Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы туралы

Конго Қырым геморрагиялық қызбасы табиғи ошақты аурулар қатарына жатады. Аурудың қоздырғышы вирус табиғатта жануарлар арасында үнемі айналыста болуына байланысты ауруды мүлдем жойып жіберу мүмкін болмағандықтан табиғи ошақта орналасқан елді мекендерде ауру орын алып жатады.

Аурудың белсенді табиғи ошағында орналасқан Тараз қаласы және Байзақ, Жамбыл, Талас, Мойынқұм, Сарысу аудандарының елді мекендерінде аурудың алдын алу шаралары жүйелі түрде жыл сайын жүргізіледі. Жылда облыс әкімінің алқа отырысында осы ауру бойынша эпизоотиялық және эпидемиологиялық жағдайы қаралып, облыс әкімінің қаулысымен табиғи ошақта атақарылатын іс-шаралар жоспары бекітіледі.

Ауруға қарсы іс-шараларды облыстық ветеринариялық және денсаулық сақтау басқармаларының, қоғамдық денсаулық сақтау департаментімен Жамбыл облысы бойынша обаға қарсы станциясының, жергілікті әкімшіліктердің қызметкерлері өзара бірлесе iс-қимыл жасауымен орындалады. Атқарылатын іс-шаралар малдар мен қора – жайларды кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын, қолайсыз елді мекендердің айналасына санитарлық-қорғау аймақтарын құруды қамтиды. Табиғи ошақтағы эпизоотиялық – эпидемиологиялық жағдайды тұрақты жағдайда ұстап, ауру деңгейін төмендету шараларын жүргізуде ветеринария және медицина, жергілікті әкімшіліктердің қызметкерлерімен бірге тұрғындарда атсалысулары тиіс.

Кенеге қарсы іс-шаралар жыл басында алдын ала жоспарланған жоспарға сәйкес және табиғи ортадағы кененің белсенділігіне қарай көктем мезгілінде екі кезеңде, күз мезгілінде бір рет жүргізіледі.

Ветеринариялық іс-шаралар аурудың табиғи ошағындағы ауыл шаруашылығы жануарларының денесіндегі, қора-жайлардағы және буферлік аумақтағы кенелерді жоюға бағытталған. Бұл жұмыстарды жергілікті атқарушы органдар атқарады. Сонымен қатар, жергілікті әкімшіліктер тұрғындармен эпидемилогиялық кезеңде кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстарын жүргізу алдында бір апта бұрын ауыл мен қала аймағын, жеке қора – жайларды (қи қоқыстан тазалау) жұмыстарын жүргізіп, аталған нысандарды залалсыздандыруға дайындайды. Ал тұрғындар өз кезегінде ветеринар мамандарға малдар мен мал қораларын кенеге қарсы химиялық улармен дәрілеу жұмыстарын атқаруға мүмкіндік жасап, ауыл шаруашылық малдарын арнайы тоғытпалардан дәрілеуден өткізуге қатысулары тиіс.

Әрбір азаматқа кенеден сақтану үшін ақшыл түсті жеңі ұзын жейде, шалбар киюге, мал арасында, мал қорада, табиғатта аясында болғаннан кейін сырт киімдеріңізді қарауға, ауруды жұқтырмау мақсатында жануарға күтім жасағанда, жануарды сойғанда, мүшелегенде, тасымалдаған және өткізген кезде олардың қанымен, терісімен жанасқанда сақтандыру киімдерін пайдалануға кеңес береміз.

Жамбыл облысы бойынша облыс әкімдігінің «Конго – Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағында қоныстанған Сарысу, Талас, Мойынқұм, Жамбыл, Байзақ аудандары мен Тараз қаласының тұрғындарын қорғау жөніндегі 2019 жылға арналған бірінші кезектегі шаралар туралы» № 17 қаулысы ағымдағы жылдың 4 ақпанында бекітілді.

2019 жылы облыс бойынша 48 елді мекенде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетін болады. Байзақта-8, Жамбылда-4, Мойынқұмда-13, Таласта-7, Сарысуда-11, Тараз қаласында-5 елді-мекен.

Эндемиялық аудандарда Конго – Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошағындағы қоныстанған тұрғындарды қорғау бойынша жұмысты  үйлестіру  штабы және бірінші кезекті іс – шаралар жоспары  қолданысқа енгізілді.

Кестеге сәйкес кенеге қарсы жұмыстардың көктемгі 1 кезеңі сәуір айының 15-19 аралығында басталды. Жоспарға сәйкес ағымдағы жылы 48 елді-мекенде көлемі 3 631 242  шаршы метрді құрайтын 14 242 қора-жай залалсыздандырылып, 484 078 бас ауыл шаруашылығы жануарлары (оның ішінде МІҚ – 68 772 бас, ұсақ мал – 408 291 бас) кенеге қарсы дәріленіп, 629 716 шаршы метр 348 буферлік аумақ (мал суаттары, мал үйездетін орындар, елді мекен төңірегіндегі бұталар) залалсыздандырылады.

Ағымдағы жылдың 2 мамырына табиғи ошақ аумағында  2 427 982 шаршы метрді құрайтын 9884 қора-жай және 320 392 шаршы метр болатын 263 буферлік аймақ залалсыздандырылып, барлығы 309 960 бас ауыл шаруашылығы жануарлары (оның ішінде МІҚ- 36125 бас, ҰМ-262 934 бас, жылқы-9007 бас, түйе – 1345 бас, шошқа- 90 бас, ит – 459) кенеге қарсы дәріленді. Залалсыздандыру жұмыстары жалғасуда.

Жалпы Конго Қырым геморрагиялық қызбасына қарсы облыс көлемінде алдын алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.