуге көмек көрсетілді. Әрине, бұл біздің жұмысымыздың шағын мысалдары ғана, – деді Мухабат Сайдуллақызы.

Бұдан әрі көп балалы ана, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аналар кеңесінің төрағасы Ардақ Жантаева ұйымның жастарды әлеуметтендірудегі рөлі туралы айтып берді.

Сондай-ақ, облыстық Дағдарыс орталығының директоры Жамал Қалыбекова «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ» атты баяндама жасады.

Қатысушылар тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көрсетілетін көмек түрлері туралы білді.

Ал полиция қызметкері, сондай – ақ көп балалы ана Диляфруз Кенжеханова іс-шараға қатысушыларды қазіргі уақытта өткізіліп жатқан «Зорлық-зомбылықсыз 16 күн» республикалық акциясымен таныстырды, оның мақсаты – отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Бұған қоса, қатысушылар үшін Тараз қаласының №7 мектеп – гимназиясы директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Юлия Басистюк және Жамбыл облыстық Немістер қоғамы мүшесі Евгения Кобер «Барлығы отбасынан басталады: бала және қоғам, қарым-қатынас мәдениеті» және «коммуникативтік, командалық дағдыларды дамыту» атты қызықты тренинг-практикум ұйымдастырды.

Айта кеткен жөн, биылғы жылғы облыстық Аналар кеңесінің қатары аудандардағы өзге этнос өкілдерінің жас аналарымен толықты. Олар өте белсенді және тың идеяларға бай екенін биылғы жылы атқарылған жұмыстар барысында байқатты.

Шара соңында Аналар кеңесінің төрағасы Мұхабатхон Миражапова ҚР Президентінен Құрмет грамотасымен марапатталып, кеңестің белсенді мүшелері Жамбыл облысы ІСБ басшысы Алмас Садубаевтың алғыс хатын алды.

«Қоғамдық келісім» КММ Баспасөз орталығы